1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық ставкасы туралы ҚРҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі

Ұлттық Банктің базалық ставкасы туралы ҚРҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі 

2023 жылғы 6 қазан, Астана

 

Құрметті журналистер!

Қайырлы күн!

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер!

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық ставканы 16%-ке дейін немесе 0,5 проценттік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады.

Шешім инфляциялық процестердің оң динамикасын ескере отырып қабылданды. Жылдық инфляция белсенді түрде баяулап келеді. Базалық инфляция мен маусымдық факторды ескермейтін инфляция көрсеткіштері тұрақтана бастады.

Инфляциялық күтулер құбылмалылығын сақтап, жоғары деңгейде қалыптасуда.

Сыртқы инфляция баяулап, оң қалыптасты. Осыған азық-түлік нарығындағы әлемдік бағалардың төмендеуі мен орталық банктердің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету саясаты ықпал етіп отыр.

Алайда, кейбір тәуекелдерге назар аударған жөн. Атап айтқанда: әлемдегі базалық инфляцияның тұрақтылығы, бірқатар сауда-серіктес елдер тарапынан инфляциялық қысымының артуы, мұнай бағасының жаһандық инфляцияға әсер етуі және геосаяси тәуекелдердің күшеюі.

Экономикамызда фискалдық ынталандыру мен тұрақты ішкі сұраныс бағаға қысым көрсетіп отыр. Бұл жоғары инфляциялық күтулермен бірге тұрғын үй коммуналдық қызметтері (ТКҚ) мен жанар-жағармай (ЖЖМ) бағаларының өсуінен болатын жанама әсердің қалыптасуына мүмкіндік береді. Бұрын ол теңге бағамының оң динамикасымен белгілі бір дәрежеде тоқтатылып отырған болатын.

Бағаның өсу тәуекелдеріне биыл бидай өнімі болжамдарының нашарлауы салдарынан азық-түлік құнының айтарлықтай өсу ықтималдығы қосылды.

Осы жағдайда біз алдында айтылған Ұлттық Банктің риторикасына сәйкес келетін шешім қабылдаймыз.

Ұлттық Банк дезинфляциялық саясат жүргізуге ұмтылып келеді. Ол өз кезегінде нақты мәнде базалық ставканың сақталуын талап етеді. Яғни, қазіргі инфляция қарқынын шегергендегі ставка экономиканың өсу қарқынынан жоғары.

Өзіңіз білетіндей, 10-12% болжамды дәліздің төменгі шегіне жуық инфляцияның бірте-бірте баяулауы осы шешім барысында базалық ставканы төмендету мүмкіндігін іске асыруға ықпал етті. Сонымен қатар жоғарыда айтылған тәуекелдерге байланысты ставкаларды 2023 жылдың соңына дейін одан әрі төмендету мүмкіндігі айтарлықтай шектеулі.

Біздің басты міндетіміз – инфляцияның тұрақты төмендеуін қамтамасыз ету және оны ортамерзімді таргетте  5%-ға жуық деңгейге дейін тұрақтандыру.

Енді шешім факторларына тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ ЖӘНЕ ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.

Биыл қыркүйек айында жылдық инфляция баяулап, 11,8%-ды құрады. Ұстамды қатаң ақша-кредит саясатына және былтырғы жоғары базаның біртіндеп кетуіне байланысты инфляция төмендеуін жалғастыруда. Оған қоса, айтарлықтай маңызды фактор ретінде тарифтік реформаларға қатысты Үкімет жоспарының толық іске асырылмауын атап өтуге болады.

Осылайша, реттелетін қызметтер тарифінің өсу үлесі жөніндегі деректер 9 айдағы реформаның тек жартысы ғана іске асырылғанын көрсетеді. Реформа әрі қарай жалғасатын болады.

Жалпы, инфляция болжамды диапазонның төменгі шегі – 10-12%-ға қарай қалыптасып келеді. Азық-түлік инфляциясының азаюы мен ақылы қызметтер үлесінің ұлғаюы бір мезгілде байқалды.

Азық-түлік инфляциясы 11,4%-ға дейін баяулады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 12,1%-ға дейін төмендеді. Қызметтер бағасының өсуі тұрғын үй коммуналдық қызметтер тарифінің неғұрлым қалыпты өсу қарқыны аясында 11,9%-ын құрады. Тарифтер біркелкі көтерілмегендіктен, өңірлердің барлығы әлі толық қамтылмады.

Айлық инфляция қыркүйек айында 0,6%-ды құрап, тарихи мәндерден де, біздің таргеттен де едәуір жоғары қалыптасуын жалғастырды.

Базалық инфляцияның, яғни оның тұрақты бөлігінің медианасы маусымдық факторларды ескермейтін айлық деректер негізінде есептеледі. Соңғы алты айда оның мәні өзгеріссіз қалып, 0,7% деңгейінде бекітілген. Тұрақтануына қарамастан, ол таргеттен жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Бұл жағдайда инфляцияны төмендету үрдісінің тұрақтылығы туралы айтуға әлі ерте деп санаймыз.

Инфляцияның одан әрі баяулауы негізінде фискалдық ынталандыруға және жоғары инфляциялық күтулерге байланысты ішкі тұрақты сұраныспен шектеледі.

Инфляциялық күтулерге келсек, олар тағы да біршама өсіп, жекелеген тауарлар нарығындағы жағдайдың өзгеруіне бейімделді және жоғары деңгейде қалыптасты.

Қыркүйек айында алдағы бір жылға күтілетін инфляцияның медианалық бағалауы 17,0% болды. Сезілетін инфляция көрсеткіші 17,8% деңгейінде қалыптасты. Тұрғын үй коммуналдық қызметтері мен жанар-жағармай бағаларының өсуі респонденттер арасында бұрынғысынша алаңдаушылық тудырады.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР.

Қазақстан экономикасы биылғы қаңтар-тамыз айларында 4,9%-ға өсті. Бұл Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес келеді.

Тұрақты ішкі сұраныс, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және мұнай секторын қалпына келтіру есебінен іскерлік белсенділіктің аясы кеңейді.

Тауар өндірісіндегі өсім 4,4%-ды құрады, қызметтер саласындағы іскерлік белсенділік 4,8%-ға өсті. Инфрақұрылымдық ғимараттардың құрылысын қосқанда, құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсу қарқынын көрсетті.

Сонымен қатар, қыркүйек айының қорытындысы бойынша іскерлік белсенділік индексі жеткізу мерзімдерінің ұзаруы, коммуналдық қызметтердің қымбаттауы және өндірістің логистикалық шығындары себебінен 49,0 құрады.

Өнеркәсіптік сектордағы өндірушілер бағасының өсуі туралы деректер белгілі бір алаңдаушылық туғызуда. Бұл тұрғын үй коммуналдық қызмет реформаларының жанама әсері пайда болу қаупін жоғары көрсетуі мүмкін.

2023 жылғы қаңтар-тамыз айларында бөлшек тауар айналымы жылдық мәнде 7,3%-ға өсті. Бұл халықтың кредит алуының, тұтыну тауарлары импортының өсуімен қатар ішкі сұраныстың тұрақтылығын көрсетеді.

Осымен бірге, ішкі сұранысты қолдауға инвестициялық белсенділіктің кеңеюі, халықтың нақты табысының және трансферттерге жұмсалатын бюджеттік шығыстардың өсуі де әсер етеді. Қаңтар-тамыз айларында негізгі капиталға инвестициялардың артуы жылдық мәнде 12,2%-ды құрады. Ғимарат салу мен құрылысты жүргізу және күрделі жөндеу жұмыстары инвестициялардың негізгі көлемін құрайды.

Ортамерзімді келешекте проинфляциялық фактор ретінде биыл күтілетін бидай өнімі төмендеп, осыған байланысты азық-түлік бағасы өсуі ықтимал. Осы арада, тиісті ведомстволар бұл мәселені бақылауда ұстауы керек деп есептейміз.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.

Сыртқы секторда жаһандық инфляцияның жалпы күтілетін баяулауына қарамастан жекелеген проинфляциялық факторлар мен тәуекелдер рөлінің күшейгені байқалады.

Әлемдегі базалық инфляция көрсеткіштері әлі де тұрақты болып, орнатылған нысаналы бағдарлардан жоғары мәндерде қалыптасуда. Сондықтан, инфляциялық процестердің тұрақтылығы дамыған елдердегі ставкалардың төмендеу мерзімін ығыстырып, орталық банктердің тежеуші саясатының күшеюіне алып келеді.

Монетарлық саясаттың қатаңдауы, мұнай бағасының өсуі, жоғары инфляция және экономикалық белгісіздікдің сақталуы аясында жаһандық іскерлік белсенділіктің төмендегені байқалады.

Сонымен қатар, Қазақстанмен басты сауда-серіктес бірқатар елдерде, атап айтқанда, Еуроодақ пен Ресейде инфляцияның нақты динамикасы қалыптасып отыр.

Еуроодақтағы бағаның өсуі күтілген қарқынға қарағанда ақырын баяулап, қызметтер мен тамақ өнімдері бағасының тез өскенін көрсетеді. Осылайша, инфляция бойынша 2023 және 2024 жылдарға арналған болжамдар өсу жағына қарай қайта қаралды. Негізгі ставкалардың жуырдағы өсуінен кейін оның ұзақ уақыт бойы қазіргі деңгейде сақталуы күтіледі.

Ресейдегі инфляция әлдеқайда ұзақ уақыт бойы қатаң ақша-кредит талаптарын ұстап тұруға жағдай жасап, ішкі сұраныстың артуына және рубль бағамының әлсіреуіне байланысты күшейді.

Қытайда экономикалық белсенділіктің жақсару белгілері байқалады. Олар инфляцияның аздап жеделдеуінен және іскерлік әрі тұтынушылық белсенділіктің жақсаруынан көрінеді. Қытайдағы ақша-кредит шарттары ынталандырушы қалпында сақталып отыр деуге болады.

АҚШ-та инфляцияның төмендеу үрдісі баяу екені сезіледі. Тіпті, тамыз айының қорытындысы бойынша инфляция нарық күтулерінен жоғары өсті. Оған негізгі фактор – мұнай бағасының өсуі. Осы жағдайларда Федералды Резервтік Жүйе биыл ставканы көтеру мүмкіндігін жоққа шығармай, ставканы ұзақ уақыт бойы ұстап тұруға ниет білдірді.

Әлемдегі азық-түлік бағасы тамыз айында 2,1%-ға төмендегенін көрсетті. Төмендеу қант бағасының қалыпты өсуі кезінде сүт өнімдері, өсімдік майы, ет және дәнді дақылдар бағасының түсуіне байланысты болды.

Мұнай нарығы оң динамикамен сипатталады. Бұл
АҚШ-тағы шикі мұнай қорының азаюына және Қытайда қуат көздеріне деген сұраныс біртіндеп қалпына келе бастағандықтан, жыл соңына дейін мұнай өндіруді қысқарту туралы ОПЕК+ әрекеттеріне байланысты.

Нәтижесінде қазіргі уақытта мұнайдың құны оптимистік сценарий деңгейіне жақын қалыптасып келеді.

* * *

Қорытындылай келе, инфляциялық процестердегі кейбір оң үрдістерге қарамастан, елдегі тауарлар мен қызметтердің кең ауқымы бойынша бағаның өсуі сақталып отырғанын атап өткен жөн.

Осындай жағдайларда біз бірізділік тәсілді ұстану әдісін сақтап, бұрын айтылған риторикаға сәйкес әрекет етуіміз керек.

Бұған дейін айтылғандай, жылдық инфляция болжамдардың төменгі шегіне жуық траектория бойынша 10-12%-ға бірте-бірте баяулап келеді. Бұл бүгін базалық ставканы төмендету мүмкіндігін іске асыруға ықпал етті. Бірақ сыртқы секторда да, экономика ішінде де проинфляциялық бірқатар тәуекелдің болуына байланысты оны осы жылдың соңына дейін төмендету мүмкіндігін айтарлықтай шектейді. Сондықтан, жыл соңына дейін ақша-кредит саясатын жұмсарту жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін, яғни кемінде 10%-ға баяулаған жағдайда қарастырылады.

Ақша-кредит шарттарының ұстамды қатаң болуы инфляцияны 2023 жылдың соңына дейін 10-12%-дық болжам дәліздің төменгі шегіне жуық төмендетуге сондай-ақ ортамерзімді горизонтта 5%-дық мақсатқа жақын тұрақтандыруға ықпал ететін болады. Ұлттық Банк орын алуы мүмкін ауытқуларға дер кезінде әрекет етуі үшін жылдық инфляцияның таргетке жуықтау траекториясын қадағалайды.

* * *

Құрметті журналистер!

Ұлттық Банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын іске асыруды жалғастырады. Біз инфляциялық таргеттеу режимінің қағидаттарына сүйенеміз. Бұл ретте біз ақша-кредитті және фискалдық саясатты үйлестіруді күшейту үшін Үкіметпен тығыз әрі белсенді қарым-қатынаста жұмыс істейтін боламыз. Біздің бірлескен іс-әрекеттеріміз Қазақстан азаматтарының әл-ауқаты өсуі үшін макроэкономикалық жағдайлар жасауға ықпал етеді деп сенемін. Біз ортамерзімді таргетті 5% көлемінде жеткізе алатынымызды сеніммен айта аламыз.

Ұлттық Банктің басты міндеті – бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету. Біз ортамерзімді келешекте инфляцияны 5%-тік белгіленген мақсатқа жеткізуге барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.

Базалық ставка жөніндегі келесі шешім болжамды раундтың қорытындысына негізделеді. Базалық ставка деңгейі туралы кезекті шешім 24 қарашада Астана қаласының уақыты бойынша сағат 12:00-де жарияланады.

Енді сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге дайынбыз.

511.5 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға