1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2023 жылдың қыркүйек айына арналған жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу

Қыркүйек айында сыртқы нарықтарда жаһандық тәуекел сентиментінің төмендегені байқалды. АҚШ ФРЖ кезекті отырысында нарықтық болжамдарға сәйкес мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады. Бұл ретте, ФРЖ төрағасы мөлшерлемелердің өсуге бейім екенін мәлімдеді. DXY АҚШ долларының индексі қыркүйекте 2,5%-ға нығайып, көтерілу трендін жалғастырды.

Бір ай ішінде дамушы елдердегі валюталар бағамының динамикасы төмендегідей қалыптасты:

АҚШ-та неғұрлым жоғары және ұзақмерзімді пайыздық мөлшерлемелерге қатысты көптеп күтуге байланысты инвесторлардағы жаһандық тәуекел дәрежесінің нашарлауы және доллардың 10 апта бойы нығаюы Оңтүстік Африка рандының қыркүйектегі теріс динамикасына әсер еткен фактор болды. ОАР ұлттық валютасы 0,2%-ға (18,88-ден 18,92-ге дейін) әлсіреді. Қытайдағы жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыс та рандтың әлсіреуіне ықпал етті. Орталық банк мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. Тамыз айындағы инфляция қарқыны жылдық мәнде тежелген;

ФРЖ-ның «мөлшерлемені арттыратын» ақша-кредит саясаты және шикі мұнай бағасының өсуі аясында импорттаушылар тарапынан шетел валютасына сұраныстың артуы үнді рупиясына теріс әсер етті. Қаралып отырған кезеңде үнді валютасы 0,3%-ға (82,79-дан 83,04-ке дейін) әлсіреді. Тамызда инфляция нарықтық күтуден және алдыңғы шілдедегі мәннен төмен болды. JPMorgan 2024 жылғы маусымнан бастап Үндістанның мемлекеттік қағаздарын дамушы нарықтардағы мемлекеттік облигациялардың негізгі индекстеріне (GBI-EM) енгізіп, елдің индекстегі ең жоғары үлесін 10%-ға жеткізеді;

Қыркүйек айының қорытындысы бойынша, Бразилия реалы инфляциялық қысымның баяулауына байланысты базалық мөлшерлемені қатарынан екінші рет 50 базистік тармаққа төмендету жөніндегі Орталық банктің шешімі аясында 1,4%-ға (4,96-дан 5,03-ке дейін) әлсіреді. Оған қоса, ФРЖ-ның қатаң риторикасы Бразилия валютасына қосымша қысым жасады;

Индонезия рупиясы жаһандық тәуекел сентиментінің төмендеуі мен АҚШ қазынашылық кірістілігінің артуы аясында 1,5%-ға (15230-дан 15460-қа дейін) әлсіреді. Орталық банк қыркүйектегі отырысында мөлшерлемені бұрынғы деңгейінде сақтады. Себебі, тамызда инфляция жылдық мәнде жеделдей түскен еді. Елдің өндірістік секторындағы іскерлік белсенділік индексі біршама ұлғайды;

Қыркүйек айындағы үкіметтің рубльді қолдау жөніндегі шараларына қарамастан, Ресей рублі 2%-ға (96,03-тен 97,97-ге дейін) әлсіреді. Мысалы, инфляциялық факторлардың жалғасуына байланысты Орталық банк базалық мөлшерлемені 100 базистік тармаққа көтеру туралы шешім қабылдады. Бірақ Ресей қаржы нарығына Батыс капиталының шектеулі әсеріне байланысты нәтижесі аз болды. Экспорттық баждардың енгізілуі және мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салу да рубльдің динамикасына әсер етті. Бұл өз кезегінде шетел валютасын ұсынуды қысқартуға ықпалын тигізді;

Қаралып отырған кезеңде Мексика песосы 2,2%-ға (17,04-тен 17,42-ге дейін) әлсіреді. Жаһандық тәуекел дәрежесінің төмендеуі, сондай-ақ АҚШ мемлекеттік облигацияларының нақты кірістілігінің артуы песоның әлсіреуіне ықпал еткен негізгі факторлар болды. Бір ай ішінде айырбастау бағамы 1 доллар үшін 17,7 песо деңгейіне жетті. Бірақ Орталық банктің базалық мөлшерлемені сақтау жөніндегі шешімі және мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы ұстап тұру туралы мәлімдемесі тежеуші әсерін тигізді; 

Монетарлық саясатты қатаңдату түрік лирасына айтарлықтай қолдау көрсеткен жоқ. Орталық банктің базалық мөлшерлемені 500 базистік тармаққа арттыру жөніндегі күтпеген шешіміне қарамастан, түрік лирасы қыркүйек айының қорытындысы бойынша 2,7%-ға (26,7-ден 27,42-ге дейін) әлсіреді. Бұған жылдық мәнде күткеннен де жоғары инфляция мен сауда балансының теріс сальдосы әсер етті.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға