1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2023 жылғы 18-25 тамыз аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу

Сауда-саттық қорытындысы бойынша 25 тамызда теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,3%-ға (461,71 теңгеден) нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 460,17 теңгені құрады.

Әлемнің қаржы нарығында 2023 жылғы 18-25 тамыз аралығында бірқатар маңызды оқиға болды. 25 тамыз күні АҚШ ФРЖ басшысы Джексон Хоулдағы симпозиумда сөйлеген сөзінде АҚШ ФРЖ қажет болған жағдайда инфляциямен жалғасып жатқан күрес аясында мөлшерлемені көтеруге дайын екенін мәлімдеді. Инфляцияның баяулауы туралы мәлімдемеге қарамастан, қатайту циклі басталғаннан бері алғаш рет көптеген талдаушы жыл соңына дейін ФРЖ мөлшерлемесінің тағы бір өсуін күтіп отыр. ФРЖ басшысының мәлімдемесіі доллар индексін нығайтуға ықпал етті.

Еңбек министрлігінің бейсенбіде жариялаған деректеріне сәйкес, жұмыссыздық бойынша бастапқы өтінімдер 239 000-нан 230 000-ға дейін төмендеді. Ал талдаушылар бұл көрсеткішті
240 000 болады деп күткен. Бұл дегеніміз, еңбек нарығы баяулаудан әлі алыс. Сондықтан талдаушылардың пікірінше, ФРЖ мөлшерлемелерді ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде ұстай алады.

Инвесторлар әлі күнге дейін Қытайдағы әлсіз экономикалық көрсеткіштерге алаңдайды. Қазір Шанхай биржасында 13 сессия қатарынан шетелдік инвестициялардың нетто әкетілуі байқалады. Осыған байланысты юаньның әлсіреуі байқалады. Оған Қытай билігі жауап ретінде акциялар саудасына баж салығын төмендетті және бастапқы орналастыру жиілігін баяулатты.

Жоғарыда аталған факторлар АҚШ долларына қатысты дамушы нарықтар валюталарының әртүрлі динамикасына алып келді, ол төмендегідей қалыптасты:

  • түрік лирасы мөлшерлеменің 750 базистік тармаққа көтерілуі аясында 2,1%-ға (27,12-ден 26,54-ке дейін) нығайды;
  • Бразилия реалы Бразилиядан капиталдың әкетілуінің баяулауы және оң экономикалық деректер аясында 2,0%-ға (4,97-ден 4,87-ге дейін) нығайды;
  • Оңтүстік Африка ранды инфляцияның 5,4%-дан 4,7%-ға дейін баяулауы аясында 1,9%-ға (19-дан 18,63-ке дейін) нығайды;
  • Мексика песосы ағымдағы шоттың күтпеген жоғары профициті (3,4 млрд күткен кезде іс жүзінде 6,2 млрд доллар) аясында 1,8%-ға (17,06-дан 16,75-ке дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы жүргізілген валюталық интервенциялар аясында 0,5%-ға (83,11-ден 82,66-ға дейін) нығайды;
  • Индонезия рупиясы өзгерген жоқ;
  • Ресей рублі сауда балансының нашарлауы жағдайында салық төлемдерінің шарықтауына қарамастан 1,8%-ға (93,76-дан 95,42-ге дейін) әлсіреді.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға