1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚРҰБ Төрағасы Ғ.О. Пірматовтың мәлімдемесі

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚРҰБ Төрағасы Ғ.О. Пірматовтың мәлімдемесі

2023 жылғы 25 тамыз, Астана 

 

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!

Құрметті журналистер!

Қайырлы күн!

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер!

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 25 б.т. 16,5%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

Инфляция мен экономикадағы өсімге қатысты жаңа болжамдарымыз макроэкономикалық жағдайдың өзгеруін бағалауға мүмкіндік берді. Бүгін сол бағалаудың нәтижесімен бөліскім келеді. Баға тұрақтылығына жауапты орган ретінде Ұлттық Банк өзінің алдағы іс-әрекеттері туралы хабар беріп, сенімді деректер мен болжамдарға сүйену арқылы байыпты шешім қабылдағанды жөн көреді.

Біз өткен жылы базалық мөлшерлемені біртіндеп көтерген болатынбыз. Қазір соның экономикаға қалай әсер еткенін көріп отырмыз. Инфляцияның қарқыны біртіндеп баяулай бастады. Бұл біздің бағалау жүргізетін ісімізге сенімділікті арттырып, инфляцияның тұрақталу үрдісін күшейте түседі.

Сыртқы орта дезинфляциялық әсерін сақтауда. Әлемдегі орталық банктердің ақша-кредит шарттарын қатаңдатуы, азық-түлік бағасының төмендеуі – ішкі бағаны ұстап тұруға ықпал етті. Алайда инфляция тұрақтылығын жоғалтпағандықтан, дамыған елдерде мөлшерлемені төмендете бастау мерзімі кейінге қалып қойып отыр. Ресейде рубль бағамы әлсіреп, тұтынушылық сұраныс артуынан инфляциялық қысымның күшейе түскені байқала бастады. 

Инфляцияның төмендеу үрдісінде тұрақсыздық барын да көріп отырмыз. Мысалы, базалық инфляция мен маусымдық факторды ескермегендегі инфляция көрсеткіштері баяулауын тоқтатты. Кеңейіп жатқан фискалдық қолдау мен жоғары деңгейдегі инфляциялық күтулер негізгі факторлар болып қалуда. Ішкі тұрақты сұраныс әлі де жоғары инфляцияға ықпал етіп келеді. Жанар-жағармай бағасының көтерілуінен болған жанама әсер байқала бастағанымен, ол теңге бағамының динамикасымен ішінара теңестірілгенін де атап өткен жөн.     

Осылайша сыртқы факторлардың қысымы біршама әлсіреген соң тәуекелдердің жиынтық балансы әлсіз дезинфляциялық аймақта қалып отыр. Жалпы біздің әрекеттеріміз бен қазіргі шешіміміз инфляцияның төмендеу траекториясын болашақта сақтап қалуға бағытталған. Ұлттық Банк базалық мөлшерлемеде есепке алмайтын тұрғын үй коммуналдық қызметтері тарифтерінің көтерілуінен болған тікелей әсерді ескермесек, 5%-дық ортамерзімді мақсатқа 2025 жылдың соңына таман қолжеткізу күтілуде.   

* * *

Енді қабылданған шешімге түрткі болған факторларға толығырақ тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. НАҚТЫ ЖӘНЕ КҮТІЛЕТІН ИНФЛЯЦИЯ ДИНАМИКАСЫ.

Инфляция бес ай қатарынан төмендеп келеді. Шілдеде жылдық инфляция 14,0%-ды құрады. Азық-түлік инфляциясы 13,5%-ға дейін баяулады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі 15,0%-ға дейін баяулады. Жанар-жағармай бағасының көтерілуінен болған жанама әсердің қарқыны бұрын күткенімізден де баяу болғанын көріп отырмыз. Бұл теңге бағамының динамикасымен ішінара теңестірілді. Қызметтер бағасының өсуі 13,6%-ға дейін қарқын алды. Ал тұрғын үй коммуналдық қызметі тарифтері шілде айында тек кей өңірлерде ғана өсті. Баға өсімінің қарқыны реттелетін қызметтерде ғана емес, реттелмейтін қызметтерде байқалды.

Айлық инфляция биыл шілде айында 0,6%-ды құрап, орташа тарихи мәндерден жоғары қалыптасты. Жылдық инфляцияның жалпы оң динамикасына қарамастан оның тұрақты бөлігінің төмендеуі тоқтап қалғанын көруге болады. Мысалы, маусымдық факторды ескермегендегі инфляция да, базалық инфляция да баяулаған жоқ. Базалық инфляцияның әртүрлі бағалаулары сәуірде 0,7%-ға дейін төмендеді де, соңғы 4 ай бойы сол деңгейден төмендемей, орнықты болып қалды. Осындай жағдай маусымдық факторды ескермейтін инфляция бойынша да байқалып отыр. Бұл көрсеткіш мамыр-маусым айларында 0,6%-ға дейін төмендеген соң шілдеде 0,8%-ға дейін жеделдеді. Бұл тұрақты ішкі сұраныс пен фискалдық ынталандырудың орын алғанын көрсетеді. Логистиканың қымбаттауы және тауарлар мен қызметтердің құнына әсер ететін өндіріс шығындарының жоғары болуы жылдық инфляцияның қосымша факторлары болып табылады.

Инфляциялық күтулер біршама төмендегенмен, жоғары қалпында қалды. Оның жоғары болуы тұрғын үй коммуналдық қызметтері мен жанар-жағармай бағасының өсуіне халықтың алаңдаушылығына байланысты күтілген еді. Мысалы, инфляция бойынша ортамерзімді мақсат 5% болса, инфляциялық күтулерді бір жылдан кейін бағалау биылғы жылдың шілде айында 16,9%-ды құрады. Респонденттердің пікірінше, жанар-жағармай мен тұрғын үй коммуналдық қызметі бағасының өсуі – бағаның өсуіндегі басты факторлардың бірі. Сезілетін инфляция да төмендеп, 18,6%-ды құрады. Бұл күтілетін инфляцияның нақты динамикасымен үйлеседі. Инфляциялық күтулердің төмендеу үрдісін ұстап тұру біз үшін маңызды. Қазіргі кезде жоғары инфляциялық күтулер инфляцияның төмендеуіне кедергі келтіруі мүмкін.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКА ФАКТОРЛАРЫ.

Экономикадағы негізгі салалардың өсуіне байланысты ішкі экономикада іскерлік белсенділік те үздіксіз артты. Биыл қаңтар-шілде айларында Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімінің өсу қарқыны 4,8%-ды құрады. Құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, көлік салалары ең көп өсуді көрсетті. Отын, коммуналдық және өнеркәсіптік қызметтер бағасының өсуі есебінен өндірістегі шығындар көп мөлшерін сақтап қалды.

Экономикада сұраныс тұрақты. Нақты жалақының өсуі қалпына келе бастады. Үй шаруашылығындағы шығындардың көп бөлігі тамақ өнімдеріне жұмсалатынына қарамастан, азық-түлікке жатпайтын тауарларға сұраныс та белсенді түрде артып келеді. Бұл әсіресе автомобильдер мен жанармай сату сегменттерінде байқалуда. Бөлшек тауар айналымының динамикасы да экономикадағы сұранысты көрсетіп, шілде айында жылдық мәнде 9,3%-ға өсті. Жоғары инфляция кезінде мұндай сұраныс қосымша инфляциялық қысым көрсетеді.

Елеулі фискалдық қарқын кезінде халыққа берілетін трансферттерге бюджет шығыстарының өсуі де сұранысқа қолдау көрсетті.

Фирмаларда инвестициялық қызметтің қарқыны байқалады. Мысалы, биыл шілде айында негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсімі жылдық мәнде 9%-ды құрады. Инвестицияның өсуіне негізгі үлес қосушы – құрылыс пен күрделі жөндеу саласы. Ал халықтың инвестициялық белсенділігі баяулап келеді. Жылжымайтын мүлік нарығындағы белсенділік орташа тарихи көрсеткіштерге қайта оралды.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.

Сыртқы экономикада жаһандық инфляцияның баяулау үрдісі жалғасуда. Бұған елдердің қатаң монетарлық саясаты, қуат көздері мен азық-түлік бағасының төмендеуі ықпал етіп отыр. Сыртқы факторлардың инфляцияға әсері біртіндеп төмендегенімен, жағдай бұрынғы болжаммен салыстырғанда жақсарған жоқ. Өйткені әлемдегі инфляцияның тұрақты бөлігі жоғары қалпында қалып отыр. Бұл проинфляциялық ортаның сақталуын көрсетеді. Халықаралық валюта қорының пікірінше, жаһандық инфляция жоғары қалпында қалып, көптеген елде инфляцияның жақын арада нысаналы деңгейге қайта оралуы қиындай түспек. Осылайша, біз көптеген елдерде инфляцияның таргеттен жоғары қалыптасатын кезеңіне кірдік.

Осыған байланысты алдыңғы болжамды раундпен салыстырғанда, сыртқы монетарлық жағдайлар барынша қатаң болып қала бермек. Оның үстіне базалық инфляцияның тұрақтылығы және ортамерзімді перспективада таргеттерге жете алмаудың жоғары ықтималдығы әлемдегі мөлшерлемелердің төмендеу циклін бастау мерзімін ығыстырып келеді. Бұған дейін орталық банктердің монетарлық саясатты жеңілдетуі биыл күтілген болатын. Нарыққа қатысушылардың болжамы бойынша, АҚШ Федералды резервтік жүйесінің негізгі мөлшерлемесі 2024 жылдың мамыр айына дейін өзгеріссіз қалады. Еуропа Орталық банкінің монетарлық саясаты да қатаң шарттарын сақтап отыр. Ұлыбританиядағы негізгі мөлшерлеменің деңгейі биыл тамыз айында 5,25%-ға дейін өсіп, жоғары инфляция аясында риторика қатаң болып қалуда.

Қазақстанның сауда-серіктес елдерінде инфляция жағдайы біршама нашарлады. Еуропалық одақта инфляция әлі де нысаналы деңгейден асып, баяу төмендеп келеді. Ресейде рубль бағамының әлсіреуі және жоғары тұтынушылық сұраныс инфляцияның жеделдеуіне ықпал етті. Ресейдегі инфляциялық қысымның біртіндеп күш алуы Қазақстанда бағаның өсу қарқынын арттырардай тәуекелдер тудырып отыр. Қытайда экономикалық белсенділіктің ағымдағы әлсіз көрсеткіштеріне байланысты дефляция байқалуда.

Әлемдік азық-түлік бағасының төмендеуі дезинфляциялық тұрғыда әсер етуде. Алайда, шілдеде бағалар сәл көтерілді. Мұндай қарсы бағытты динамика сыртқы азық-түлік нарықтарында алдағы кезеңде белгісіздік тәуекелдерін тудырады. Болашақта «Астық мәмілесінің» тоқтауы нәтижесінде бағаның біртіндеп өсуі де күтіледі. «Астық мәмілесінің» мерзімі ұзартылып немесе жаңа мәміле жасалуы мүмкін.

Әлемдік мұнай нарығындағы жағдай айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған жоқ. Ірі экономикалардың өнеркәсіп секторында әлсіз белсенділік байқалуда. Қытай экономикасындағы ынталандыру шаралары да қуат көздеріне сұранысты қолдауы мүмкін екендігі айтылады.

Осылайша, біз болжамды бағалауды қалыптастыру үшін 2023 жылы базалық сценарий аясында 1 баррель үшін орта есеппен 80 долларға жуық мұнай бағасын белгіледік.  

* * *

Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарына толығырақ тоқталып өтейік.

Базалық сценарийде инфляция болжамдары өзгеріске ұшырады. Қысқа мерзімдегі белгісіздік төмендеді. Біздің болжамымыз бойынша, жылдық инфляция 2023 жылы 10-12%, 2024 жылы 7,5-9,5% және 2025 жылы 5,5-7,5% шегінде қалыптасады.

Инфляцияның баяулау үрдісі жалғасады. Бірақ белгіленген проинфляциялық факторлар 2025 жылдың соңына қарай 5% инфляция нысанасына жету жолында барынша қатаң ақша-кредит саясатын сақтауға дайын болуды талап етеді. Ұлттық Банк базалық мөлшерлемеде есепке алмайтын тұрғын үй коммуналдық қызметі тарифтерінің көтерілуінен болған тікелей әсерді ескермесек, 5%-дық ортамерзімді мақсатқа 2025 жылдың соңына қарай қолжеткізу күтілуде. Бұл ретте фискалдық саясат, жанар-жағармай бағасын және тұрғын үй коммуналдық қызметтерінің тарифтерін белгілеу саласында қабылданып жатқан шаралар, экономикадағы тұтыну мен үнемдеу арасындағы балансы барынша маңызды болады.  

Күшті фискалдық қолдау және ішкі сұраныс әсерінен бағаларға қысымның өсуін, жоғары инфляциялық күтулерді, Ресейдегі инфляцияның айтарлықтай жеделдеуін, «Астық мәмілесін» қайта бастамау тәуекелдері нәтижесінде әлемдік азық-түлік бағасының ықтимал артуын, сондай-ақ ішкі нарықтардағы ұсыныстың күтпеген өзгеріс тәуекелдерін инфляция болжамының негізгі тәуекелдері ретінде атап өтуге болады. Сонымен қатар жанар-жағармай нарығында баға белгілеу реформасын жалғастыру да инфляцияға қатысты болжамның тәуекелі саналады.

Қазақстан экономикасын ортамерзімді перспективада дамыту жөніндегі болжамдар мемлекет тарапынан экономиканы белсенді қолдау аясында жақсарды. 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,2-5,2% диапазонында қалыптасатын болады. 2024-2025 жылдарға арналған экономиканың өсу болжамы 4-5%-ға дейін артты. Ал экономиканы белсенді ынталандыру кезінде мұнай өндірудегі өсім мен сұраныстың артуы ортамерзімді перспективада өсуге қолдау көрсететін болады.

Жалпы ішкі өнімге қатысты болжам тәуекелдері әлемдік рецессия тәуекелі аясында қуат көздеріне деген сұраныстың төмендеуіне, қазақстандық экспортты әлемдік нарықтарға шығара алмау проблемаларына және мұнай өндіру жоспарын орындай алмау ықтималдығына байланысты туындауы мүмкін.

Нақты инфляцияның динамикасы мен оның тұрақты бөлігінің белсенді баяулауы біздің күтулерімізге сәйкес келген кезде Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені біртіндеп және байыппен төмендету саясатын жалғастырады. Бұған мүмкіндік бар, бірақ проинфляциялық тәуекелдерді, оның ішінде фискалдық қолдауды ескерсек, ол шектеулі және алдағы шешімдерді байыппен қабылдауды талап етеді. Бұдан әрі келіп түсетін деректер мен инфляция тәуекелдеріне байланысты базалық мөлшерлемені төмендету тоқтата тұруды қажет етуі мүмкін.

* * *

Құрметті журналистер!

Қазіргі және болашақта қабылданатын шешімдеріміз біздің негізгі мақсатымыз – баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге байланысты болмақ. Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені инфляция бойынша ортамерзімді кезеңде 5% мақсатқа жетуге ықпал ететін деңгейде белгілеуге тырысады.

Қабылданған шешім факторлары, инфляция болжамдары мен тәуекелдері туралы толық ақпаратпен 4 қыркүйекте жарияланатын ақша-кредит саясаты туралы баяндамадан таныса аласыздар.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2023 жылғы 6 қазанда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

514.46 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға