1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2023 жылдың II тоқсанында кредиттеу бойынша банктерде жүргізілген сауалнама қорытындысы туралы

Қазақстан Ұлттық Банкі Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаевтың түсіндірмесі

Ірі, орта және шағын бизнесті кредиттеу

Сауалнаманың қорытындысы бойынша, II тоқсанда кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныс т/т (тоқсаннан тоқсанға) негізінен шағын бизнес есебінен өсті.

Шағын бизнес тарапынан сұраныс индексінің елеулі ұлғаюы мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландырудың қайта басталуымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, жеке банктер серіктестер тізімі мен өнім қатарын кеңейтудің әсері болғанын атап өтті. Осылайша, шағын бизнес тарапынан түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны 21%-ға (т/т) 687 мыңға дейін өсті.

Орта бизнес тарапынан кредитке сұраныс индексі іс жүзінде өзгерген жоқ және жекелеген ірі банктердегі сұраныстың елеусіз ұлғаюы аясында оң аймақта қалыптасты. Алайда, бірқатар банкте кредитке берілген өтінімдердің саны азайды. Сөйтіп, орта бизнестен түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны 19%-ға (т/т) 5,3 мыңға дейін төмендеді.

Ірі бизнес субъектілерінің несиеге деген сұранысы аздап төмендеді. Банктердің пікірінше, бұл несиелеу шарттары мен қолайсыз макроэкономикалық факторларға байланысты. Осылайша, ірі бизнестегі кредиттік өтінімдердің жалпы саны 15%-ға (т/т) 217-ге дейін төмендеді.

Есепті тоқсанда несиелік өтінімдерді мақұлдау үлесі шағын және орта бизнес үшін біршама төмендеді (т/т) және сәйкесінше 36% және 40% құрады. Дейтұрғанмен, бұл көрсеткіш ірі бизнес үшін 58%-ға дейін ұлғайды.

Корпоративтік сектор үшін банктерді несиелеу шарттары негізінен өзгерген жоқ. Дегенмен, жекелеген ірі банктер өтініштерді қарау параметрлерінің біршама жеңілдетілгенін, скорингтік модельдердің іске қосылғанын және жақсарғанын атап өтті.

Келесі тоқсанда банктердің көп бөлігі негізінен бөлінген қаражатты алдын ала игеру және мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландыруды тоқтата тұрудан бизнес тарапынан кредитке деген сұраныс төмендейді деп күтеді.

Ипотекалық және тұтынушылық кредиттеу, автокредиттер

II тоқсанда жеке тұлғалардың несиеге деген сұранысы көбіне тұтынушылық несиелер есебінен өсті. Бұл ретте ипотекалық кредиттерге сұраныс индексі де оң аймақта қалыптасты.

Ипотекалық несиеге сұраныстың біршама өсуі негізінен құрылыс компанияларымен серіктес өнімдерді дамыту арқылы меншікті ипотекалық бағдарламаларды ілгерілетуге байланысты болды. Сонымен қатар, банктер нарықтық өнімдерге сұранысты арттыру үшін мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаражатқа лимиттердің әсері болғанын айтты. Осылайша, кредиттік өтінімдер саны 17%-ға (т/т) 228 мыңға дейін өсті.

Қамтамасыз етумен тұтынушылық кредиттерге сұраныс осы сегментте белсенді маркетингтік қадамның арқасында артты. Жекелеген банктер несие шарттарының біршама жеңілдегенін, соның ішінде мөлшерлеменің төмендегенін атап өтті. осылайша түскен өтінімдер саны екі есе (т/т) асып, 25 мыңды құрады.

Кепілсіз берілетін тұтынушылық несиеге де сұраныс артып отыр. Банктердің пікірінше, бұған серіктестік желісін кеңейтіп, ұзақмерзімді бөліп төлеуге бағытталған акциялардың септігі тиді. Сонымен қатар, жекелеген ірі банк есепті тоқсанның басында мөлшерлеменің төмендеуі де әсер еткенін атап өтті. осылайша, несиелік өтінімдердің саны 18,8 млн-ды құрады. Бұл алдыңғы тоқсаннан 17%-ға артық.

Логистикадағы жеткізу тізбегі қалпына түсіп, Қытай өндірушілері ішкі нарыққа белсенді түрде ене бастағандықтан, автомобиль нарығындағы ұсыныстың артуы серіктестік қарым-қатынастың тез дамуына ықпал етті. Банктер де серіктестік бағыттағы өнімдерді ұсынып, сұранысты едәуір арттырды. Осылайша, автокредит алуға түскен өтінімдер саны 26%-ға (т/т) 671 мыңға дейін өсті. Дегенмен, жекелеген банктерде автокредиттеу жағдайында қарызды кепілмен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар күшейтілді.

III тоқсанда банктер тұтынушылық қарыздарға сұраныс біршама өсіп, есепті тоқсан деңгейінде ипотекалық несиеге сұраныс сақталады деп күтеді.

2023 жылдың II тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Ұлттық Банк мұндай сауалнаманы кредиттік ресурстарға сұраныс пен ұсыныс арасындағы өзгерістерді бағалап отыру үшін тоқсан сайын жүргізеді.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға