1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2023 жылғы 11-18 тамыз аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 18 тамызда теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 3,6%-ға (445,81 теңгеден) әлсіреп, 1 АҚШ доллары 461,71 теңгені құрады.

Әлемнің қаржы нарығында 11-18 тамыз аралығында бірқатар маңызды оқиға болды. 17 тамыз күні АҚШ ФРЖ ашық нарықтар комитеті отырысының хаттамасы жарияланып, мөлшерлемені одан әрі көтеру мүмкіндігі сақталды. Еңбек нарығында қалпына келу белгілері байқалды: жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға алғашқы өтінімдер 248 мыңнан 239 мыңға дейін төмендеді. Ал, талдаушылар 240 мың деңгейінде қалыптасады деп күткен еді. Қазіргі уақытта нарыққа қатысушылар қыркүйекте мөлшерлеменің өсуін күтпейді. Сөйте тұра инфляциялық күтулер жоғары деңгейде қалып отыр.

Қытай Халық банкі 15 тамызда рецессия тәуекелдері аясында орта мерзімді кредиттер бойынша мөлшерлемені 2,5%-ға дейін төмендетті. ЖІӨ өсімі бойынша болжам 5,7%-дан 5,2%-ға дейін төмендеді. Ал 18 бен 24 жасқа дейінгі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 21,3% деңгейінде қалыптасты. Шілде айында Қытайда ұлттық валютамен жаңа банктік кредиттеу көлемі бір ай бұрынғы 3,05 трлн юаньмен салыстырғанда 345,9 млрд юаньға дейін төмендеді. Ал талдаушылардың болжамы бойынша, шілдеде кредиттеу деңгейі 780 млрд болады деп күтілген еді.

Жоғарыда аталған факторлар АҚШ долларына қатысты дамушы нарықтарда валюталардың әртүрлі динамикасын көрсетіп, төмендегідей қалыптасты:

  • Ресей рублі негізгі мөлшерлеменің 350 базистік тармаққа күрт өсуі аясында 5,7%-ға (99,43-тен 93,76-ға дейін) нығайды;
  • Мексика песосы 2023 жылдың екінші жартысында рецессияны күту аясында 0,3%-ға (17,01-ден 17,06-ға дейін) әлсіреді;
  • Оңтүстік Африка ранды өндірістің қарқынын төмендеткен рекордтық электр қуатын өшіру аясында 0,3%-ға (18,95-тен 19-ға дейін) әлсіреді;
  • Үнді рупиясы DXY АҚШ доллары индексінің нығаюы аясында 0,3%-ға (82,84-тен
    83,11-ге дейін) әлсіреді;
  • Түрік лирасы инфляциялық күтулердің 33,21%-дан 42,01%-ға дейін ұлғаюы аясында
    0,4%-ға (27,02-ден 27,12-ге дейін) әлсіреді;
  • Индонезия рупиясы сауда балансының төмендеген оң сальдосы аясында 0,5%-ға
    (15219-дан 15290-ға дейін) әлсіреді;
  • Бразилия реалы алыпсатарлардың қысымы аясында (шорт позиция доллар-реал жұбы бойынша 53,8 млрд долларды құрады) 1,2%-ға (4,91-ден 4,97-ге дейін) әлсіреді.


Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға