Серверлік жабдықта жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты ҚҰБ-тың интернет-ресурсы 27 сәуір сағат 9:00-ден 28 сәуір сағат 23:00-ке дейін уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін

1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022 жылдың IV тоқсанындағы кредиттеу бойынша банктерде жүргізілген сауалнама қорытындысы туралы

Қазақстан Ұлттық Банкінің қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаевтың түсіндірмесі

Ірі, орта және шағын бизнесті несиелеу

IV тоқсанда жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, шағын және орта бизнес арасында кредиттеу шарттары қатаңдатылғандықтан бизнес тарапынан кредитке сұраныс төмендеді. Негізінен, кредиттеу шарттарының қатаңдауы сыйақы мөлшерлемесінің өсуінен көрінді.

Шағын бизнес тарапынан кредитке деген сұраныстың төмендеуі, әсіресе, ірі банктерде байқалды. Респонденттер шағын бизнес тарапынан сұраныстың төмендеуін кредиттік ресурстар құнының өсуімен байланыстырады. Дегенмен, жекелеген банктерде скорингтік кредиттік өнімдерге өтінімдердің саны өсе түсті. Бұл жағдай жүйе бойынша кредиттік өтінімдердің жалпы санын көбейтуге түрткі болды. Мәселен, есепті тоқсанда шағын бизнес бойынша кредиттік өтінімдердің жалпы саны 512 мыңға дейін т/т-ға (тоқсаннан тоқсанға) 23%-ға өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері 22,5 млн теңгеге дейін 13%-ға азайды.

Орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредиттік өтінімдер саны 5,4 мыңға дейін т/т 22%-ға өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері 274 млн теңгеге дейін 9%-ға өсті. Шағын бизнеске ұқсас, орта кәсіпкерлік субъектілерінен түскен өтініштер санының негізгі өсімі скорингтік үлгілер бойынша жекелеген банктердің қамтамасыз етілмеген кредит өнімдерімен байланысты.

Көптеген банктерде ірі бизнестің сұранысы өзгерген жоқ, бірақ кредиттік өтінімдер саны артты. Сөйтіп ірі бизнестегі кредиттік өтінімдердің жалпы саны 211-ге дейін т/т 35%-ға, ал өтінімнің орташа мөлшері 6,7 млрд теңгеге дейін 14%-ға өсті.

Орта және ірі бизнестің кредиттерге өтінімдері бойынша мақұлдау коэффициенті, сәйкесінше, 51%-ға және 73%-ға дейін өсті. Сонымен қатар, шағын бизнестің кредитке берген өтінімдері бойынша мақұлдау коэффициенті аздап төмендеп, 39% құрады.

Шағын және орта бизнес клиенттері үшін кредиттеу шарттарының қатаңдауы негізінен ірі банктерде көрініс тапты. Бұл ретте кейбір респонденттер несиелеу шарттарын қатайтуға әсер еткен негізгі фактор – қорландырудағы тәуекелдер мен құнында екенін атап өтеді.

Банктердің пайымдауынша, келесі тоқсанда шағын және орта бизнес тарапынан кредитке сұраныс – оң, ал ірі бизнес тарапынан  – теріс болады. Көптеген банктердің пікірінше, бизнесті кредиттеу шарттары өзгермейді.

Ипотекалық және тұтынушылық несиелеу, автокредиттер

IV тоқсанда бөлшек қарыздарға сұраныс автокредиттеу сегментінде өсті, ал ипотекалық және тұтынушылық қарыздарға сұраныс біршама төмендеді.

Есепті тоқсанда ипотекалық қарыздарға сұраныстың төмендеуі, банктердің пікірінше, алдыңғы кезеңдерде сұраныстың іске асырылуына байланысты. Сонымен қатар, ипотекалық қарыздар бойынша түскен өтінімдер саны 183 мыңнан 224 мыңға дейін ұлғайды. Бұл, негізінен, ипотекалық кредиттеудің негізгі ойыншысы болып табылмайтын жеке банктегі өтінімдердің өсуіне байланысты және жалпы сұраныс индикаторына әсер етпеді. Ипотекалық кредиттеу жағдайында сыйақы мөлшерлемелерінің және клиенттердің төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптардың өскені байқалды, бұл мақұлдау коэффициентінің 30%-ға дейін төмендеуіне әкелді (3-тоқсанда – 38%).

Тұтынушылық қарыздарға қатысты респонденттер сұраныстың төмендеуін кейбір банктердің пайыздық мөлшерлемелерінің жоғарылауымен, сондай-ақ тауарды кредиттеуде мол үлесі бар жеке банктегі кредиттік лимиттің төмендеуімен байланыстырады. Халықтың көптеп кредит алуын алдын алу бойынша іске асырылып жатқан реттеу саясаты аясында банктер есепті тоқсанда белсенді маркетингтік науқандар жүргізбегенін атап өтті.

Қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздар бойынша өтінімдер саны 17 мыңға дейін, ал қамтамасыз етілмеген тұтынушылық қарыздар бойынша 14,7 млн дейін өсті. Бұл жыл соңындағы маусымдық фактормен түсіндіріледі. Дейтұрғанмен, өтінімдердің артуы сұранысқа қатысты жалпы индикатордың өзгеруіне әсер еткен жоқ. Сонымен қатар, тұтынушылық кредиттеу жағдайында клиенттердің төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптар күшейтілді. Бұл қамтамасыз етілген қарыздар бойынша мақұлдау коэффициентінің 15%-ға, қамтамасыз етілмеген қарыздар бойынша 9%-ға төмендеуіне әсер етті.

Есепті тоқсанда автокредитке сұраныстың өсуі жеңілдетілген автокредиттеу бағдарламасы аясында онлайн-кезекті қалыптастырумен байланысты. Респонденттердің пікірінше, бұл – өтінімдерді қарау процесін едәуір жеделдетеді. Сонымен қатар, жекелеген ірі банкте автокредиттеуге деген сұраныс қайталама нарықта артты, бұл да сұраныс индикаторының ұлғаюына әсер етті. Есепті тоқсанда автокредит бойынша өтінімдер саны, 499 мыңды құрап, 15%-ға өсті.

IV тоқсанда банктер ипотекалық қарыздар мен автокредитке деген сұраныстың төмендеуін, сондай-ақ бөлшек кредиттеудің барлық сегменті бойынша клиенттердің төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптардың қатаңдауын күтеді.

2022 жылдың IV тоқсанында кредиттеу бойынша банктерде жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Сауалнаманы Ұлттық Банк тоқсан сайын кредиттік ресурстарға сұраныс пен ұсыныстағы өзгерістерді бағалау үшін жүргізіп отырады.

Толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы алуға болады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға