1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022 жылғы 25 ақпан – 11 наурыз аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 11 наурызда теңгенің нарықтық бағамы қаралып отырған кезеңде 9,4%-ға (467,09 теңгеден) әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 510,79 теңге деңгейінде қалыптасты. Дамушы нарықтардағы валюталардың динамикасы Украинадағы қақтығыстың ушығуынан көбінесе теріс болды. 2022 жылғы ақпанда АҚШ-тағы еңбек нарығы жөніндегі деректер талдаушылардың күткенінен де тәуір қалыптасты: бір айда ауыл шаруашылығына жатпайтын секторда жұмыспен қамтылғандар саны 678 мың адамға ұлғайып, жұмыссыздық деңгейі 3,8%-ға төмендеді. ФРЖ Төрағасы Дж. Пауэлл наурызда мөлшерлеменің пайыздық тармақтың төрттен бір бөлігіне көтерілуін қолдайтынын және Украинадағы қақтығыстан туындаған белгісіздікке қарамастан, инфляция жоғары болған жағдайда бұдан былай жоғарылау жағына қарай барынша маңызды қадам жасауға жол берілетінін айтты. ЕОБ базалық мөлшерлемені сол күйі (0%) сақтап қалды, бірақ 2022 жылдың 3-тоқсанында активтерді сатып алу бағдарламасын көзделген мерзімнен ерте аяқтау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

АҚШ долларына қатысты дамушы елдердегі валюталар бағамының[1] серпіні төмендегідей қалыптасты:

  • Бразилия реалы капиталдың әкелінуі және жоғары мөлшерлемелерді күту аясында 1,6%-ға (5,15-тен 5,07-ге дейін) нығайды. Инвесторлар Орталық банктің таяу арадағы отырысында 100 б.т. (ағымдағы 10,75%-дан) артады деп болжайды;
  • Оңтүстік Африка ранды шикізат тауарлары – алтын, мыс, палладий (негізгі экспорттық тауарлар) бағасының өсуі аясында 0,8%-ға (15,16-дан 15,04-ке дейін) нығайды;
  • Индонезия рупиясы Орталық банктің елдегі ішкі инфляцияның басқарылатыны, ал валюта бағамының тұрақты болып қалатыны жөніндегі түсіндірмелері аясында 0,4%-ға (14,364-тен 14,301-ге дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы мұнай бағасын белгілеу рекордтық деңгейге көтерілген тұста 1,7%-ға (75,29-дан 76,59-ға дейін) әлсіреді;
  • Мексика песосы мұнай бағасының динамикасына қарағанда АҚШ қаржы нарығындағы құбылмалы серпінге жоғары ұшырауына байланысты 2,8%-ға (20,35-тен 20,91-ге дейін) әлсіреді;
  • түрік лирасы мұнай бағасының өсуі және ағымдағы шот тапшылығының кеңеюінен қауіптену аясында 6,9%-ға (13,82-ден 14,77-ге дейін) әлсіреді;
  • Ресей рублі ЕО мен АҚШ тарапынан бірқатар қаржылық-экономикалық санкциялардың енгізілуі аясында 37,7%-ға (83-тен 114,25-ке дейін) әлсіреді.

[1] АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан барынша көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz  
www.nationalbank.kz

Жоғарыға