1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2021 жылғы 15-22 қазан аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 22 қазанда теңгенің нарықтық бағамы бір апта ішінде 0,1%-ға (425,78 теңгеден) әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 426,32 теңге деңгейінде қалыптасты. Дамушы нарықтар валюталарының серпіні әртүрлі бағытта болды. Тәуекелге жаһандық қызығушылық Қытайдың Evergrande тобының облигацияларды ұстаушыларға 83 млн доллардан астам сомадағы төлемдері аясында жақсарды, ол осы міндеттемелер бойынша дефолттан құтылып, Шэньчжэньде, Дунгуанда және басқа қалаларда 10-нан астам жобамен жұмысты қайта бастау туралы мәлімдей алды.

Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының[1] серпіні төмендегідей қалыптасты:

  • Мексика песосы жаһандық тәуекел-сентименттің жақсаруы және шикізат тауарлары бағасының жоғары болуы аясында 0,7%-ға (20,33-тен 20,18-ге дейін) нығайды;
  • Ресей рублі Ресей Орталық банкінің күтпеген жерден базалық мөлшерлемені 7,5%-ға дейін (75 б.п.) арттыру жөніндегі шешімі аясында 0,6%-ға (70,95-тен 70,54-ке дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы жергілікті IPO-ға шетелдік қорлардың әкелінуіне орай және мұнай компаниялары тарапынан долларға сұраныстың төмендеуі, сондай-ақ мұнай бағасы өсуінің бәсеңдеуі аясында 0,5%-ға (75,26-дан 74,9-ға дейін) нығайды;
  • Индонезия рупиясы мерекелеу маусымында Covid-19 ауруының ықтимал өршуіне жол бермеу үшін әуемен тасымалдау қағидаларын қатаңдату аясында 0,3%-ға (14075-тен 14123-ке дейін) әлсіреді;
  • Оңтүстік Африка ранды қыркүйекте инфляцияның қарқын алуы аясында 1,6%-ға (14,6-дан 14,83-ке дейін) әлсіреді (қыркүйекте тұтыну бағасы бір ай бұрынғы 4,9%-дан 5%-ға өсті), бұл күтулерді осы жылы мөлшерлемелердің көтерілу пайдасына арттырады;
  • Бразилия реалы шығыстардың конституциялық шегін айналып өтуді болжайтын бюджеттік экспансия бойынша инвесторлардың алаңдаушылығы аясында (2022 жылғы сайлау қарсаңында жаңа әлеуметтік бағдарламаны қаржыландыру үшін елдің шығыстарын шектеу туралы қағидаларды бұзу), сондай-ақ орталық банктің валюталық своп аукциондарын соңғы үш сессияда 1 млрд доллардан 500 млн долларға дейін қысқартуы аясында 3,5%-ға (5,46-дан 5,65-ке дейін) әлсіреді;
  • түрік лирасы есептік мөлшерлеменің 16%-ға дейін 200 б.т. төмендеуі аясында 3,8%-ға (9,26-дан 9,61-ге дейін) әлсіреді, бұл талдаушылар күткеннен көп. Орталық банктің ақша-кредит саясаты жөніндегі кеңесінің соңғы отырысында мөлшерлемені азайтуға қарсы дауыс берген үш жоғары лауазымды шенеунік Президент Ердоғанның Жарлығы бойынша жұмыстан шығарылды, бұл Түркия Орталық банкінің тәуелсіздігіне күмән келтіреді.

[1] АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан барынша көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон бойынша алуына болады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға