1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2021 жылғы 16–23 шілде аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 23 шілдеде теңгенің нарықтық бағамы апта ішінде 0,4%-ға (426,47-ден) нығайып, бір АҚШ доллары үшін 424,68 теңге деңгейінде қалыптасты.

Сыртқы валюта нарығында 2021 жылғы 16-23 шілде аралығындағы кезеңде дамушы елдер валюталарының серпіні әртүрлі бағытта болды. ЕОБ инфляция 2%-ға жеткенге дейін негізгі мөлшерлемелердің ағымдағы деңгейлерде немесе төмен деңгейде қалатыны жөнінде белгі бере отырып, отырыстың қорытындысына сәйкес кредиттер бойынша базалық пайыздық мөлшерлемені нөлдік деңгейде, депозиттер бойынша мөлшерлемені (-) 0,5% деңгейінде сақтап қалды. Аптаның басында тәуекелді активтер нарығына жасалған қысым әлемде коронавирустың жаңа штаммының таралу қарқыны мен оның әлемдік экономикаға тигізетін әсері туралы алаңдаушылық тудырды. Алайда, аптаның соңына қарай АҚШ-та 2-тоқсандағы корпоративтік есептілік маусымының сәтті болуы аясында оптимистік сентименттің басым болуы АҚШ қор индекстерінің рекордтық деңгейге дейін көтерілуіне әсер етті (Bloomberg деректері бойынша S&P500 компанияларының 87%-ның қаржылық нәтижелері талдаушылардың күткенінен асып түсті).

Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының1 серпіні төмендегідей қалыптасты:

  • үнді рупиясы апта соңына қарай инвесторлардың тәуекел дәрежесінің жақсаруы мен жергілікті қор нарығының оң серпіні аясында 0,2%-ға (74,56-дан 74,41-ге дейін) нығайды;
  • Ресей рублі мұнай бағасының өсуі аясында 0,2%-ға (74,08-ден 73,91-ге дейін) нығайды. РФ ОБ отырысының қорытындысы бойынша мөлшерлемені 1 п. т. 6,5%-ға дейін көтерді;
  • Индонезия рупиясы 0,03%-ға нығайды (14 498-ден 14 493-ке дейін). ОБ базалық мөлшерлемені 3,5% деңгейінде сақтап қалды және Covid-19 жаңа штаммының өршуіне байланысты биылғы экономиканың өсу болжамын 3,5-4,3%-ға дейін төмендетті (алдыңғы болжамда 4,1-5,1%);
  • түрік лирасы аптаның басында тәуекел дәрежесінің жалпы нашарлауы аясында 0,2%-ға (8,53-тен 8,55-ке дейін) әлсіреді, жалпы ұлттық мерекеге байланысты сейсенбіден бастап жергілікті қаржы нарықтары жабылды;
  • Мексика песосы Мексиканың салық қызметі басшысының елдегі әлемдік автомобиль өндірушілер үшін негізгі ынталандырудың күшін жою жөніндегі жоспарлары аясында 0,9%-ға (19,89-дан 20,07-ге дейін) әлсіреді. Шілденің басында инфляция талдаушылардың болжамынан асып, үдей түсті (5,75% ж/ж);
  • Бразилия реалы әлемде Covid-19 ауруының өршуіне байланысты туындаған қауіп аясында 1,6%-ға (5,12-ден 5,2-ге дейін) әлсіреді;
  • Оңтүстік Африка ранды ОБ-ның мөлшерлемені 3,5% деңгейінде сақтау жөніндегі шешімі мен АКС-тың қазіргі өлшемдерін сақтау туралы белгілері аясында 2,9%-ға (14,43-тен 14,85-ке дейін) әлсіреді.

1 АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан барынша көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға