1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2021 жылғы 4–11 маусым аралығында жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолу

Сауда-саттық қорытындысы бойынша 11 маусымда теңгенің нарықтық бағамы апта ішінде 0,2%-ға (428,15-тен) нығайып, бір АҚШ доллары үшін 427,15 теңге деңгейінде қалыптасты.

Сыртқы валюта нарығында 2021 жылғы 4–11 маусым аралығындағы кезеңде дамушы елдер валюталарының серпіні көбінесе оң болды. АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен жоғары мөлшерлемелердің АҚШ үшін он жыл бойғы төмен инфляция мен жеңіл саясат жағдайында мөлшерлемелер деңгейін қалыпқа келтіру үшін тиімді болатыны жөнінде пікір білдірді. АҚШ-та инфляция мамыр айында 5% ж/ж өсті (2008 жылғы тамыздан бастап рекордтық көрсеткіш). ҚХР мен АҚШ сауда және инвестициялық байланыстарды дамытуға келісті. ЕОБ маусымдағы отырыстың қорытындысы бойынша ІЖӨ болжамын 4,6%-ға дейін 0,6 п.т. арттыра отырып, 2021 жылы ЕО экономикасының дамуына қатысты оптимизмнің өсуіне қарамастан жеңіл ақша-кредит саясатын сақтап қалды.

Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының серпіні төмендегідей қалыптасты:

  • түрік лирасы Түркия мен АҚШ президенттерінің кездесуі қарсаңында, сондай-ақ 2021 жылы экономиканың өсетіні жөніндегі болжамның (4,9-ға дейін 0,6 п.т.) артуы аясында 3,2%-ға (8,67-ден 8,39-ға дейін) нығайды;
  • Ресей рублі Ресей Банкінің мөлшерлемені 5,5%-ға дейін 50 б.т. көтеру жөніндегі шешімі аясында 1,1%-ға (72,85-тен 72,03-ке дейін) нығайды;
  • Индонезия рупиясы шетелдік инвесторлардың борыштық нарыққа қайта оралу белгілері аясында 0,7%-ға (14 295-тен 14 189-ға дейін) нығайды (Қаржы Министрлігінің бастапқы аукциондарындағы бейрезиденттердің үлесі рекордтық 22,3%- ға жетті;
  • Мексика песосы Конгресстің төменгі палатасындағы сайлау нәтижелері аясында 0,4%-ға (19,96-дан 19,88-ге дейін) нығайды, бұл Президент үшін ол бастамашы болған энергетикалық секторды қозғайтын конституциялық өзгерістер бойынша онша қолайлы болмайды;
  • үнді рупиясы корпоративтік сектор тарапынан сұраныс аясында 0,1%-ға (73-тен 73,08-ге дейін) әлсіреді;
  • Бразилия реалы сәуірде пандемияға дейінгі деңгейге жетпеген қызмет көрсету саласындағы экономикалық белсенділік туралы деректердің шығуы аясында 1,4%-ға (5,05-тен 5,12-ге дейін) әлсіреді;
  • Оңтүстік Африка ранды инфляцияның тез қарқын алуына байланысты қауіптенуден АҚШ доллары бағамының нығаюы аясында 2,2%-ға (13,43-тен 13,72-ге дейін) әлсіреді.

1 АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан барынша көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары 

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға