1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2020 жылғы 20–27 қараша аралығында жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолу

Сауда-саттықтың қорытындысы бойынша 27 қарашада теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 1,0%-ға (428,07-ден) нығайып, бір АҚШ доллары үшін 423,87 теңге деңгейінде қалыптасты.

Сыртқы валюта нарығында 2020 жылғы 20 – 27 қараша аралығындағы кезеңде коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеудегі прогреске байланысты оптимизм, сондай-ақ АҚШ-та президент билігін ресми түрде берудің басталуы аясында дамушы елдер валюталарының көпшілігінің нығайғаны байқалды. Джо Байденнің АҚШ ФРЖ-ның бұрынғы басшысы Джаннет Йелленді қаржы министрі етіп тағайындау жөніндегі жоспарлары туралы хабарламалар пайда болды.

Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына1 қатысты бағамдарының серпіні төмендегідей қалыптасты:

  • Оңтүстік Африка ранды инвесторлардың тәуекел дәрежесінің жақсаруы, борыштық құралдарға капиталдың әкелінуі аясында 1%-ға (15,4-тен 15,24-ке дейін) нығайды;
  • Бразилия реалы Орталық Банктің бағамды қолдауына байланысты күтулер, сондай-ақ қазанда ағымдағы шоттың 1,5 млрд профициті туралы деректердің шығуы аясында 0,9%-ға (5,39-дан 5,34-ке дейін) нығайды;
  • Индонезия рупиясы жергілікті борыш нарығына шетелдік инвестициялардың әкелінуі нәтижесінде 0,5%-ға (14 165-тен 14 090-ға дейін) нығайды;
  • Мексика песосы АҚШ долларының жаһандық әлсіреуі аясында 0,3%-ға (20,11-ден 20,04-ке дейін) нығайды. ОБ 2020 жылы ІЖӨ-нің 8,9%-ға түсетінін және 2021 жылы оның 3,3%-ға өсетінін болжап отыр;
  • Ресей рублі мұнай бағасының өсуінің жалғасуы және инвесторлардың тәуекел дәрежесінің артуы аясында 0,3%-ға (76,22-ден 76-ға дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы дамушы нарықтар валюталарының жалпы оң серпіні аясында 0,1%-ға (74,15-тен 74,05-ке дейін) нығайды;
  • түрік лирасы Жерорта теңізіндегі Ливияға қару-жарақ жеткізуге эмбаргоны бұзды деген күдікпен түрік кемесін тінту оқиғасына байланысты геосаяси тәуекелдер аясында 2,6%-ға (7,64-тен 7,84-ке дейін) әлсіреді.

1 АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан неғұрлым көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары 

Толық ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефоннан ала алады:
+7 (717) 2 775 205
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға