1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2020 жылғы 30 қазан – 6 қараша аралығында жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолу

Сауда-саттықтың қорытындысы бойынша 6 қарашада теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,05%-ға (432,64-тен) нығайып, бір АҚШ доллары үшін 432,43 теңге деңгейінде қалыптасты.

Сыртқы валюта нарығында 2020 жылғы 30 қазан – 6 қараша аралығындағы кезеңде АҚШ-тағы президенттік сайлаудың тыныш және болжамды аяқталуына қатысты күтулер аясында көптеген дамушы нарықтар валюталарының нығаюы байқалды. АҚШ ФРЖ ақша-кредит саясатының өлшемдерін өзгеріссіз сақтап қалды, бұл ретте ведомство Төрағасы экономиканы қосымша қолдауды қамтамасыз ету мақсатында таяудағы айларда активтерді сатып алу бағдарламасын түзету мүмкіндігін жоққа шығармады. АҚШ-тың еңбек нарығы бойынша деректер қазанда күткеннен де жоғары болды: Ауыл шаруашылығына жатпайтын секторда жұмыспен қамтылғандар саны 638 мыңға артты, жұмыссыздық деңгейі 6,9%-ға дейін қысқарды, жалақы 4,5%-ға ж/ж өсті.

Дамушы елдер валюталарының1 АҚШ долларына қатысты бағамдарының серпіні төмендегідей қалыптасты:

  • Бразилия реалы АҚШ долларының жаһандық әлсіреуі және өнеркәсіп өндірісінің бесінші ай қатарынан өскені туралы (қыркүйекте 2,6%-ға а/а дейін) деректердің жариялануы аясында 6,3%-ға (5,74-тен 5,38-ге дейін) нығайды. Қазан отырысының хаттамасында ОБ фискалдық саясаттағы ықтимал өзгерістер реттеушінің мөлшерлемелерді төмен деңгейде сақтау жөніндегі ойын өзгерте алатынын ескертті;
  • Оңтүстік Африка ранды облигациялар нарығына капитал ағыны аясында 3,9%-ға (16,24-тен 15,6-ға дейін) нығайды, 5 қарашада бейрезиденттер 6,7 млрд ранд көлемінде бағалы қағаздарды сатып алушылар болды, бұл 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болды;
  • Индонезия рупиясы акциялар нарығына капитал ағыны аясында 2,8%-ға (14 625-тен 14 210-ға дейін) нығайды (6 қарашада бейрезиденттер $58,1 млн сатып алды);
  • Мексика песосы АҚШ-тағы президенттік сайлауда Джо Байденнің жеңісін күту және Мексикадағы неғұрлым жеңіл саяси риторика туралы оптимизим аясында 2,7%-ға (21,18-ден 20,6-ға дейін) нығайды;
  • Ресей рублі мұнай бағасының өсуі және жаһандық инвесторлардың тәуекел дәрежесінің жақсаруы аясында 2,5%-ға (79,4-тен 77,45-ке дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы АҚШ-тағы президенттік сайлауға қатысты құбылмалылық аясында 0,1%-ға (74,11-ден 74,2-ге дейін) әлсіреді;
  • түрік лирасы Джо Байденнің сайлауда жеңіске жету ықтималдығының артуына және РФ-дан ракеталар жүйесін сатып алуына орай АҚШ-тың Түркияға қарсы санкцияларды әлеуетті түрде енгізуіне байланысты тәуекелдер аясында 2,2%-ға (8,34-тен 8,52-ге дейін) әлсіреді. 8 қарашада Президент түрік лирасының теріс серпініне байланысты Түркияның ОБ басшысын жұмыстан босатты.

1 АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан неғұрлым көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары 

Дамушы елдер валютасының серпіні (2020 жылғы 23 қазан =100, индекстің өсуі – валютаның нығаюы)

Толық ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефоннан ала алады:
+7 (717) 2 775 205
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға