Қазақстан Ұлттық Банкі

2. Уәкілетті ұйымдарға берілетін қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензия беру

1.

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдары

2.

Мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдері

«Электрондық үкіметтің» www.egov.kz, (бұдан әрі - портал)

3.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

Өтінішті порталда тіркеген күннен бастап:

лицензияны және оған қосымшаны берген кезде - 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде;

қолданыстағы лицензияға қосымша берген кезде - 10 (он) жұмыс күні ішінде;

лицензияны және (немесе) оған қосымшаны қайта ресімдеген кезде - 10 (он) жұмыс күні ішінде.

4.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің нысаны

Электрондық

5.

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелері

Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18545 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 4 сәуірдегі № 49 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларына (бұдан әрі - Қағида) 3 және 4-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша лицензияны және (немесе) қолданыстағы лицензияға қосымшасы не мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.

Порталда мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетінде Ұлттық Банктің аумақтық филиалы басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында жолданады және сақталады.

6.

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Мемлекеттік қызметті көрсету кезінде қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығына лицензия беру үшін лицензиялық алым төленеді:

1) аталған қызмет түрімен айналысу құқығына лицензия беру кезіндегі лицензиялық алым 40 (қырық) айлық есептік көрсеткішті құрайды;

2) лицензияны қайта ресімдеу үшін лицензиялық алым лицензияны беру кезіндегі мөлшерлеменің 10 (он) пайызын құрайды.

Лицензиялық алым екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы, қолма-қол ақшасыз нысанда «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы төленеді.

7.

Жұмыс кестесі

Ұлттық Банк аумақтық филиалының жұмыс кестесі - демалыс және мереке күндерін қоспағанда, Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен дүйсенбі - жұма аралығында сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін;

порталдың жұмыс кестесі - жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы.

8.

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі

Уәкілетті ұйым қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензияны және лицензияға қосымшаны алу үшін «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы мынадай құжаттарды:

1) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензияны және лицензияға қосымшаны алуға арналған электрондық өтінішті;

2) жарғының электрондық көшірмесін;

3) «электрондық үкіметтің» төлемдік шлюзі арқылы төленген жағдайларды қоспағанда, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесін;

4) екінші деңгейдегі банктің не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының шетел валютасындағы банк шоты болуы туралы анықтамасының электрондық көшірмесін;

5) екінші деңгейдегі банктің не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының Қағидалардың 8-тармағының талаптарына сәйкес уәкілетті ұйымның банк шотына жарғылық капиталына жарна ретіндегі ақшаның есепке жазылуын растайтын, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға өтініш берген күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен ерте емес берілген құжатының электрондық көшірмесін (оның ішінде клиенттің банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді-көшірме);

6) кассирдің қолма-қол шетел валютасымен жұмыс бойынша дайындықтан өткенін растайтын екінші деңгейдегі банк не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы анықтамасының электрондық көшірмесін не 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген және қызметкердің қолма-қол шетел валютасымен жұмыс бойынша кассир ретінде кемінде 6 (алты) ай еңбек қызметін растайтын құжаттың электрондық көшірмесін (автоматтандырылған айырбастау пунктін қоспағанда);

7) уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзін ашатын құжаттың (қарыз шартының, мүлікті сатып алу-сату шартының, кірістер туралы анықтаманың, уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзін ашатын басқа құжаттардың) электрондық көшірмесін жібереді.

Қосымша ашылатын айырбастау пункті (автоматтандырылған айырбастау пункті) үшін қолданыстағы лицензияға қосымшаны алу үшін уәкілетті ұйым (оның филиалы) «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы мына құжаттарды:

1) қосымша ашылатын айырбастау пункті үшін Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған қолданыстағы лицензияға қосымшаны алуға арналған электрондық өтінішті;

2) қосымша ашылатын айырбастау пункті үшін екінші деңгейдегі банктің не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының Қағидалардың 8-тармағының талаптарына сәйкес уәкілетті ұйымның банк шотына жарғылық капиталына жарна ретіндегі ақшаның есепке жазылуын растайтын, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға өтініш берген күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен ерте емес берілген құжатының электрондық көшірмесін (оның ішінде клиенттің банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді-көшірме) не уәкілетті ұйымның жарғылық капиталы мөлшерінің қосымша айырбастау пунктін ескере отырып белгіленген талаптарға сәйкес келуін растайтын, Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қосымша ашылатын айырбастау пункті үшін қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған қолданыстағы лицензияға қосымша алуға өтініш берген айдың біріндегі жағдай бойынша қаржылық есептіліктің электрондық көшірмесін;

3) кассирдің қолма-қол шетел валютасымен жұмыс бойынша дайындықтан өткенін растайтын екінші деңгейдегі банк не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы анықтамасының электрондық көшірмесін не Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінде көзделген және қызметкердің қолма-қол шетел валютасымен жұмыс бойынша кассир ретінде кемінде 6 (алты) ай еңбек қызметін растайтын құжаттың электрондық көшірмесін (автоматтандырылған айырбастау пунктін қоспағанда);

4) уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзін ашатын құжаттың (қарыз шартының, мүлікті сатып алу-сату шартының, кірістер туралы анықтаманың, уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзін ашатын басқа құжаттардың) электрондық көшірмесін жібереді;

5) автоматтандырылған айырбастау пунктінің техникалық сипаттамаларын және оның Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келуін растайтын құжаттың электрондық көшірмесін жібереді (айырбастау пунктін қоспағанда).

   

Қолданыстағы лицензияны және (немесе) лицензияға қолданыстағы қосымшаны қайта ресімдеу үшін уәкілетті ұйым «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:

1) қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензияны және (немесе) қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензияға қосымшаны Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қайта ресімдеуге электрондық өтініш;

2) ақпараты мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі құжаттарды қоспағанда, лицензияны және (немесе) лицензияға қолданыстағы қосымшаны қайта ресімдеу үшін негіз болған өзгерістер туралы ақпаратты қамтитын құжаттардың электрондық көшірмелері;

3) «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы төлеген жағдайларды қоспағанда, қызметтің жекелеген түрлерімен шұғылдану құқығы үшін лицензиялық алым төлемін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі (қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған қолданыстағы лицензияны қайта ресімдеген жағдайда).

9.

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер

1) «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2018 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Валюталық реттеу туралы заң) 12-бабының 4-тармағында және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Рұқсаттар туралы заң) 32-бабының 1-тармағында көзделген құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынбау, сондай-ақ Стандарттың 8-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбау;

2) өтініш берушінің және (немесе) ұсынылған құжаттардың және (немесе) мәліметтердің Валюталық реттеу туралы заңның 12-бабының 4-тармағында және Рұқсаттар туралы заңының 32-бабының 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.

10.

Мемлекеттік қызметті, оның ішінде электрондық нысанда көрсетілетін қызметті көрсету ерекшеліктерін ескере отырып қойылатын өзге де талаптар

Ұлттық Банктің аумақтық филиалы көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын алған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

Ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда өтінішті одан әрі қараудан жазбаша дәлелді бас тарту береді.

Мемлекеттік қызметті көрсету орнының мекенжайы Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында орналастырылған: www.nationalbank.kz.

Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты порталдағы жеке кабинеті арқылы қашықтықтан қол жеткізу режимінде, сондай-ақ мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға мүмкіндігі бар.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті берушінің байланыс телефондары мемлекеттік көрсетілетін қызметті берушінің www.nationalbank.kz ресми интернет-ресурсында «Қызметті тұтынушыларға» одан әрі «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бөлімінде көрсетілген.

Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 8-800-080-7777, 1414.

Жоғарыға