1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк – әлемдік орталық банктердің монетарлық саясатын қатаңдату мен валюта нарығындағы ахуал туралы

ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова сыртқы нарықтардағы жағдайларды, сондай-ақ Ұлттық Банктің валюта нарығына қатысуын түсіндірді 

Әлия Мейірбекқызы, маусым айындағы әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдайды қалай сипаттай аласыз? Барлық жағдай күтілгендей болып шықты ма?

– Жалпы, сыртқы нарықтардағы жағдай құбылмалы болды. Әлемдік валюта нарығында АҚШ долларының теріс динамикасы байқалды, ал дамушы елдердің валюталары әртүрлі бағыттағы динамиканы көрсетті. Осы айдың қорытындысы бойынша DXY долларының жаһандық индексі 1,4%-ға әлсіреді, ал дамушы нарықтар валюталарының индексі 1%-ға төмендеді.

АҚШ-та макроэкономикалық деректердің шығуы экономикалық белсенділіктің біркелкі өсу қарқынының жалғасқанын растады. Мысалы, мамыр айында ауылшаруашылыққа жатпайтын сектордағы жұмыс орындарының саны өсіп, нарықтың күткенінен асып түсті. Мамыр айындағы инфляция туралы деректер оның 4%-ға дейін баяулағанын көрсетті, алайда энергия мен азық-түлік бағасының әсерін есепке алмағанда, базалық инфляция айтарлықтай жоғары деңгейде қалып отыр. Федералды резервтік жүйе күтілгендей негізгі мөлшерлемені бұрынғы деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Джером Пауэллдің экономиканың өсу қарқыны мен еңбек нарығы ахуалының күткеннен асып түскені туралы «қатаңдату» жөніндегі мәлімдемесі күтпеген жағдай болды. Ашық нарықтар жөніндегі комитеттің  көпшілігі биылғы жылдың соңына дейін пайыздық мөлшерлемелердің кем дегенде екі есе артатыны жөнінде болжам жасайды.

Орнықты проинфляциялық ахуал аясында бірқатар орталық банк пайыздық мөлшерлемелерді арттыруды жалғастырды. Мысалы, Англия Банкі мен Норвегияның орталық банкі мөлшерлемелерді тиісінше 5%-ға және 3,75%-ға дейін 50 базистік тармаққа көтерді, Канада мен Австралияның орталық банктері мөлшерлемелерді арттыру циклдерін қайта бастады, Швеция, Швейцария және Еуропалық Орталық банк те монетарлық саясатты қатаңдатты. ЕОБ-ның мөлшерлемелерді қатарынан сегізінші рет көтеруі нәтижесінде депозиттер бойынша мөлшерлеме 2001 жылдан бастап ең жоғары деңгейге жетті.

Әлемдік орталық банктер саясатының қатаңдауына және ФРЖ мөлшерлемелерінің жоғарылауына қарамастан, акциялар нарығы айтарлықтай өсті. Айдың қорытындысы бойынша MSCI World индексі 5,9%-ға өсті. VIX «қауіптену» индексі маусым айында 24,2%-ға айтарлықтай төмендеп, Covid-19 пандемиясы басталғанға дейін байқалған деңгейге дейін түсті. Облигациялар нарығында жағдай өзгеріссіз қалды.

Қытайда өндірістік белсенділіктің төмендеуі байқалады. Қытайдың Орталық банкі экономиканы ынталандыру мақсатында тамыз айынан бастап алғаш рет бір жылғы кредиттер (MLF) бойынша мөлшерлемені және кері репоның жеті күндік мөлшерлемесін тиісінше 2,65%-ға және 1,9%-ға дейін 10 базистік тармаққа төмендетті.

Өзіңіз атап өткеніңіздей, дамушы елдердің валюталары негізінен әлсіреді. Ал теңгенің жағдайы қандай болды?

Маусым айының қорытындысы бойынша теңгенің бір доллар үшін 452,26 теңге деңгейіне дейін немесе 1%-ға аздап әлсірегенін байқадық.

Ұлттық қордан валютаны сату операцияларының, сондай-ақ БЖЗҚ-ның маусым айындағы валюталық үлесін ұстап тұру үшін валютаны сатып алу операцияларының көлемі біздің болжамдарымызға сәйкес келіп, тиісінше 550 және 240 млн АҚШ долларын құрады. 

Квазимемлекеттік сектор компаниялары өткен айда шамамен 288 млн АҚШ долларын сатты. Сонымен қатар Үкіметтің қаулысына сәйкес биылғы шілдеден бастап валюталық түсімді міндетті түрде сату үлесі 50%-дан 30%-ға дейін төмендегенін атап өткім келеді.

Кейбір сарапшылар өткен жылы және биыл валюта нарығында Ұлттық Банк қатысымының жоғары үлесі туралы жазды. Осы орайда қандай да бір «жасырын» операциялар бар ма және Ұлттық Банктің валюталық сауда-саттыққа қатысуының нақты үлесі қандай екенін түсіндіре аласыз ба?

Менің ойымша, бұл мәселені, расында, нақтылауымыз тиіс. Елдің орталық банкі ретінде біз валюта нарығында операциялардың бір түрін – валюталық интервенцияларды ғана жүргіземіз. Оның негізгі мақсаты - шамадан тыс құбылмалылықты реттеу.

Дегенмен, біз Үкіметтің әрі банкі, әрі агенті болып табыламыз және Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз етеміз. Осы мақсатта біз валютаны сатамыз және осы сауданы шамамен күн сайын жүргізіп отырамыз. Сауда-саттық нарықтық бейтараптық қағидатын сақтай отырып, үнемі және біркелкі жүзеге асырылады. Сонымен қатар, валюта бойынша сауда-саттық барысында біз баға қоймаймыз, басқа отыз үш қатысушының нарықтық бағасымен келісеміз. Бұл орталық банктің валюталық саясатымен барлық мүдделер қақтығысын жоюға мүмкіндік береді.

Айдың алғашқы жұмыс күні біз өткен айдағы сатылым көлемі туралы ақпаратты, сондай-ақ алдағы айға арналған болжамды мәндерді жариялаймыз. Сонымен қатар, ай сайынғы негізде біз трансферт көлемі мен теңге шотындағы қалдық туралы деректерді жариялаймыз.

Осы жылдан бастап, біз БЖЗҚ-ның активтерін портфельдік басқарушы ретінде валюталық операцияларды да жүзеге асырудамыз. Біз валютаны сатып алудың нақты және жоспарланған көлемі туралы барлық ақпаратты да жария етеміз.

Квазимемлекеттік сектор субъектілері валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сатуды екінші деңгейдегі банктер арқылы дербес жүзеге асырады. Біз тек деректерді жинап, нарықты осы көлемдер туралы хабардар етеміз.

Қорытындыласақ, валюта нарығындағы барлық операция туралы ақпарат ресми сайтта жарияланады және кез келген азамат үшін қолжетімді болады. Біз валюта нарығында басқа ешқандай операция жүргізбейміз.

Нарық әрқашан орталық банктердің ашықтығы мен болжамдылығын құптайды, мұндай саясат жалғасады деген үміттеміз. Әлия Мейірбекқызы, алтынның бағасы біртіндеп төмендеп келеді. Бұл неге байланысты және мұндай динамика алтын-валюта резервтеріне қалай әсер етеді?

АҚШ Федералды резервтік жүйесінің монетарлық саясаты алтынға бұрынғысынша қатты әсер етеді. Маусымдағы отырыстан кейін сарапшылардың көпшілігі шілде айында ФРЖ мөлшерлемесінің көтерілуін күтетіндіктен, алтынның бағасы өткен айда унциясы үшін 1959 доллардан 1904 долларға дейін төмендеді.

Нәтижесінде, алдын ала деректер бойынша алтын-валюта резервтері 34,5 млрд АҚШ долларына дейін төмендегенін байқадық. «Алтын» баға белгілеулерін төмендетумен қатар, АВР динамикасына ЕДБ-нің Ұлттық Банктегі валюталық шоттарындағы қаражат көлемінің төмендеуі және мемлекеттік борышты төлеуі де әсер етті. 

Соңғы уақытта Ұлттық қор көптің назарында. Ұлттық қордың қазіргі жағдайы қалай?

Маусым айының соңында Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі алдын ала деректерге сәйкес, өткен айда шамамен 600 млн АҚШ долларына ұлғайып, 59,8 млрд АҚШ долларын құрады.

Мен бұған дейін әлемнің жетекші экономикаларының орталық банктерінің риторикасы әлі де қатаң болып қалып отырғанын айтқан болатынмын. Алайда дамыған елдердегі экономикалық белсенділіктің әлсіреуінің күтілгеніне қарамастан, макроэкономикалық көрсеткіштер орнықты болып қала береді және нарыққа қатысушылардың болжамдарынан асып түседі. Осының нәтижесінде маусымда акциялар нарығында өсу байқалды. Мәселен, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі маусым айында шамамен 850 млн АҚШ долларын құрады.

Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер түрінде 279 млрд теңге аударылды. Осы мақсатта ішкі валюта нарығында 550 млн АҚШ доллары көлеміндегі шетел валютасы біркелкі сатылды.

Бұл ретте Ұлттық қордың шоттарына валюталық түсімдер маусым айында 310 млн АҚШ долларын құрады.

Және тағы бір болжамға қатысты соңғы сауал. Алдағы уақытта әлемдік қаржы нарықтарындағы динамикадан Сіз не күтесіз?

– Маусым айының қорытындысы бойынша PMI Global индексі 6 айлық өсімді аяқтап, 1,7 тармаққа төмендеді. J.P. Morgan сарапшыларының бағалауы бойынша жыл ортасында әлемдік экономиканың өсуі қарқынды түрде жалғасады. Мұны MSCI World индексінің 5,9% өсуі де көрсетеді. Дегенмен, салалық айырмашылықтар әлі де инвесторларды алаңдатады. Сонымен қатар, барлық сектордағы сұраныстың төмендеуі туралы жалпы белгі өсудің әлсіреу қаупін көрсетеді.

Fitch ratings  агенттігі 2023 жылы әлемдік ЖІӨ-нің өсу болжамын 2%-дан 2,4%-ға дейін көтерді. Жағдайдың жақсаруын сарапшылар статистикалық деректер күткеннен әлдеқайда жақсы болған дамушы нарықтардан күтеді.

Дүниежүзілік Банк әлемдік экономиканың перспективалары туралы маусым айындағы есебінде пессимистік болжам жасайды. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің әлемдік өсуі 2,1%-ға дейін, дамыған экономикаларда 0,7%-ға дейін, ал дамушы экономикаларда 2,9%-ға дейін баяулайды. 2023 жылы АҚШ экономикасының өсуі 1,1% деңгейінде, ал Еуроаймақ экономикасының өсуі 0,4% деңгейінде күтілуде. Бұл үрдіс негізінен пайыздық мөлшерлемелердің күрт өсуіне, сондай-ақ ақша-кредит саясатын қатаңдатудың кешіктірілген әсері мен энергия бағасының өсуіне байланысты қалыптасады.

Қазіргі уақытта АҚШ ФРЖ-ның қатаңдату мәлімдемелері аясында экономистер шілдеде мөлшерлемелердің өсуін болжайды. АҚШ-тың ФРЖ федералды қорларының мөлшерлемесіне фьючерстік баға белгілеуге сәйкес, нарықтың 81% ықтималдықпен 25 базистік тармаққа өсетіні күтіледі.

Дереккөз: Kapital.kz 

Жоғарыға