1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Базалық мөлшерлеме бойынша шешім, болжамды раунд қорытындылары және инфляцияға қарсы шаралар туралы. Ақылжан Баймағамбетовтің сұхбаты

ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтың базалық мөлшерлеме бойынша шешім, болжамды раунд қорытындылары және инфляцияға қарсы шаралар туралы негізгі тезистері

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлеме  бойынша шешімі туралы

Шешім болжамдарды жаңартуға, ішкі және әлемдік экономикадағы ағымдағы үрдістерді ескеруге мүмкіндік берген «тамыз-қыркүйек» болжамды раундының қорытындысы бойынша қабылданды.

Біздің талдауларымызға сүйенсек, азық-түлік пен шикізат бағасының рекордтық өсуіне негізделген айтарлықтай сыртқы проинфляциялық аяны көруге мболады. Бұған – осы жылғы тамызда ФАО азық-түлік бағалары индексінің жылдық 32,9%-ға өсуі дәлел.

Жеткізілім тізбегінің істен шығуынан және фискалдық ынталандырудың бұрын-соңды болмаған шараларына  байланысты жаһандық сұраныстың жеделдеуінен жағдай күрделене түседі.

Нәтижесінде әлемдегі инфляцияның жалпы деңгейі монетарлық биліктің нысаналы бағдарларынан асып, өсуін жалғастыруда. АҚШ-тағы инфляция шілдеде 13 жыл ішіндегі ең жоғары мән – 5,4%-ға, Еуроаймақта – тамызда 10 жыл ішіндегі ең жоғары мән – 3%-ға, Ресейде – тамыздың қорытындысы бойынша 5 жыл ішіндегі ең жоғары мән – 6,7%-ға жетті.

Ішкі факторлар инфляциялық көрсеткіштерді де нашарлатады. Оларға маусымаралық кезеңде жеміс-көкөніс өнімдері бағасының рекордтық өсуі, фискалдық ынталандырудың жоғары деңгейі кезінде ішкі сұраныстың жеделдеуі, электр энергиясына, ЖЖМ мен газға бағалардың өсуі жатады. Бұл факторлар жиынтығында 2021 жылғы тамызда инфляцияның 8,7%-ға дейін жеделдеуіне ықпал етті. Осылайша, біздің базалық мөлшерлеме жөніндегі шешіміміз – іске асырылатын тәуекелдерге логикалық жауап. Ол инфляцияны 2022 жылы 4-6%-ға төмендетуге бағытталған.       

Шілдеде базалық мөлшерлемені көтерудің салдары туралы

Қазіргі шешім мен алдыңғы қабылданған шешім – бұл инфляциялық таргеттеу саясатын іске асыру жөніндегі қадамдар. Инфляциялық таргеттеудің мәні негізгі құрал – базалық мөлшерлемені пайдалана отырып, инфляцияны нысаналы деңгейде тұрақтандыру болып табылады. Егер инфляцияның мақсаттан жоғары қарай ауытқуының орнықты тәуекелдері туындайтын болса, онда монетарлық талаптардың бағыты біртіндеп өзгереді, яғни базалық мөлшерлеме көтеріледі.

Осылайша, біздің іс-әрекеттеріміз – бір тізбектің буындары сияқты, бірінші кезекте, инфляцияны тұрақтандыруға бағытталған. Бірақ мөлшерлемені көтеру бағаның деңгейіне бірден әсер етпейтінін ұмытпаған жөн. Ол белгілі бір уақытты қажет етеді.

Алайда, кейде қысқа мерзімді әсер ету де орын алады. Мысалы, базалық мөлшерлеменің өсуі теңге мен теңгедегі активтер тартымдылығының сақталуы есебінен ішкі валюта нарығының теңгерімді болуына ықпал етті. Теңгедегі активтер бойынша барынша тартымды мөлшерлеме ақша және валюта нарықтарындағы қолайсыз тепе-теңдіктің алдын алады және салымдарды долларсыздандыру бойынша ішкі үрдісті қолдайды.    

Биылғы жылғы шілдеде заңды тұлғалардың депозиттерін долларландыру 37,4%-ға дейін төмендеді. Жеке тұлғалар депозиттерінің долларлануы төмендеп, соңғы 13 жылдағы рекордтық төмен мән – 34,5%-ға жетті. Нәтижесінде шілдеде жалпы долларлану 37%-дан 36%-ға дейін төмендеді.

Бағаның өсуіне әсер ететін негізгі факторлар туралы

Біз айырбастау бағамының инфляциялық процестерге айқын әсері болған алдыңғы дағдарыстардан үлкен айырмашылықтарды байқап отырмыз. Жыл басынан бастап теңге бағамы 1,4%-ға ғана әлсіреді, бұл ретте сыртқы бағалар көпжылдық рекордтарға жетті.

Бүгінгі күні инфляциялық қысымның басты факторлары монетарлық емес қысым жағына қарай – тамыздың қорытындысы бойынша жылдық көрсетуде 11,4%-ға өскен азық-түлік тауарларының бағасына, жанар-жағар май мен электр энергиясының күрт қымбаттауына шоғырланған.

Маусым-шілдеде ФАО азық-түлік бағаларының индексі аздап төмендеуіне қарамастан, ағымдағы жылғы тамызда оның өсуі жалғасты. Бұл бүкіл әлемде пандемия басталғаннан бері азық-түлік бағасының жоғары өсуінің сақталып отырғанын білдіреді.

Бізде бұл үрдіс маусымаралық күтпеген өзгерістермен және жалпы алғанда ұсыныстың мерзімді теңгерімсіздігімен ушығып отыр. Осы аяда соңғы жылдары көкөністер бағасы маусымаралық рекордтық деңгейде өскені, еттің, өсімдік майларының, қант пен жұмыртқаның қымбаттағаны байқалуда.

Азық-түлік бағасының өсуі де бұл өндірушілер бағасының өсуіне, өткен жылғы астық қорларының сарқылуынан ұсыныстың төмендеуіне және әлемдік азық-түлік бағасының өсуіне байланысты болып отыр. Өкінішке орай, осыны ескере отырып, біз көкөніс бағасының маусымдық төмендеуінің көп бөлігінде де-факто жіберіп алдық – әдетте жаздың соңында ай сайынғы төмен азық-түлік инфляциясы немесе тіпті дезинфляция байқалады. Яғни, қазір жаз айларында байқалып отырған азық-түлік инфляциясы – оларға тән емес.

Азық-түлікке жатпайтын инфляция жылдық көрсеткіш бойынша бензин, киім-кешек және аяқ киім бағасының өсуі нәтижесінде 7,3%-ға дейін үдеді. ЖЖМ құны өзіндік құнның өсуі және елде іскерлік белсенділіктің қалпына келуі аясында 13,1%-ға өсті. Киім-кешек пен аяқ киім 6,5%-ға қымбаттады, импорттың қымбаттауы оған ықпал етті. Азық-түлікке жатпайтын инфляцияның өсу үрдісі тұтынушылық белсенділік пен кредиттеудің серпінді қалпына келуі аясында кейінге қалдырылған сұраныс ықпалының жүзеге асырылуымен нығаюда. Бұл 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта 27,3%-ға өскен тұтынушылық тауарлар импортының көрсеткішімен расталады және бұл базаның нәтижесіне жатпайды.

Ақылы көрсетілетін қызмет инфляциясы да жеделдеуде, ол электр энергиясы бағасының 10,1%-ға жылдық өсуі аясында тамыздың қорытындысы бойынша 6,6% болды. Бұл коммуналдық қызмет тарифтерінің 6,3%-ға қымбаттауына алып келді. Электр энергиясы – бұл желілік әсері жағынан көбінесе ЖЖМ-мен инфляцияға ұқсас позиция.

Инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенінің тиімділігі туралы

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық Банк пен Үкіметке өсіп келе жатқан инфляцияның монетарлыққа жатпайтын сипатына ерекше назар аудара отырып, инфляцияны төмендетуді, оны 2022 жылы 4-6% дәлізге қайтаруды тапсырды.

Сондықтан осы шаралар топтамасының негізгі мақсаты – инфляцияның монетарлық емес факторларын тұрақтандыру. Үкіметтің бағалауы бойынша шараларды тиімді іске асыру биылғы жылдың соңына дейін азық-түлік инфляциясын 8%-ға және келесі жылы 6%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция және көрсетілетін қызметтер инфляциясы бойынша Үкіметтің 2022 жылға арналған мақсаты тиісінше 5%-ды және 4%-ды құрайды. Тапсырма өте күрделі, бірақ орындау қолдан келеді. Егер Үкімет оны шешсе, онда ұсыныс тарапынан инфляцияны тұрақтандыру және оның 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге кіруі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде ақша-кредит саясатын жеңілдету үшін алғышарттар жасай алады.

Ағымдағы үрдістер мен инфляцияны тежеу бойынша қабылданған жоспарларды ескере отыра жасалған болжамдар туралы

Тамыз-қыркүйек аралығындағы болжамды раундтағы ең маңызды жаңарту  инфляция дәлізін қайта қарау. Біз бұрын атап өткен инфляцияның негізгі факторларын ескере отырып, инфляция биылғы жылдың соңына қарай жылдық мәнде 7,5-8,5% аралығындағы дәлізде болады деп күтілуде.

Біздің базалық сценарийімізге сәйкес инфляциялық процестер жыл соңына дейін ағымдағы серпінді сақтайды және 2021 жылы инфляция болжамды көрсеткіш аралығындағы жоғарғы шекке жақын болып қалыптасады. Біз осындай дәлізді жылдың соңғы айларындағы инфляцияның тарихи серпініне сүйене отырып қалдырдық. Бұл ретте, егер Үкіметтің Инфляцияға қарсы ден қою кешенін іске асыру шеңберіндегі шаралары тиімді болса, азық-түлік инфляциясы жыл соңына қарай 8%-ға дейін төмендейді, яғни жалпы инфляция дәліздің төменгі шегі – 7,5% болып қалыптасады. 

ІЖӨ болжамына келетін болсақ, қазіргі кезде пандемияның Қазақстан экономикасына теріс әсері біртіндеп әлсіреп келеді. Эпидемиологиялық ахуалдың жақсарғаны және карантиндік шаралардың жеңілдегені байқалады.

Осыған орай тауар өндіру саласында, сол сияқты қызмет көрсету саласында да іскерлік белсенділік қарқынды түрде қалпына келуде. Биылғы жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 2,7% болды. Бұл мұнай бағасы 2022 жылдың соңына дейін бір баррель үшін 60 доллар деңгейінде айқындалған, жаңартылған базалық сценарий болжамының серпініне сәйкес келеді. 2021 жылы ІЖӨ өсімінің болжамы шамалы төмендеу жағына қарай қайта қаралды. 2021 жылы ІЖӨ 3,5-3,8% өседі. Сонымен қатар, 2022 жылы ІЖӨ-нің өсу қарқыны 4,1-4,4%-ге дейін жеделдейді деп күтілуде.   

Тұтынушылық сұраныс пен экспорттың ұлғаюы Қазақстан экономикасының өсуіндегі негізгі қозғушы күш болып табылады. Тұтынушылық сұранысқа халықтың нақты табысының, жалақылар мен тұтынушылық кредиттеудің оң серпіні қолдау болып отыр. Өз кезегінде, экспорттың ұлғаюы ОПЕК+ мұнай өндіру бойынша шектеулерді жеңілдетуімен және сауда әріптестері болып табылатын елдер тарапынан Қазақстанның өніміне сұраныстың өсуімен қамтамасыз етілетін болады. Бұл төлем балансының жақсаруына да әсерін тигізеді.

Халықтың ішкі тұтыну белсенділігін қалпына келтіру және экономиканың негізгі секторларындағы инвестициялардың бірқалыпты өсуі ІЖӨ-нің ұлғаюын тежейтін импорт өсімінің барынша елеулі факторларына айналады.

Төлем балансының жағдайы туралы

Елдің төлем балансының деректері мұнай бағасының өсуінен кейін ағымдағы шот сальдосының біртіндеп жақсарғанын көрсетеді. Біз ағымдағы шотқа ықпал етудің оң нәтижесін тек екінші жартыжылдықта ғана толық көретін боламыз. Бұл Қазақстанның халықаралық саудасының ресми статистикасында мұнайдың әлемдік бағасының өзгеруін кешіктіріп көрсетуге байланысты болып отыр.

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банк төлем балансының ағымдағы шоты тапшылығының жыл соңына дейін екі есеге жуық, яғни мұнай бағасы бір баррель үшін 60 АҚШ доллары болған кезде 3,2 млрд АҚШ долларына дейін төмендейтінін күтеді. Былтырғы жылы тапшылық 6,3 млрд АҚШ долларын құрады.

Соған қарамастан, ағымдағы шоттың жақсаруы бірінші жартыжылдықта 9,2%-ға өсіп, 17,5 млрд АҚШ долларын құраған импорттың өсуін тежеуде. 5,8 млрд АҚШ долларына дейін 27,3%-ға өскен тұтыну тауарларының импорты негізгі үлес қосуда.  

Егер өткен жылдары инвестициялық және аралық тауарлар негізгі қозғаушы күш болса, биылғы жылғы бірінші жартыжылдықта тұтыну тауарлары барынша өскенін көрсетті. Өзіңіз ойлап қарасаңыз, жарты жыл ішінде тек қана автомобильдер импорты 2020 жылғы 1 жартыжылдықпен салыстырғанда 2 есе өсіп, 683 миллион АҚШ долларына жетті. Оның үстіне, бұл көрсеткіш тіпті ковидке дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 75%-ға немесе 292 млн АҚШ долларына едәуір өсті.

Осының барлығы – кейінге қалдырылған сұранысты іске асырудың және экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің жанама белгісі. Бұған қарамастан, біз 2021 және 2022 жылдары төлем балансының едәуір жақсаратынын күтеміз.   

Әлемдік экономикадағы ахуал эпидемиологиялық жағдайға әрі геосаяси тәуекелдерге байланысты тұрақсыз жағдайдың Қазақстан экономикасына әсері туралы

Қазіргі кезде біздің экономикамыз үшін басты тәуекелдер – бұл коронавирустың жаңа штамдары және әлемдік вакцинацияның әркелкі болуы. Бұл тәуекелдер жаһандық сұранысты қалпына келтірудің неғұрлым төмен қарқынына және нәтижесінде мұнай бағасының неғұрлым төмен бағытына әсер етуі мүмкін.

Бұл ретте халықаралық ұйымдардың әлемдік экономиканың одан әрі дамуына қатысты болжамдары көбінесе дамыған, сол сияқты дамушы елдердің елеулі фискалдық және монетарлық ынталандыруларының арқасында оң күйінде қалып отыр. ХВҚ бағалауы бойынша әлемдік экономика 2021 жылы 6%-ға өседі және 2022 жылы 4,9%-ға дейін аздап баяулайды. Бұл сценарийде мұнайдың қолайлы бағалары арқылы орнықты әлемдік сұраныс біздің экономикамызға оң әсер етеді. Бұл ретте экономикалық өсу бойынша оң нәтиже біздің экономикамыз үшін тағы бір ірі тәуекел тудыратын инфляциялық процестердің жаһандық үдеуіне әсер ететінін түсінген жөн.

Осыған байланысты, ішкі және жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, қазіргі шынайы болмыста монетарлық шаралар шеңберінде ғана күш жұмсау жеткіліксіз болып табылады. Инфляцияға қарсы саясат бойынша үйлесімді үйлестіру қажет. Ақша-кредит саясатының құралдары ғана емес, атап айтқанда Ұлттық Банктің Үкіметпен бірлескен шаралары инфляцияны тұрақтандыруға шешуші әсер етеді.

Біздің бұдан былайғы әрекеттеріміз нақты және күтілетін инфляцияның серпініне тәуелді болады және шын мәнінде монетарлық емес факторлардың әсерін төмендетуге бағытталған Үкіметтің инфляцияға қарсы шараларын іске асырудың тиімділігімен айқындалады. Ұлттық Банк тұрақты негізде инфляциялық процестерге мониторинг жүргізетін болады.

Жоғарыға