1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Жомарт Қажмұратов: Теңге – әлемдегі ең жақсы қорғалған валюталардың бірі

Бүгін – Ұлттық валюта күні. 1993 жылы 15 қарашада Ұлттық валютамыз - теңге айналымға енді. Ал 1997 жылғы 13 қарашада сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 15 қараша - Ұлттық валюта күні және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілді. Атаулы күнге орай біз осы салада көп жылдар қызмет еткен ҚР Ұлттық банкінің қолма-қол ақша айналымы департаментінің директоры Жомарт Қажмұратовты әңгімеге тартқан едік.

Жомарт Қажмұратов: Теңге - әлемдегі ең жақсы қорғалған валюталардың бірі

– 1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш төл ақшасы – теңге айналымға енді. Бұл – қазақ елінің өз алдына азат мемлекет болғанын айшықтап берген тарихи күн. Сонымен, ұлттық валютаға «Теңге» атауын беру туралы идея қайдан шықты?

– 1993 жылы 3 қарашада Елбасы Жарлығымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылды да, сол кездегі Премьер-Министр С.Терещенко оған төрағалық етті. Дәл осы комиссия қаржыгер Дәулет Сембаевтың басшылығымен жұмыс тобын жасақтады. Мемлекеттік комиссия жұмыс тобының бар жағдайын жасады. Олар күн сайын жиналып, өзара ақылдасып, ойларын ортаға салып жүрді. Барлық жұмысқа Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атсалысып, қойылған міндеттің сапалы орындалуын үнемі қадағалап отырды. Соңында жабық есік жағдайында ұлттық валютаға атау беру туралы үлкен дискуссия ұйымдастырылды. Жиында академик Сауық Тәкежановтың ұлттық валютаны «теңге» деп атау туралы ұсынысы бір ауыздан мақұлданды.

– Енді көпті қызықтыратын сауал - дизайнына кімдер жауапты болды?

– Теңгенің дизайнын жасауға үлкен авторлық ұжым тартылды. Оның басында әйгілі сәулетші, суретші, Тимур Сүлейменов тұрды. Әрине, онымен бірге жұмыс істеген Меңдібай Алин мен Ағымсалы Дүзелхановты және Хайрулла Ғабжалиловты да айтпай кетуге болмайды. Осы орайда теңгенің негізгі бетіне ұлттық орнаменттерді пайдалана отырып, ел тарихында есімдері қалған қайраткерлердің портретін орналастыру туралы шешім қабылданды. Ал екінші бетіне Қазақстанның көрікті жерлері мен сәулетті ескерткіштері басылатын болды. Номиналы – 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік банкноттарды басып шығару үшін ағылшындардың «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын компанияға тапсырыс берілді. Сөйтіп егеменді мемлекеттің экономикасын нығайтып, елде тәуелсіз қаржы жүйесін құру үшін 1993 жылы 15 қарашада ұлттық валютамыз – теңге айналымға еніп кетті.

– Ұлттық валютаның дизайнын жасауға қанша уақыт кетті?

– Ұлттық валютамыздың кескін-келбеті өте тығыз мерзімде әзірленгені рас. Бір жыл ішінде жасалды. Бірақ, соған қарамастан, теңге – жоғары сапасымен ерекшелене білді. Ол кезде оны қолдан жасау тіпті мүмкін емес еді. Теңгенің түрлі қорғаныш белгілері болды. Олар: сутамғы белгілері, қорғаныш жіптер, қосарланатын және жасырын бейнелер мен микроқаріптер еді. Мақтанып айтуымыз керек, біздің теңге – әлемдегі ең жақсы қорғалған валюталардың бірі. Өз ақшамыз 1995 жылдан бері Алматыдағы Банкнот фабрикасында басылып, тиындарымыз Өскемендегі Монета сарайында соғылатынын біліп жүргеннің артықтығы жоқ.

– Монеталарға тоқталсақ. Инвестициялық және коллекциялық монеталардың бір-бірінен қандай айырмашылығы бар?

– Иә, Қазақстан Ұлттық банкі банкноттармен шектелмей, инвестициялық және коллекциялық монеталарды да шығарады. Инвестициялық монеталар - аты айтып тұрғандай, бағалы металдардан дайындалады. Олар алтыннан және күмістен соғылады. Яғни, кез келген азамат оларды өзіне инвестиция есебінде сатып алып қоя алады. Жылдар өткесін инвестициялық монеталардың бағасы металл құнының айырмасына қарай өсе беруі мүмкін. Сол арқылы кейін ақшалай қорыңды еселеп алуға болады деген сөз. Ал коллекциялық монеталар, әдетте айтулы оқиғаларға, сондай-ақ маңызы зор түрлі тақырыптарға орай шығарылады. Мәселен, олар көрнекті адамдарға, тарихи ескерткіштерге, одан қалды ұлттық дәстүрлерге де арналуы мүмкін. Бүгінде «Көшпенділер алтыны», «Қазақстанның петроглифтері», «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары», «Қазақстанның мешіттері мен соборлары», «Ұлы қолбасшылар», «Қазақстанның Қызыл кітабы», «Қазақстанның флорасы мен фаунасы», «Спорт», «Космос», «Шығыс күнтізбесі», «Қазақстан халықтарының ертегілері», «Сыйлық монетасы» деген сериялармен шығарылған монеталар бар. Бұлардың барлығы шектеулі таралыммен жасалады. Олар коллекциялық құнына қарай тек Қазақстан аумағында сатуға арналған.

– Біздің бұл банкноттар шетелде қалай бағаланып жүр?

– Небір халықаралық байқауларда бас жүлдені иеленген коллекциялық монеталарымыз да, ұлттық банкноттарымыз да жетерлік. Мәселен, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш-банкнот «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын жеңіп алды. 5 000 теңгелік банкнот «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал түркі жазба ескерткішіне арналған, номиналы 1 000 теңгелік «Kүлтегін» банкнотына берілген үшінші жүлде – «2013 жылғы ең үздік банкнот» болды. Бұл жетістіктер Тәуелсіз Қазақстан жылнамасында тарихи сәт боп қалды.

Дереккөзі: ҚазАқпарат

Жоғарыға