1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ресми айырбастау бағамы деп нені айтады

Және валюта нарығындағы Ұлттық Банктің рөлі қандай?

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми бағамы астана уақытымен 15:30-дағы жағдай бойынша ұлттық валютаның (теңгенің) АҚШ долларына шаққандағы орташа есептелген биржа бағамы бойынша анықталады. Бұл бағам сауда-саттық өткізілгеннен кейінгі жұмыс күні Ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы ресми бағамы ретінде белгіленеді.

Сонымен қатар, теңгені басқа валюталарға айырбастау бағамы 16:00-ге дейін қалыптасқан кросс-бағамдар арқылы есептеледі.

– Биржа бағамы қалай анықталады?

Валюта биржасындағы теңге бағамын нарықтағы сұраныс пен ұсыныс қалыптастырады. Яғни, халықтың долларға деген сұранысы бұрынғы ұсыныс деңгейінде өскен кезде доллар құны өсуі мүмкін. Ал керісінше болса, арзандауына ықпал етеді.

Бағам валютаны сатып алу-сату тапсырыстарының көрсеткіші бойынша сәт сайын өзгеріп отырады. Тапсырыстар салыстырылған кезде, мәміле жасалады және келісілген бағаға сәйкес валютаның иесі өзгереді. Бұл баға сол кездегі валюта бағамын анықтайды.

 

– Теңгенің кросс бағамы қалай есептеледі?

Кросс-бағамы – үшінші валютаға бағаланатын екі валюта арасындағы валюта айырбастау операциясы. Бұл – тікелей валюта бағамы белгісіз болған кезде екі валюта арасындағы айырбас құнын бағалайтын әдіс.

Мысалы, теңгенің Индонезия рупиясына қатысты кросс-бағамын анықтау үшін олардың бағамын АҚШ долларымен салыстыру жеткілікті. Бұл бір теңгені сатып алу үшін қанша Индонезия рупиясы қажет екенін анықтауға көмектеседі.

 

– Ұлттық Банк қандай жағдайда интервенция жүргізеді?

Қазақстан Ұлттық Банкі теңгенің негізгі бағамын қалыптастыруға араласпайды. Валюта интервенциялары валюта нарығындағы шектен тыс құбылуды реттеуге бағытталады. Интервенция тек ел экономикасына әсер етуі мүмкін сыртқы шоктардың алдын алу үшін және ішкі валюта нарығындағы тепе-теңдікті сақтау үшін жүргізіледі.

 

«Қазақстан Ұлттық Банкі теңгенің негізгі бағамын қалыптастыруға араласпайды. Ұлттық қордан республикалық бюджетке қаражат бөлгенде, Ұлттық Банк Ұлттық қор атынан операциялары жүзеге асырады, нарықтағы бейтарап және ашықтық қағидалары сақталады», – деп нақтылады Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Нұржан Нұрғазин.

 

 

– Теңгенің шетел валюталарына қатысты бағамы бойынша Ұлттық Банктің қандай да бір бағдары немесе болжамы бар ма?

Ұлттық Банк белгілі бір уақыт аралығындағы валюта бағамына қатысты болжам жасамайды және оның мақсатты мәнін белгілемейді. Теңге бағамының қалыптасуына негізгі факторлар әсер етеді, сонымен қатар оның ауытқу амплитудасы ішкі қатысушылардың болжамдары мен әлемдік нарықтардағы динамикаға байланысты болады.

 

–  Теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамына қандай факторлар әсер етеді?

Еркін өзгермелі айырбас бағамы саясатына байланысты теңге бағамы күн сайын өзгеріп, сұраныс пен ұсыныс факторларының әсерінен әлсіреуі де, нығаюы да мүмкін.

Теңгенің айырбас бағамының динамикасына төлем балансының жай-күйі, инфляция деңгейі, базалық мөлшерлеме, салық науқандары, бюджет қаражатының жұмсалуы және нарықтың ішкі қатысушыларының болжамдары сияқты ішкі факторлар әсер етеді. Сонымен қатар, мұнай бағасы, сауда серіктестерінің бағамы және әлемдік пайыздық мөлшерлеме сияқты сыртқы факторларды атап өту керек.

Сондай-ақ, теңге динамикасына әуелде аталған барлық факторлардың жиынтығынан құралатын жаһандық трендтер мен геосаяси жағдай тікелей әсер етеді.

 

– Неліктен Ұлттық Банк еркін өзгермелі айырбас бағамы саясатын ұстанады?

Теңге бағамын еркін айналымға жіберу инфляцияны таргеттеуге негізделген ақша-кредит саясаты режиміне басымдық беруге байланысты қабылданған шешім болды. Бұл ұзақ мерзім ішінде экономиканы тұрақты түрде дамытуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға оңтайлы режим саналады.

Нақты бекітілген курс тудырған қысқамерзімді тұрақтылықты ұзақ уақыт бойы сақтау қиынға соғатыны тарихи тәжірибеден белгілі. Бағамды қолдан ұстап тұру белгілі бір деңгейде алтын-валюта резервінің тез сарқылу қаупін тудырады, бұл елдің макроэкономикалық тұрақтылығына толығымен нұқсан келтіреді.

Теңгенің еркін өзгермелі бағамы, керісінше, экономикадағы тепе-теңдіктің бұзылуының алдын алып, саудадағы балансты сақтауға ықпал етіп, сыртқы өзгерістерге бірден жауап беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, еркін айырбас бағамы отандық өнімді экспорттаушылардың бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді және елдегі импортты алмастыруды ынталандырады.

 

– Ресми негізі

Ұлттық Банктің ресми бағамы есеп мақсатында, яғни валюта активтерін немесе міндеттемелерін қайта бағалау үшін қолданылады. Курстарды белгілеу тәртібі қолданыстағы заңнамамен анықталады.

 

Жоғарыға