Серверлік жабдықта жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты ҚҰБ-тың интернет-ресурсы 27 сәуір сағат 9:00-ден 28 сәуір сағат 23:00-ке дейін уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін

1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Жиі қойылатын сұрақтардың жауабы

Банктер және кредит беру
  1. Халық жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары керек деп есептейтінін байқаймыз. Бірақ мұндай бағдарламалар экономикаға кері әсер ететінін жиі айтасыздар. Екінің бірінің баспана алуға мүмкіндігі бола бермейтіні жасырын емес, сонда қарапайым халықтың жағдайы қаншалықты ескеріліп отыр?

Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ, жеңілдетілген бағдарламалар тиімді екені рас. Мәселен, 2023 жылғы 28 желтоқсандағы дерекке сүйенсек, «7–20–25» бағдарламасы аясында 974,1 млрд теңге игеріліп, 71 699 отбасы баспаналы болған.

Одан бөлек, экономикалық белсенділікті ынталандыратын қолдау шарасы ретінде мемлекет қаржыландыруының пайдасы зор, әсіресе, экономикада құлдырау байқалғанда жұмыс орындарын сақтауға, экономикалық сұранысты ынталандыруға мүмкіндік береді.

Әйтсе де, кез келген жеңілдетілген бағдарламаның кері әсері болатынын ұмытпаған жөн. Мемлекет шығысын көбейтіп, инфляцияға әсер етеді, сондай-ақ ұлттық валютаның айырбас бағамына салмақ салады. Сол себепті жеңілдетілген бағдарламалар қысқа мерзімде аяқталғаны жөн және белгілі бір топқа ғана арналған болуы керек.

Кредит беруде мемлекет қаржысының үлесі көп болуы немесе мемлекеттің субсидия беруі ақша-кредит саясатының тиімді іске асуына кедергі келтіреді және баға тұрақтылығына кері әсер етеді. Яғни, экономикаға осылайша қосымша демеу беру, негізінен, инфляцияның өсуіне себеп болады.

Осыған байланысты, мемлекет жеңілдікпен қаржыландыру арқылы экономиканың өсімін ынталандыратын шаралар мен нарықтың өзіндік даму тетіктері арасындағы теңгерімді сақтауға тиіс.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «7–20–25» бағдарламасын іске асыру одан әрі жалғасып жатыр, бірақ бағдарлама бюджеті жыл сайын 100 млрд теңгеден аспауы керек.

  1. Жеке сот орындаушысының жұмысына шағымдану үшін қай мемлекеттік органға жүгіну керек?

Жеке сот орындаушысына шағымыңыз болса, Әділет министрлігіне және оның аумақтық органдарына, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының республикалық және өңірлік палаталарына жүгінуге болады.

  1. Банктің жұмысына шағым түсіру үшін қай мемлекеттік органға жүгіну керек?

Екінші деңгейлі банк дұрыс қызмет көрсетпесе немесе мүлдем қызмет көрсетпегеніне байланысты шағымыңыз болған жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінген жөн. Бұл мекеме – қаржы нарығындағы тұтынушылардың құқығы мен заңда бекітілген мүддесін қорғайтын орган.

  1. Клиенттің келісімінсіз оның банк шотынан бәзбіреулердің ақша алуы мүмкін бе? Қалай алуы мүмкін?

Клиенттің ақшасы өзінің келісімінсіз заңды күшіне енген сот актісі негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық, кедендік және әлеуметтік кодекстерінде, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген жағдайларда ғана алынуы мүмкін.

Мәселен, көбіне, клиент салық төлемеген жағдайда немесе бюджетке төлеуі керек төлемдерден қашса және үшінші тұлғалар алдындағы міндетін орындамаса (алимент, сот тәртібімен өндіріп алынатын жалақы берешегі) оның шотынан келісімсіз ақша алынады.

Борышкерге қызмет көрсететін банктерге уәкілетті органдар төлем құжатын – ақша аударған азаматтың банк шотынан оның келісімінсіз ақша алуға рұқсат беретін инкассалық өкім жолдайды.

  1. Банктің қызмет көрсету тарифі қалай белгіленеді?

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, екінші деңгейлі банктер қызмет көрсеткені үшін алатын комиссиялары мен тарифтерін өздері белгілейді. Оларды белгілеген кезінде банк қызмет көрсету құнын, нарықтағы бәсекелестік ортаны ескереді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді де негізге алады. 

  1. Екінші деңгейлі банктерге, микроқаржы ұйымдарына, коллекторлық агенттіктерге шағым болса, қайда жүгіну керек?

ЕДБ, МҚҰ, КА-ға шағымдану үшін қаржы нарығын реттейтін уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне аласыз. Агенттікке жолдайтын өтініш тәртібі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде бекітілген.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау міндеттері Ұлттық Банктен Агенттікке өткенін еске саламыз.

  1. Жеке тұлғалар өз-өзін банкрот деп жариялауы үшін өтініш беру тәртібі қандай?

Бұл – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құзыретіндегі мәселе.

Дегенмен, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 1-тармағына сәйкес, борышкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, eGov.kz электрондық үкімет порталы және ұялы телефондағы eGov Mobile қосымшасы арқылы соттан тыс банкрот деп тану туралы жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) формада өтініш бере алатынын назарға саламыз.

  1. «7–20–25» бағдарламасымен кредит алу үшін қай екінші деңгейлі банкке жүгінуге болады? Неліктен қаражат жоқ?

Қазір бұл бағдарлама бойынша «Bank RBK» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «ForteBank» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ сияқты екінші деңгейлі банктер кредит береді.

2023 жылдан бастап бағдарламаны қаржыландыру тәртібі өзгерді: 1 трлн теңгелік жалпы бюджеттің орнына жылына 100 млрд теңгеден аспайтын шек белгіленді. Бұдан кейін бағдарламаны қаржыландыру тәртібін өзгерту жоспарда жоқ.

Бағдарламаның жыл сайынғы бюджетін біркелкі игеру үшін банк берген қарыздарды талап ету құқығын сатып алуға бағытталатын қаражат тоқсан сайын бөлінеді. Осы арқылы үй алуды жоспарлаған азаматтар жылдың қай уағында болмасын жеңілдетілген несие ала алады.

Банктер өтініш қабылдауға, қарыз алушыны бағалауға және кредит беру /беруден бас тартуға байланысты шешімді өз бетінше қабылдайды. Ұлттық Банк және бағдарлама операторы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ банктердің шешім қабылдауына ықпал ете алмайды. Бағдарламаға қатысушы банктер өз қаражатынан қарыз береді. Кейін оператор қарызды банктерден сатып алады.

Қолма-қол ақша айналымы
  1. Шетел валютасын Ұлттық Банкте айырбастай аламыз ба?

Шетел валютасын Ұлттық Банкте айырбастай алмайсыз. Қолма-қол шетел валютасын сатып алу немесе сату үшін екінші деңгейлі банктердің айырбастау пунктеріне, «Қазпошта» АҚ валюта айырбастау пунктеріне, сондай-ақ уәкілетті ұйымдардың айырбастау пунктеріне (банкке жатпайтын айырбастау пунктеріне) жүгіне аласыз.

Банкке жатпайтын айырбастау пунктерінің мекенжайын Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында таба аласыз.

  1. Ескі үлгідегі банкноталарды қалай айырбастауға болады?

Жаңа банкнота шығарылса да, ескі банкноталар 12 ай бойы жаңа банкноталармен қолданыста қатар жүреді. Ескі және жаңа үлгідегі банкноталар заңды төлем құралы саналады және олар жыл бойы төлемнің барлық түрі бойынша қабылданады.

Белгілі бір банкнота айналымнан шыққан соң 3 жыл ішінде оны Ұлттық Банктің филиалдарында да, ЕДБ бөлімшелерінде де, «Қазпошта» АҚ кеңселерінде де айырбастауға болады. Бұл ретте ЕДБ ішкі нормативтік құжаттарға сәйкес қызмет көрсеткені үшін комиссия белгілеуге құқылы.

Ұлттық Банк филиалдарында ұлттық валюта банкноталары мен монеталарын айырбастау және ауыстыру – тегін. Ұлттық Банк филиалдарының мекенжайы мен байланыс деректері туралы ақпаратты Ұлттық Банктің интернет-ресурсынан табуға болады.

Ұлттық валютаның барлық ақша белгісі туралы толығырақ ақпарат Ұлттық Банктің интернет-ресурсында, «Ұлттық валюта» бөлімінде жарияланған.

Сонымен қатар, 2006 жылдан бері және одан кейін шығарылған банкноталар 2021 жылғы 12 маусымнан бастап шектеусіз айырбасталады.

Валюталық реттеу
  1. Белгілі бір күнгі белгілі бір валюта бағамын қалай білуге болады?

Қандай да бір валютаның теңгеге шаққандағы ресми бағамы туралы ақпаратты Ұлттық Банктің интернет-ресурсында «Статистика» – «Валюта бағамдары және алтын құны» – «Валюталардың күнделікті ресми (нарықтық) бағамдары» бөлімінен білуге болады.

Сондай-ақ, белгілі бір күнгі немесе белгілі бір кезеңдегі теңгеге шаққандағы валюталардың ресми бағамына қатысты электронды анықтама бар екенін де назарға саламыз. Бұл мәліметті https://digital.nationalbank.kz/landing/exchange электронды анықтама беру сервисінен біле аласыз.

Монеталар мен құймалар
  1. Монетаны қалай сатып алуға болады?

Қазір Ұлттық Банк бағалы металдардан соғылған монеталардың екі түрін – инвестициялық және коллекциялық монеталарды сатылымға шығарады.

Инвестициялық монеталарды қалай сатып алуға болады?

Алтыннан соғылған инвестициялық монеталар 10 теңге (салмағы – 3,11 грамм), 20 теңге (7,78 г), 50 теңге (15,55 г), 100 теңге (31,1 г), 200 теңге (62,2 г), 500 теңге (155,5 г) номиналдарында шығарылады. Күмістен соғылған инвестициялық монеталар 1 теңге (31,1 г), 2 теңге (62,2 г), 5 теңге (155,5 г) және 10 теңге (311 г) номиналдарында шығарылады.

Инвестициялық монеталар Ұлттық Банктің аумақтық филиалдарының кассасында сатылады.

Ұлттық Банктің филиалдарында инвестициялық монеталардың сатылымда бар-жоғы, құны көрсетілген мәліметтерді Ұлттық Банктің интернет-ресурсында жүктеп алуға болады.

Коллекциялық монеталардың сатылымы туралы ақпарат

Коллекциялық монеталар Ұлттық Банктің kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкенінде сатылады. Коллекциялық монеталарды сатып алу үшін интернет-дүкенде тіркеуден өту қажет. Интернет-дүкенде жеке тұлға жеке электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы тіркеледі. Тіркеуден өту және монеталарды сатып алу процесі туралы ҚҰБ интернет-ресурсынан оқуға болады. 

«Қазпошта» АҚ интернет-дүкені арқылы сатып алынған коллекциялық монеталар пайдаланушы тіркелген кезде көрсеткен мекенжайға жұмыс күндері жеткізілетінін хабарлаймыз.

  1. Алтын құймаларды қайдан сатып алуға болады?

Қазір алтын құймалардың 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық бес сорты бар.

Ұлттық Банк құймаларды ЕДБ және банктік емес айырбастау пунктері арқылы өткізеді. Құймаларды сату және сатып алу тәртібі ЕДБ-мен (Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank және Банк ЦентрКредит) және банктік емес жекелеген айырбастау пунктерімен жасалатын шарт негізінде реттеледі.

ЕДБ және банктік емес айырбастау пунктерінің құймаларды клиенттерге (заңды және жеке тұлғалар) сату тәртібі ішкі құжаттарға сәйкес жеке-жеке айқындалады. ЕДБ мен банктік емес айырбастау пунктерінің клиенттермен қарым-қатынасы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы арқылы реттеледі.

Сонымен қатар, әрбір құймада қорғаныс элементтері бар (құймалардың беті айна тәрізді болуы, микротекст және бедерлі гурт) және құймалар механикалық зақымданудан қорғайтын және сапа сертификаты саналатын арнайы қаптамада шығарылатынын хабарлаймыз. Арнайы қаптама жалпы қаптаманың ашылған-ашылмағанын тексеріп алу жолдарын жеңілдетеді.

Төлем инфрақұрылымы
  1. Төлем ұйымы дегеніміз не?

Төлем ұйымы дегеніміз – төлем қызметін көрсету мақсатында құрылған, жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелген заңды тұлға. Бұл – Қазақстан төлем нарығының банкке жатпайтын қатысушысы. Төлем қызметін көрсету үшін төлем ұйымдары Қазақстан Ұлттық Банкінде тіркелуге тиіс, онсыз төлем ұйымдары қызмет көрсете алмайды.

Төлем ұйымы белгілі бір (шектеулі) қызмет түрлерін, атап айтқанда, төлем терминалдары арқылы қолма-қол ақшаны қабылдауға, электрондық ақшаны таратуға және оларды пайдалана отырып операцияларды өңдеуге, сондай-ақ интернет пен мобильді қосымшалар арқылы төлем операцияларын қабылдауға және өңдеуге құқылы. Төлем ұйымы екінші деңгейлі банкпен бірлесіп жұмыс істейді. Екінші деңгейлі банк өңдеу қорытындысына, төлемнің аяқталуына және (немесе) төлем ұйымынан түскен ақпарат негізінде аударылған ақша операциясына жауап береді.

Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін төлем ұйымдарының тізімін Ұлттық Банктің интернет-ресурсынан білуге болады. 

Цифрлық теңге
  1. Цифрлық валюталар мен цифрлық теңгенің артықшылықтары қандай? Қоғам бұл өзгерістерден қауіп көріп, алаңдайтыны байқалады. Жалпы, цифрлық теңге нендей пайда әкеледі?

Цифрлық теңгеде қолма-қол және қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың қасиеттері біріккен. Ол цифрлық экономика құруда экономика агенттеріне қажетті жағдай жасайды. Смарт-келісімшарттар мен бағдарламалану нарық қатысушыларына жаңа инновациялық сервистер құруға мүмкіндік береді. Төлем жүргізу, оның ішінде проактивті төлемдер мен бюджет қаражатын жұмсау тиімді бола түседі, цифрлық активтер саласындағы есептеулер қауіпсіз болады. Офлайн төлемнің арқасында қолма-қол ақшасыз төлем жүргізу мүмкіндігі артады, әсіресе, интернет желісі тартылмаған немесе әлсіз жерлерде бұл мүмкіндік қолжетімді болады.

  1. Цифрлық теңге «қазақстандықтардың қаржысын толықтай бақылауға алу үшін» енгізілетіні рас па?

Бұл – жалған ақпарат. Цифрлық теңге платформасын әзірлеу аясында киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Цифрлық теңгені Ұлттық Банк шығарады, сәйкесінше, бұл – оның міндеттемесінде, яғни азаматтардың қаражаты мен толықтай қауіпсіздік сақталатынына кепілдік береді.

Бұл ретте, банк құпиясының қазіргі қолданыстағы режимі цифрлық теңгеге де қолданылатынын айта кеткен жөн. Ұлттық Банк банк құпиясының сақталуына және азаматтар жүргізген транзакциялардың құпиялылығына кепілдік береді. Қандай да бір ақпарат тек клиенттің өзіне немесе оның келісімімен ғана беріледі.

  1. Ұлттық Банк цифрлық теңгені пайдалану қағидаларына өзгеріс енгізе ала ма?

Ұлттық Банк төлемдер мен аударымдар саласындағы реттеуші және цифрлық теңге операторы ретінде цифрлық теңгенің айналым тәртібін, қолданыстағы төлем жүйелері – ақша аударымдарының банкаралық жүйесі, банкаралық клиринг жүйесі және т.б. соған ұқсас жүйенің жұмыс істеу қағидаларын айқындау бойынша өкілеттіктерге ие.

Бұл ретте ереже әзірлеу және өзгеріс енгізу әрқашан мүдделі тараптар – қаржы нарығының қатысушыларымен, мемлекеттік органдармен және т.б. бірлесіп жүргізіледі.

  1. Цифрлық теңгені қолдануға шектеу белгіленеді деген де қауесет бар. Яғни, сатып алуға болатын тауардың саны немесе ақшаның жарамдылық мерзімі бойынша шектеу қойылады. Осы рас па?

Цифрлық теңгенің қолданысы бойынша мұндай шектеулер енгізу жоспарда жоқ.

  1. Болашақта Ұлттық Банк цифрлық теңгеден басқа есеп айырысу құралына тыйым салады деген де сөз шықты. Бұл қауесет пе, әлде шынымен солай ма?

Цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қол ақшасыз теңгеге қосымша төлем құралы ретінде жүреді, оларды алмастыру үшін енгізілмейді.

Киберсауаттылық және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл

Ең көп кездесетін алаяқтықтың түрі қандай?  

Ең кең таралған алаяқтықтың түрі – фишинг. Фишинг дегеніміз – белгілі ұйымдардың жалған сайттардағы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жалған профильдер және электрондық поштада жаппай хат тарату арқылы жасалатын алаяқтық түрі. Яғни осы тәсіл арқылы интернет-алаяқтары құпиясөз, несие карталарының нөмірі, банк шотына кіру деректері және басқа да құпия ақпарат саналатын жеке деректерді алып, соның арқасында ақша табуға тырысады.

  1. Алаяқтарды қалай тануға болады және олардың схемалары қалай жұмыс істейді?

Алаяқтар табыс табуға арналған жалған бағдарламаларды, сондай-ақ биржа саудасында тез ақша табудың қарапайым тәсілдерін түсіндіретін жарнама роликтері бар сайттар мен мобильді қосымшалар әзірлейді.

Сонымен қатар, мұндай ресурстар әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, бейнехостингтерде жарнама арқылы белсенді түрде жарнамаланып, насихатталады.

Мұндай сайттар мен қосымшаларда танымал адамдардың жалған ақпараты, жалған лицензиялар және басқа да құқықтық құжаттар болады. Сондай-ақ, пайдаланушылардың сеніміне кіру үшін мұндай сайттарда инвестицияға қатысты болжамды кірістің калькуляторлары да болуы мүмкін.

Мысалы, кейбір белгілі алаяқтық схемаларда биржа саудасында ақша табатын сайтқа тіркелу үшін алдымен ақша салу қажет. Осыдан кейін пайдаланушыға Ұлттық Банктің атынан сауда шоты ашылғаны туралы жалған сертификат жіберіледі. Бұл ретте сертификатта Ұлттық Банктің логотипі, қойылған жалған қолдар мен мөрлерді қоса алғанда, Ұлттық Банктің қызметкерлері туралы жалған ақпарат беріледі.

Мұндай ресурстарда алаяқтықтың айқын белгілері бар екенін еске салады, өйткені:

 – Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, ақшалай есеп айырысулар мен мәмілелер жүргізбейді;

 – Ұлттық Банк Мемлекеттік қорлардан ақша табуға арналған қандай да бір платформалар әзірлемейді;

– мұндай ресурстарда аз уақытта көп пайдаға кенелуге кепілдік беретін жалған ақпарат болады, сонымен қатар байланысуға арналған ақпараттар болмайды;

– алаяқтар тіркелмеген нөмірлерден жиі қоңырау шалып, жалған құқықтық құжаттарды ұсынады;

Активтерді инвестициялық басқаруға лицензиясы бар ұйымдардың тізімі Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің ресми интернет-ресурсында бар.

  1. Алаяқтардан қалай қорғану керек?

Жеке дерегіңізді немесе қаржылық мәліметтеріңізді сұраған, сондай-ақ күдікті сілтемелері немесе тіркемелері бар электронды хаттардан абай болыңыз.

Келген хаттардың емле және грамматикалық қателерін, сондай-ақ жіберушінің электрондық пошта мекенжайы мен сілтеменің дұрыс жазылғанын әрқашан мұқият тексеріңіз.

Егер электронды поштаның мазмұны күдік тудырса және хат жіберген адаммен байланысудың басқа жолы болса (мысалы, ұялы байланыс немесе әлеуметтік желілер), хат жіберушіден осы электронды хатты жібергенін растап алу қажет.

Сондай-ақ, онлайн-банкингке немесе өзге де қаржылық сервистерге қосылған кезде жалпыға қолжетімді Wi-Fi желілерін пайдаланбағаныңыз абзал.

Логин мен парольдерді енгізу арқылы тіркелу қажет интернет-ресурстарға кірген кезде, қауіпсіздігіңіз қорғалатынына көз жеткізіңіз (браузер жолағында https деп жазылуы керек).

Сонымен қатар, белгісіз нөмірлерден қоңырау түскен кезде қырағылық танытып, жеке дерегіңізді айтпаңыз, күдікті платформалардан мобильді қосымшалар жазып алмаңыз, ұялы телефонды қашықтан басқаруға рұқсат бермеңіз. Сондай-ақ телефон арқылы айтылған нұсқау бойынша үшінші тұлғалардың шоттарына ақша аудармаған дұрыс.

  1. Жеке деректер алаяқтардың қолына өтіп кетсе, не істеу керек?

Алаяқтарға тап болған азаматтар банк карталарын бұғаттап, (шабуылдаушылар банк картасының деректерін – карта иесінің аты-жөні, нөмірі және жарамдылық мерзімі, CVC2 немесе CVV2 кодын, PIN-кодын біліп қойса) құқық қорғау органдарына шағымдануы керек.

ҚҰ ҰБ-қа жұмысқа тұру
  1. ҚР ҰБ-қа қалай жұмысқа тұруға болады?

ҚР ҰБ қызметкерін жұмысқа алу процесі «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Сонымен қатар, үміткерлер «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметшілерімен лауазымға тағайындау және еңбек шартын тоқтату қағидаларына» (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 261 қаулысымен бекітілген) сәйкес жұмысқа алынады.

Ұлттық Банкте жұмыс істегісі келетін адам кадр резервіне тұрып, реттеушінің іріктеуіне қатысуы қажет. Үміткерлерді таңдаудағы негізгі критерийлер – білімі, шет тілдерін білуі, халықаралық сертификаттардың болуы (тілдік, қаржылық, IT және т.б.), сондай-ақ жұмыс тәжірибесі. Үміткердің ерік-жігері мен кәсіби қабілеттеріне, мысалы, мақсатқа жетудегі ұмтылысы, бастамашылдығы, шешім қабылдаудағы батылдығына баса мән беріледі.

  1. Түйіндемені қайда жіберу керек?

Онлайн резерв басталғанда түйіндемеңізді Ұлттық Банктің интернет-ресурстындағы nationalbank.kz формаға сәйкес толтырып жіберу қажет.

Резервке алынғандардың тізімі әзір болған кезде кандидаттар өздерінің актуалды түйіндемелерін және біліктілігін растайтын сертификаттарын HR@nationalbank.kz электрондық мекенжайға жібере алады.

  1. Онлайн резерв қашан басталады?

Кезекті іріктеудің қашан басталатынын білу үшін, сондай-ақ Ұлттық Банктің жаңалықтарынан, соның ішінде жұмысқа орналасуға байланысты ақпараттардан хабардар болу үшін Ұлттық Банктің интернет-ресурстындағы жаңалықтарды қадағалауға, біздің ресми парақшаларымызға жазылуға кеңес береміз:

Facebook

Instagram

  1. Ұлттық Банк жеке тұлғаларға оқу гранттарын бере ме?

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында Ұлттық Банкке мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдары, елдің бейрезидент банктерінің филиалдары, бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары, бейрезидент сақтандыру брокерлерінің филиалдары үшін кадр даярлауға және қайта даярлауға қатысу жөніндегі қызмет бекітілген.

Ұлттық Банк серіктес жоғары оқу орындарымен магистратураның бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.

Бағдарламалар аясында ҚР ҰБ магистранттарды оқытуды және стипендия төлеуді қаржыландырады және олардың ҚР ҰБ құрылымына немесе ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жұмысқа орналасуына жағдай жасайды. Ал білім алушылар болса, алған білімін кемінде үш жыл жұмыс істеп өтеуге міндеттеледі.

  1. ҚР ҰБ қандай жоғары оқу орындарымен қандай бағдарламалар бойынша ынтымақтастық орнатқан?

Ұлттық Банк «Назарбаев Университеті» ДББҰ-мен – Master of Science in Finance бағдарламасын, «Қазақстан-Британ техникалық университеті» АҚ-мен – Financial Risk Management and Data Science, Macrofinance and Data Science, Financial Technology бағдарламаларын және «Нархоз университеті» КЕАҚ-мен бірлесіп – «Қаржы талдаушысы», «Қаржылық тәуекел менеджері», «Макроаналитика және болжау» магистрлік бағдарламаларын іске асырады.

Бағдарламалардың сипаттамасы, қабылдау науқаны туралы ақпарат университеттердің ресми сайттарында бар, сондай-ақ Ұлттық Банктің интернет-ресурсында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында қосымша жарияланады.

  1. ҚР ҰБ-та тәжірибеден қалай өтуге болады?

Ұлттық Банк тәжірибеден өту жұмыстарын ұйымдастыруда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының 22.09.2022 жылғы № 232 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары студенттерінің, магистранттарының және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі шетелдік жоғары оқу орындарының кәсіптік практикасын ұйымдастыру тәртібін» басшылыққа алады.

Ұлттық Банкте тәжірибеден өту үшін Ұлттық Банктің интернет-ресурсындағы nationalbank.kz тіркелу формасын толтыру қажет.

Тәжірибеден өтуге үміткерлерге қойылатын міндетті талаптар бар: үміткерлер жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша соңғы курста оқуға тиіс.

Қажетті құжаттар (міндетті):

  1. тіркелу формасы;
  2. жоғары оқу орны басшылығынан немесе факультет басшылығынан ұсыныс хат;
  3. үлгерімнің орташа балы (GPA) көрсетілген, оқыған пәндерді және олардың бағалары (транскрипт) берілген құжат;
  4. студенттің жоғары оқу орнында оқитынын растайтын, оқу орны берген анықтама.

Қосымша құжаттар (міндетті емес):

  1. шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы халықаралық сертификаттардың көшірмелері (IELTS, TOEFL және т. б.);
  2. сертификаттардың, грамоталардың, дипломдардың және т.б. көшірмелері.

Құжаттарды жіберетін электрондық мекенжай: KuralayMukashova@nationalbank.kz.

Жоғарыға