1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Төлем балансы жайлы сұрақтар мен жауаптар

Ұлттық Банк елге кіретін және одан шығатын экономикалық ағындарды қалай санайды

Төлем балансы деген не?

Төлем балансы – бұл елге кіретін және одан шығатын экономикалық ағындар туралы есеп.

Бұл орайда экономикалық ағындар операциялардың 4 түрін қамтиды:

  1. тауарлармен – экспорт және импорт,
  2. қызметтермен – экспорт және импорт,
  3. кірістермен – басқа елдерден алынатын және басқа елдерге төленетін,
  4.  капиталмен – Қазақстанға басқа елдерден келетін және Қазақстаннан кететін.

Басқаша айтқанда, төлем балансы Қазақстанның әлемнің қалған бөлігімен, яғни резиденттердің бейрезиденттермен, ағымдағы және қаржылық қатынастарын көрсетеді. Ол белгілі бір уақыт кезеңіндегі деректерді қамтиды – тоқсан, жарты жыл, жыл.

– Төлем балансы неліктен маңызды? 

Төлем балансын меңгере отырып,

  • кәсіби экономисттер:

экономиканың құрылымдық ерекшеліктері, мәселелері, күшті және әлсіз жақтары туралы түсініктерін қалыптастырады, 

макроэкономикалық тұрақтылық үшін тәуекелдерді, оның ішінде төлем балансының көрсеткіштерін болжау арқылы, бағалай және экономикадағы теңгерімсіздіктерді анықтай алады;

  • экономика субъектілері елге инвестициялау сияқты мәселелер бойынша шешімдер қабылдай алады,
  • Ұлттық Банк макроэкономикалық саясат саласында тактикалық және стратегиялық, оның ішінде базалық мөлшерлеме деңгейі бойынша, шешімдер қабылдайды.

– Төлем балансы неден тұрады?

Төлем балансы үш компоненттен құралады:

  1. ағымдағы шот,
  2. қаржылық шот,
  3. капитал шоты.

–  Төлем балансының ағымдағы шоты деген не?

Ағымдағы шот – келесідей ағымдағы операцияларды ескеретін төлем балансының бөлігі: тауарлар экспорты мен импорты, қызметтер экспорты мен импорты, резиденттердің шетелде алынатын кірістері, сонымен қатар бейрезиденттердің Қазақстанда алатын кірістері.

Осылайша, төлем балансының ағымдағы шоты – бұл сауда балансының, қызметтер балансының және кірістер балансының жиынтық сальдосы.


Төлем балансының ағымдағы шотының таңбасын қалай түсіндіруге болады?

Егер ағымдағы шот теріс болса, онда мемлекет ағымдағы операциялар бойынша әлемнің қалған бөлігіне алатынынан көп төлейді. Бұл жағдай ағымдағы шоттың тапшылығы деп аталады.

Керісінше жағдайда профицит пайда болады.

«Экспорт экспорттық валюталық түсімнің кірісін, ал импорт шетелге төлемдерді тұспалдайтындықтан, экспорт «оң» белгімен, ал импорт «теріс» белгімен белгіленеді. Барлық операциялардың жиынтығы қосылып,  нәтижесі ағымдағы шотты береді. Егер нәтиже оң болса, елімізде ағымдағы шоттың профициті орын алады», – деп Төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаев түсіндіреді.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспорты, сондай-ақ Қазақстанның шетелден алатын кірістері елге шетел валютасының түсуіне ықпал етеді, ал тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің импорты, сондай-ақ қазақстандық көздерден алынатын шетелдіктердің кірістері валютаның кетуіне ықпал етеді.

Қазақстан бойынша мысал. Валюта ағыны, негізінен, мұнай, газ және металдар экспортымен қамтамасыз етіледі. Валютаның кетуі, көп жағдайда, әр түрлі импорттық тауарларға (мысалы, автомобильдер, телефондар, тұрмыстық техника, жабдықтар) ақы төлеуге және шетелдік тікелей инвесторлардың табыстарын төлеуге ықпал етеді.

Төлем балансының қаржылық шотында қандай операциялар көрсетіледі?

Төлем балансының қаржылық шоты бойынша қаржы активтерімен – тікелей, портфелдік және басқа да инвестициялармен, оның ішінде шетел валютасымен –операциялар өтеді.

Қаржы шоты Қазақстанның шетелдік активтерге қанша инвестиция салатынын және әлемнің қалған бөлігінен қанша инвестиция алатынын көрсетеді.

– Ұлттық Банк төлем балансын қалай қалыптастырады?

Ұлттық Банк төлем балансын қалыптастыру үшін әртүрлі ақпарат көздерін пайдаланады, мысалы, халықаралық тауар саудасы бойынша статистиканы қалыптастыру үшін Ұлттық статистика бюросы мен Мемлекеттік кірістер комитетінің деректерін, ал қызметтермен сауда үшін өзінің статистика базасын пайдаланады..

Негізінде, ақпарат көздері өте көп. Мысалы, статистикалық есеппен қатар екінші деңгейдегі банктердің есептері де қолданылады.

Ұлттық Банктің міндеті – балансқа келу үшін әртүрлі есептерден статистикалық мәліметтерді жинау.

Жоғарыға