09.01.2020

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚРҰБ) Сіздердің назарларыңызға мынадай ақпаратты жеткізеді.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 11 қарашадағы № 203 Жарлығымен 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік органы – Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік)  жұмыс істей бастайды.

Агенттік қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ететін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және қаржы нарығын дамытуға жәрдемдесетін, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын, сондай-ақ құзыреті шегінде өзге де тұлғаларды мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.

Агенттік берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес ҚРҰБ-ның құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалды.

Агенттіктің міндеттері:

1) қаржы нарығын реттеу мен дамыту, оның ішінде қаржы ұйымдары қызметінің стандарттарын белгілеу, қаржы ұйымдарын корпоративтік басқаруды жақсарту үшін ынталандыру;

2) қаржы жүйесінің орнықтылығын сақтау мақсатында қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мониторингтеу;

3) қаржылық тұрақтылықты қолдау мақсатында қаржы нарығының тәуекелдерге барынша ұшырағыш салаларына қадағалау ресурстарын шоғырландыру; 

4) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін, тұтынушылар үшін қаржы ұйымдарының қызметі және олар көрсететін қаржылық қызметтер туралы ақпараттың толықтығын және қолжетімділігін, сондай-ақ халық үшін қаржылық сауаттылық деңгейін және қаржылық қолжетімділікті арттыруды қамтамасыз ету;

5) «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасының басқа заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де міндеттер.

Мемлекеттік органның міндеттері мен функцияларының толық тізбесімен осында танысуға болады.

Осыған орай Агенттікке оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша өтініштерді 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жіберу қажеттілігі туралы хабарлаймыз.

 

Агенттіктің деректемелері:

А15С9Т5, Алматы қаласы, «Көктем-3» шағын ауданы, 21-үй.

Телефон: +7 727 2619 200

Факс: +7 727 2440 282

E-mail: info@finreg.kz