Қазақстан Ұлттық Банкі

Ұлттық Банк  ақша-кредит саясатының құралдары арқылы ақша нарығының өтімділігін және пайыздық мөлшерлемелерді реттейді, банктердің кредиттік белсенділігіне ықпал етеді және айналыстағы ақша массасының көлеміне әсерін тигізеді.

Тұтастай алғанда, ақша-кредит саясатының құралдары 3 түрге бөлінеді:

Ашық нарық операциялары – Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемеге жақын банкаралық пайыздық мөлшерлемелер деңгейін қалыптастыру мақсатында ақша нарығында өтімділік ұсынуға немесе алуға арналған аукциондар нысанындағы жүйелі операциялары. Ашық нарық операциялары Ұлттық Банктің бастамасы бойынша жүзеге асырылады. Ашық нарық операцияларын жүргізу кезінде өтімділігі жоғары және тәуекелсіз бағалы қағаздар кепіл ретінде пайдаланылады.

Тұрақты қолжетімділік операциялары (тұрақты тетіктер) – ақша-кредит саясатының өтімділік көлемін түзету жөніндегі құралдары, ол ашық нарық операцияларының нәтижелері бойынша қалыптасты. Тұрақты қолжетімділік операцияларының негізгі мақсаты  ақша нарығының қысқамерзімді пайыздық мөлшерлемелерінің құбылмалылығын шектеу болып табылады. Осы операциялар банктердің бастамасы бойынша жүргізіледі.

Ең төменгі резервтік талаптар құрылымдық өтімділікті, сондай-ақ банкаралық ақша нарығындағы өтімділік пен мөлшерлемелерді реттеу үшін пайдаланылады. Резервтік талаптардың нормативтерін ауыстыра отырып, орталық банк  банктердің өздерінің резервтеріне сұранысын реттейді және, өзінің құралдарын пайдалана отырып, ақша нарығындағы өтімділікті қысқамерзімді банкаралық пайыздық мөлшерлемелерді талап етілетін дәлізде ұстап тұруға мүмкіндік беретін деңгейде қолдайды.

Ең төменгі резервтік талаптар нормативтері

Резервтік міндеттемелердің әрбір түрі бойынша ең төменгі резервтік талаптардың жеке нормативі белгіленген:

1) ұлттық валютадағы қысқа мерзімді міндеттемелер – 2%;

2) ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді міндеттемелер – 0%;

3) шетел валютасындағы қысқа мерзімді міндеттемелер – 3%;

4) шетел валютасындағы ұзақ мерзімді міндеттемелер – 1%.

Жоғарыға