Қазақстан Ұлттық Банкі

2015 жылдан бастап Ұлттық Банк теңгенің құбылмалы айырбас бағамы кезіндегі инфляциялық таргеттеу режиміне көшті.

Инфляциялық таргеттеу – түпкі мақсаты баға тұрақтылығы болып табылатын ақша-кредит саясатының режимі.

Инфляциялық таргеттеу режимі кезінде пайыздық арна маңызды рөл атқарады, ол арқылы орталық банктің пайыздық мөлшерлеме саясаты  нарықтық мөлшерлемелерге әсер етіп, сосын халықтың тұтынушылық, жинақтау, инвестициялық  тәртібіне ықпал ете отырып соңында инфляциялық процестерге әсер етеді. 

Неге баға тұрақтылығы?

Инфляция әлемнің көптеген елдерінде экономиканың қазіргі заманғы дамуының аса өткір проблемаларының бірі болып табылады. Бағалардың жалпыға бірдей өсуі жинақтардың құнсыздануына, инвестициялауға ынталандырудың төмендеуіне, ұлттық валютаға деген сенімнің төмендеуіне әкеледі. Инфляция ұзақ мерзімге жоспарлау мүмкіншілігін жоқ етіп, экономикаға орны толмас зиян келтіреді. Нәтижесінде, жоғары инфляция экономикалық өсу қарқынын баяулатады.

Көп жылдық халықаралық тәжірибе экономиканың теңгерімді дамуын қолдау және қоғамның әл-ауқатын арттыру үшін неғұрлым тиімді стратегия инфляцияның төмен қарқынын қамтамасыз ету болып табылатынын көрсетіп отыр. Бағаның тұрақтылығы көптеген орталық банктердің басты мақсаты болып табылады.

Неліктен өзгермелі айырбас бағамы режимі?

Инфляциялық таргеттеуге көшуден кейін айырбас бағамы саясатының қолданыстағы режимі - теңгенің құбылмалы айырбас бағамы болып табылады. Бұл режим сыртқы күйзелістерге автоматты түрде ден қоюға және іргелі факторлар өзгергеннен кейін қысқа мерзімде тепе-тең мәнге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл экономиканың барлық секторларының және қаржы нарығы сегменттерінің тұрақты дамуына ең жақсы жағдай жасайды.

Ұлттық Банк айырбас бағамының қалыптасу процесіне араласпайды. Сонымен қатар теңге бағамының шамадан тыс өзгеруін болдырмау үшін, сондай-ақ қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін интервенция жүргізу құқығын өзіне қалдырады. Интервенциялар жалпы өзгермелі айырбас бағамының саясатына қайшы келмейді.

Жоғарыға