Бағалы металдардан жасалған монеталарды сақтау жөніндегі ұсынымдар
Бағалы металдардан жасалған бұйымдар олардың механикалық бүлінуіне жол бермейтін жағдайда сақталуы тиіс. Монеталарды сақтаудың ең төменгі температурасы 5°C, ең жоғарғы температурасы 40°C. Асыл тастар орнатылған монеталарды сақтаған кезде тез өзгеретін температурадан сақтаған жөн.
Монеталарды құрамында белсенді химиялық қосылыстар бар тұрмыстық химия тауарлары, косметикалық құралдар, дәрі-дәрмектер сияқты заттармен бірге сақтауға болмайды. Монеталарды әсіресе хлор, йод және сынап сияқты қосылыстармен қатар сақтаған қауіпті. Мысалы, аузы жабық йод шөлмекпен бір сөреге қою орны толмас зиян әкелуі мүмкін: бұйымда қоңыр дақ немесе қошқыл қақ пайда болады.
Коллекциялық монеталарды поливинилхлоридтен (түссіз, мөлдір пластмасса, термопластикалық полимер) жасалған альбомдардағы зауыттың орауынсыз (қатты мөлдір капсулалар) сақтауға мүлдем болмайды, себебі уақыт өткен сайын поливинилхлорид хлорорганикалық қосылыстарды өзінен бөле отырып бұзылады, олар монеталарда жасыл түсті қақтың пайда болуына себеп болуы мүмкін.
Сонымен қатар монеталарды банкноттармен бірге сақтауға болмайды, себебі бояуда және қағазда күкірт бар, ол монетаның бетінің қараюына әкеп соғуы мүмкін.
«Пруф» сапасында жасалған монеталар сығымдау станогынан алынғаннан кейін қатты мөлдір капсулаларға салынады. Бұл монеталарды жылтыр бетін зақымдауы мүмкін қатты заттармен жанасудан, монетаға шаңның және ұсақ бөгде заттардың түсуінен қорғау үшін қажет. «Пруф» сапасында жасалған монеталардың жылтыр бетін аздап жанасу арқылы да бүлдіруге болады. Сондықтан да зауыттың орауын бүлдірмеуге кеңес беріледі. Егер монетаны қорғаныш капсуласынан алу қажеттігі туындаса, оны мүмкіндігінше қырынан (гуртынан) ұшы жұмсақ қысқышпен немесе арнайы мақта-мата қолғабын киіп ғана алуға болады. Мәселен, күміс адамнан бөлінген терді және адамның жеке қышқыл-сілтілі ортасын өте қабылдағыш, егер қысқышты немесе арнайы мақта-мата қолғапты пайдаланбаса, күмістен жасалған монета қышқылданып, сұр, қоңыр, күлгін немесе қызыл түстерге боялуы мүмкін.
Бұл ретте «пруф» сапасында алтыннан және күмістен жасалған монеталарды тазартуға кеңес берілмейді.
«Анциркулейтедпен» орындалған алтыннан және күмістен жасалған инвестициялық монеталарда дақ пайда болған жағдайда оларды нарықта ұсынылып жүрген, күмісті жылтыратуға арналған түрлі мақта-мата майлықтарының көмегімен алуға болады. Бұл ретте арнайы мақта-мата қолғап кию қажет. Дақтарды алып тастау үшін капсуланы ашып, монетаны алып, оны майлықтың бір шетіне таза жағымен қойып, майлықтың екінші шетімен монетаны сүрту қажет.
|