link
ҚАЗ РУС ENG Арнайы нұсқа
Ақша-кредит саясаты Қаржы тұрақтылығы Валюталық реттеу Қаржылық қадағалау Төлем жүйелері Ұлттық валюта Статистика
link
link
link link
Ұлттық Банк жайлы
Нормативтік құқықтық база
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау
Баспасөз орталығы
Ұлттық Банктің мемлекеттік қызметтері
Рұқсаттар және хабарламалар тізілімі
Қолданылған ықпал ету шаралары мен санкциялар
Ұлттық Банктің сатып алулары
Сұрақ-жауап
Мұрағат
Техникалық ресурстар
Жазылу

  

Ақша-кредит саясатының 2010 жылға арналған негізгі бағыттары

жарияланым күні: 03.03.2010

Қазақстан Республикасының Ұлттық

Банкі Басқармасының

2010 жылғы 1 ақпандағы

№ 7 қаулысымен мақұлданған

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АҚША-КРЕДИТ САЯСАТЫНЫҢ 2010 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

Кіріспе

Көптеген елдердің 2008-2009 жылдары қабылдаған бұрын-соңды болмаған дағдарысқа қарсы шараларының арқасында әлемдік экономика ғаламдық дағдарыстан туындаған рецессиядан шыға бастады. Жақын жылдары, әсіресе, 2010 жылы дағдарысқа қарсы шараларды аяқтау жөніндегі «шығу стратегиясын» іске асыру дамыған елдердің де, дамушы елдердің мемлекеттік органдарының алдында тұратын негізгі мәселелердің бірі болып қала береді. Бұл ретте осы бағдарламаларды аяқтау үшін оңтайлы сәтті айқындау айтарлықтай күрделі міндет болып табылады.

Бір жағынан, мемлекеттік ынталандыруды мерзімінен бұрын аяқтау әлемдік экономикада дағдарыстың жаңа лебін туындатуы мүмкін. Экономика субъектілері ресурстарының жеткіліксіздігінен қызметін өз бетінше белсенді етуге қауқарсыз болуы мүмкін.

Екінші жағынан, дағдарысқа қарсы белсенді шараларды одан әрі жалғастыру мемлекеттің ресурстарына түсетін жүктемені ұлғайту және мемлекеттік бюджеттер дефицитінің едәуір өсуі арқылы экономиканың одан әрі дамуы үшін тәуекел қаупін тудыруы мүмкін. Экономиканы көлемді түрде қаржыландыру қаржы институттарында артық өтімділіктің жинақталуына әкеп соқты, төмен инвестициялық белсенділік жағдайында ол жаңа «көпіршіктердің» пайда болуына әкеп соғуы мүмкін. Сондай-ақ «жұмсақ» ақша-кредит саясатын жалғастыру қосымша инфляциялық тәуекелдерді туындатуы мүмкін.

Осылайша, теңдестірілген саясатты жүргізу, яғни мемлекеттің экономикаға одан әрі айтарлықтай қолдау көрсетуден біртіндеп бас тартуы баға тұрақтылығын сақтаған жағдайда экономиканың өсу қарқынын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл ретте әлемдік экономикадағы экономикалық және қаржылық жағдайлардың 2009 жылдың екінші жартысынан бастап жақсаруына қарамастан өсудің қалпына келуі баяу болады деп күтіледі.

Қазақстан Республикасының макроэкономикалық дамуында 2009 жылы да түбегейлі бетбұрыс болды.

2009 жылғы 3-тоқсаннан бастап экономикалық өсудің кейбір қалпына келуі байқалады, ол 2009 жылдың бірінші жартыжылдығында нақты ЖІӨ-нің айтарлықтай төмендеуін өтеді. 2009 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша нақты ЖІӨ 1,1%-ға ұлғайды. 2009 жылы экономиканың өсу қарқынының 2007-2008  жылдардағыға қарағанда төмен болуына қарамастан мемлекеттік қолдау шаралары экономика субъектілерінің оң күтулерін қалпына келтіруге және экономикалық ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

Қазақстан Республикасының экономикасындағы инфляциялық әлеует 2009 жылы ең төменгі деңгейде болды. Инфляция қарқынының тұрақты төмендеуі байқалды. 2009 жылдың қорытындылары бойынша 6,2% деңгейінде (2008 жылы желтоқсанда – 9,5%) қалыптасты.

2010 жылы Қазақстан Республикасындағы инфляциялық қысымның одан әрі төмендеуі күтілмейді, ол кейбір тәуекелдердің болуымен байланысты. Тұтынушылық сұраныстың кеңеюі бюджеттен төленетін жалақыны, әлеуметтік жәрдемақыларды және зейнетақыларды 2010 жылы жоспарлы түрде көтерумен қамтамасыз етілуі мүмкін. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасы Кеден Одағының құрылуымен байланысты әкелінетін өнімге салынатын кедендік баждың көтерілуіне байланысты импортталатын өнімнің қымбаттауы да мүмкін.

Елдің нарығындағы ахуал 2010 жылы біртіндеп жақсаратын болады, алайда экономикалық және қаржы тәуекелдерінің сақталуына байланысты банктердің кредиттік белсенділігі бірден артпайды.

Тұтастай алғанда Қазақстан Республикасы экономикасының одан әрі дамуы көптеген факторларға байланысты, олардың әсерін қазіргі уақытта бағалау іс жүзінде мүмкін емес, ал оларды Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Ұлттық Банктің тарапынан бақылау айтарлықтай қиындық туғызады. 

Әлемдік және ішкі нрықтардағы тұрақсыздықтың және белгісіздіктің сақталуы жағдайында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша-кредит саясатының бір жылға  - 2010 жылға арналған негізгі бағыттарын әзірлеуге шешім қабылдады.  Белгісіздіктің төмендеуіне қарай Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша-кредит саясатының үш жылдық кезеңге арналған негізгі бағыттарын әзірлеу практикасына оралатын болады.

1.     Қазақстан Республикасының 2009 жылғы ақша-кредит саясаты

2008 жылдың аяғында 2009 жылдың басында ішкі валюта нарығында теріс девальвациялық күтулердің едәуір өсуі байқалды. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айырбастау бағамының тұрақтылығын қамтамасыз ету және нақты емес дәлізді бір АҚШ доллар үшін 120 теңге ±2% шегінде сақтау жөнінде айтарлықтай күш салды.

2008 жылғы қазаннан бастап 2009 жылғы ақпан аралығындағы кезеңнің өзінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі теңгенің айырбастау бағамының тұрақтылығын қамтамасыз етуге 9 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы жұмсады. Алтынвалюта резервтерінің көлемі осы кезеңде 10,4%-ға төмендеді.

Алайда, 2009 жылдың басында әлемдік экономикада қалыптасқан ахуал, оның ішінде Қазақстан Республикасының сауда-әріптес елдері валюталарының девальвациясы және қазақстандық экспорттың негізі болып табылатын энергия ресурстары бағаларының айтарлықтай төмендеуі төлем балансының 2009 жылғы көрсеткіштерінің тұрақтылығын қамтамасыз етпеді және олардың күрт нашарлауына әкеліп соқты.

Ақша-кредит саясатын жүргізу кезіндегі тәсілдердің міндетті түрде өзгеруі жағдайында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі назарды баға тұрақтылығын қамтамасыз етуден және инфляциялық таргеттеуге көшу саясатын жалғастырудан валюталық дәлізді белгілеуге қарай ауыстыру жолдарын зерделеді. Әлемдік тәжірибеге жасалған талдау бағамды жаңа деңгейде кейіннен ұстай отырып, ұлттық валютаны бір реттік девальвациялау қалыптасқан жағдайдағы жалғыз дұрыс шешім болып табылатынын көрсетті.

Соған байланысты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2009 жылғы ақпанда теңгенің айырбастау бағамының бір АҚШ доллары үшін 150 теңге +/-3% деңгейіндегі жаңа дәлізін белгіледі. Бұл нарықтағы девальвациялық күтулерді төмендетіп қана қоймай, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қайта қалпына келтіруді және алтынвалюта резервтерін сақтауды қамтамасыз етті.

Осы шаралардың, сондай-ақ қазақстандық экспорттың негізгі позияцияларының әлемдік бағаларының қалпына келуі нәтижесінде ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақтанып, 2009 жылдың аяғында ұлттық валютаның нығаю үрдісі байқалды. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алтынвалюта резервтерінің көлемін толықтыра алды. 2009 жылдың аяғында ол 23,2 млрд. АҚШ долл. құрады, бұл 2008 жылмен салыстырғанда 16,8% артық.

Экономикадағы ең төменгі әлеует Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ақша-кредит саясатының негізгі бағыты ретінде халықтың ұлттық валютаға деген сенімін қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдауды айқындауға мүмкіндік берді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ол үшін банктерге қысқа мерзімді теңге өтімділігін беру жөнінде шаралар қабылдады. Осы бағыт шеңберінде банктерге қайта қаржыландыру заемдары берілді, осы операциялар бойынша кепілдікті қамтамасыз ету ретінде қабылданатын құралдардың тізбесі түзетілді. Ресми қайта қаржыландыру ставкасы  10,5%-дан бұрын-соңды болмаған ең төменгі деңгей – 7,0% дейін біртіндеп төмендетілді.  2009 жылғы наурызда банктерге қойылатын ең төменгі резервтік талаптардың нормативтері ішкі міндеттемелер бойынша 2%-дан 1,5%-ға дейін және өзге міндеттемелер бойынша 3%-дан 2,5% дейін  төмендетілді. Борышын қайта құрылымдау үстіндегі банктердің ағымдағы өтімділігіне қолдау көрсету үшін 2009 жылғы қарашада осы банктердің барлық міндеттемелері бойынша 0% мөлшерінде ЕРТ-нің жекелеген нормативтері белгіленді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдарының жоспары шеңберіндегі банк жүйесіне мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау банктік өтімділікпен байланысты ахуалды едәуір жақсартуға ықпал етті. Нәтижесінде 2009 жылдың 2-тоқсанынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресурстарына банктер тарапынан сұраныс қысқарды.

Қазақстан Республикасының экономикасындағы жоғары тәуекелдердің сақталуы және нақты сектор тарапынан кредиттік ресурстарға деген сұраныстың шектелуі, сондай-ақ банктердің несие портфелі сапасының төмен болуы кредиттік белсенділіктің өсуіне әсер етпеді. Нәтижесінде сыйақы ставкаларының төмендеуіне және банктерден тартылатын депозиттер және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығаратын қысқа мерзімді  ноталары бойынша мерзімдерінің ұлғаюына қарамастан банктер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құралдарындағы өтімділіктің едәуір көлемін жинақтады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің уақытша лагты ескере отырып қабылдаған шараларының тиімділгі 2010 жылы көрінетін болады.

2.         Қазақстан Республикасы экономикасының 2010 жылға арналған дамуының сценарийлік нұсқасы

Әлемдік экономиканың баяу қалпына келуі, тауар нарықтарындағы, оның ішінде қазақстандық экспорттың негізгі тауарларына қалыпты әлемдік бағалар, әлемдік қаржы нарығындағы айқын еместік Қазақстан Республикасы  экономикасының үрдісін айқындайтын  негізгі факторлар болып табылады.

2010 жылы Қазақстанға, негізінен өркендеу шыңы 2009 жылға сай келген Солтүстік Каспий жобасын қаржыландырудың қысқаруы есебінен,  тікелей шетелдік инвестициялардың төмендеуі күтіліп отыр.

Қазақстандық банктерге  ұзақ мерзімді  қаржы құралдарының әлемдік нарығына кірудің шектеулі болатындығына қарамастан, кейбір банктердің сыртқы қарыз алуды жаңартуы жоққа шығарылмайды, сондай-ақ 2007-2009 жылдары басталған жобаларды нақты секторда қаржыландыру  жалғасады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсімдердің өсуімен байланысты 2010 жылы  ресурстардың болуы мүмкін  әкетілуі мұнайдың  әлемдік бағасының деңгейімен және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын жинақтау мен пайдалану тетігімен айқындалатын болады.

Қазақстан Республикасының экономикасына әсер ету дәрежесін ескере отырып, мұнайдың  әлемдік бағасының деңгейі 2010 жылға арналған ақша-кредит саясатын әзірлеу кезінде сценарийлік нұсқаға бөлудің негізгі критерийі болып айқындалды. Макроэкономикалық жағдайдың дамуының үш сценарийі қаралды. Бұл ретте  мұнай бағасының  деңгейі бір баррель үшін 30 және 50 АҚШ  болуын болжайтын бірінші және екінші сценарийлер  тиісінше Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық  даму  болжамын қалыптастыру кезінде  Қазақстан Республикасы Үкіметінің бағаларымен синхрондалған және келісілген болып табылады. Сондай-ақ  2009 жылы қалыптасқан  мұнайдың бағасының орташа жылдық деңгейін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мұнайдың бағасы бір баррель үшін 70 АҚШ доллары деңгейінде болатын үшінші сценарийді әзірледі.

2010 жылы Қазақстан Республикасы экономикасы дамуының барлық сценарийлері іске асырылған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің негізгі мақсаты бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады, бұл инфляцияны 6,0-8,0% дәлізінде ұстап тұруды көздейді.

Бірінші сценарийді іске асыру кезінде 2010 жылы Қазақстанның  экономикасын қысқарту  күтіліп отыр.

Осы сценарий бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алған үлгілеу мен болжау нәтижелері төлем балансы көрсеткіштерінің нашарлауын, кредиттеудің және ақша сұранысының төмендеуін көрсетті. Бұл   іскерлік белсенділіктің төмендеуі, жиынтық сұранысты шектеу сияқты объективтік факторлардың ықпалына байланысты.

Төлем балансының 2010 жылғы  ағымдағы шотының дефициті ЖІӨ-ге қарағанда 8,5%-ға жуықты, жалпы төлем  балансының дефициті – ЖІӨ-ге қарағанда 4%-дан астамын құрайды.

Экономиканың ақша деген сұранысының төмендеуі кезінде  белгіленген дәліз шеңберінде инфляцияны ұстап тұру ақша базасын 2,3%-ға тарылтумен, ақша массасының 4,7%-ға, экономикаға кредиттің – 1,4%-ға, банк жүйесіндегі депозиттердің – 5,4%-ға азаюымен қамтамасыз етілетін болады. Монеталандыру  деңгейі  бұл ретте  2010 жылдың  аяғында 45,9%-ға жетіп, іс жүзінде  өзгермейді (1-қосымша).

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіні�� бағалауы бойынша  бұл сценарийді іске асыру  мүмкіндігі барынша төмен.

Екінші сценарийді іске асыру кезінде мұнай бағасының ең жоғары деңгейі Қазақстанның сыртқы ағындарына қолайлы  әсер етеді, нәтижесінде 2010 жылы ағымдағы шоттың  дефициті ЖІӨ-ге қарағанда  4%-ға жуықты,  жалпы төлем балансының дефициті  – ЖІӨ-ге қарағанда 2%-ға жуықты құрайды.

Бұл даму сценарийінде  ақшаға деген сұраныс шектеулі  болып қалады. Ақша базасының кеңеюі 10,0%-ды құрайды, ақша массасы 9,6%-ға, банк жүйесіндегі депозиттер – 9,2%-ға, экономикаға кредиттер көлемі – 5,9%-ға ұлғаяды. Бұл ретте монеталандыру деңгейі 46,5%-ға дейін  өседі (1-қосымша)

Осы сценарий бойынша ахуалдың дамуы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне 2010 жылы экономикалық белсенділікті  ынталандыруға мүмкіндік береді, бұл экономиканың өсуінің қалыпты қарқының қамтамасыз етеді.

Үшінші сценарийге сәйкес  2010 жылы экономикалық өсу қарқыны  алдыңғы  сценарийлермен салыстырғанда  анағұрлым жоғары  деңгейде болады деп күтілуде.

Әлемдік нарықтағы  анағұрлым қолайлы конъюнктура қазақстандық экспортерлерге оң ықпал етеді. Ағымдағы шоттың ЖІӨ-ге 1%-дан аспайтын деңгейде шамалы дефициті күтіледі, жалпы  төлем балансы ЖІӨ-ге 1%-ға жуық  мөлшерде оң белгімен  қалыптасады.

Осы жағдайда ақшаға деген сұраныс алдыңғы сценариймен салыстырғанда анағұрлым  жоғары болады. Ақша базасы 2010 жылы 11,3%-ға кеңейеді, ақша массасы 15,4%-ға, банк жүйесіндегі депозиттер – 15,2%-ға, экономикаға кредиттер –8,5%-ға ұлғаяды, монеталандыру деңгейі 46,5%-ды құрайды (1-қосымша).

Бұл сценарийді іске асыру Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне алтынвалюта активтерінің көлемін  ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі  Қазақстан Республикасы экономикасы дамуының 2010 жылға арналған екінші және үшінші сценарийлерін іске асыруды анағұрлым мүмкін деп санайды,  осыларды ескере отырып 2010 жылға арналған ақша-кредит саясаты  әзірленді.

3.     Қазақстан Республикасының 2010 жылға арналған ақша-кредит саясаты 

Ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету  болып табылады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы мақсатқа  жету жөніндегі шаралары экономикалық өсуді қолдауға, депозиттік нарықтың әлуетін дамытуға, сондай-ақ банк секторының кредиттік белсенділігін қалпына келтіруге ықпал етеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қазақстан экономикасының ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арасындағы тепе-теңдікті  қамтамасыз етуге бағытталған айырбастау  бағамы саясатын  жүргізуді жалғастырады. Бағамдық саясат үнемі өзгеріп отыратын әлемдік конъюнктура жағдайында  отандық  өндірістің  бәсекеге  қабілеттілігіне  теріс  әсер етуі  мүмкін  ұлттық валютаның нақты бағамының біршама ауытқуларына жол бермеу мақсатында  жүргізіледі.

Бағамды қалыптастыру икемділігін арттыру үшін  жағдайлар жасау мақсатында 2010 жылғы  5 ақпаннан бастап теңгенің ауытқуы дәлізі кеңейтіледі: 150 доллар/теңге (+)10% немесе 15 теңге, (-)15% немесе 22,5 теңге. Теңге бағамының  динамикасында басым  үрдіс әлемдік қаржы  және тауар нарықтарындағы жағдайға және төлем балансының жай-күйіне  байланысты болады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің пайыздық саясаты нарық ставкаларын қысқа мерзімді құралдардың ақша нарығында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ставкаларының дәлізі шеңберінде ұстап тұруға бағытталған. Жүргізілген шаралар нарық ставкаларының құбылмалылығын төмендетуді және ақша нарығының тұрақтылығын арттыруды қамтамасыз етеді, сондай-ақ  өтімділікті тиімді басқаруға ықпал етеді. Дәліздің ең жоғарғы шекарасы болып табылатын ресми қайта қаржыландыру ставкасы ақша нарығындағы жағдайды және инфляция  деңгейін ескере отырып айқындалатын болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде орналастырылған банктердің  депозиттері бойынша ставка ақша нарығындағы  қысқа мерзімді ставкалар дәлізінің төменгі шекарасы  ретінде  айқындалады. Бұл ретте ол болуы мүмкін ең төмен деңгейде, яғни  банктерді  Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі депозиттерде  бос ресурстарды жинақтауға  қайта ынталандыруға болатындай  етіп белгіленеді.

Артық өтімділікті алып тастау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қысқа мерзімді ноталар эмиссиясын жалғастырады. Оларды шығару сондай-ақ, мемлекеттік бағалы қағаздардың қайталама нарығын  қолдауға, 1 жылға дейінгі мерзімдегі қаржы құралдары бойынша қисық кірістілікті қалыптастыруға  бағытталады.

Фундаментальді факторлар тарапынан күтілетін шамалы  инфляциялық қысым кезінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы тұрақтылығын  қамтамасыз ету жөнінде шаралар  қабылдайды. Банктердің  өтімділігі  деңгейінің және  оған байланысты тәуекелдердің, оның ішінде валюталық тәуекелдерің мониторингі жалғасады. Бұл операциялардың  мерзімі қысқа болады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қорландыру базасын  қалыптастыру кезінде  банктерді  ішкі көздерге бұдан әрі қайта бағыттауға ықпал етеді. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2010 жылы  «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру  қоры» АҚ-ын 11 млрд. теңгеге капиталдандыруды  ұлғайтады.

Сондай-ақ банктердің ресурстық базасын тұрақтандыру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде орналастырылған  банктік емес қаржы ұйымдарының уақытша бос ақша қаражатын отандық банктердің  депозиттеріне аудару туралы  мәселе  қаралады.

Ақша-кредит саясатының осы шараларын іске асыру Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне инфляция бойынша белгіленген  бағдарларға жетуге мүмкіндік береді. Бұл экономиканың  тұрақты  және сапалы өсу  жағына шығуына  ықпал етеді.


Қазақстан Республикасы ақша-кредит саясатының 2010 жылға арналған негізгі бағыттары 1-қосымша

жарияланым күні: 03.03.2010
 

АҚША-КРЕДИТ САЯСАТЫНЫҢ 2010 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕРІНІҢ БОЛЖАМЫ

кезең соңына

2008

(факт)

2009

(бағалау)

2010 (болжам)

1- сценарий

2- сценарий

3- сценарий

Инфляция, %

- жыл соңында, %

9,5

6,2

6,0-8,0

6,0-8,0

6,0-8,0

Ресми қайта қаржыландыру ставкасы, %

10,5

7,0

6,0

7,0

8,0

Ақша базасы, млрд. теңге

1525

2451

2395

2697

2728

өзгеруі %

4,2

60,7

-2,3

10,0

11,3

Ақша массасы, млрд. теңге

6267

7386

7042

8097

8524

өзгеруі %

35,4

17,9

-4,7

9,6

15,4

Резиденттердің банк жүйесіндегі депозиттері, млрд. теңге

5409

6473

6123

7070

7459

өзгеруі %

39,0

19,7

-5,4

9,2

15,2

Банктердің экономикаға кредиттері, млрд. теңге

7460

7644

7539

8092

8296

өзгеруі %

2,8

2,5

-1,4

5,9

8,4

Экономиканы монеталандыру деңгейі, %

39,0

46,2

45,9

46,5

46,5


  
Жоғарыға
  
Яндекс.Метрика
Егер Сіз қатені байқап қалсаңыз - оны белгілеп, "Ctrl + Enter" басыңыз
© Қазақстан Ұлттық Банкі, 2017