link
ҚАЗ РУС ENG Арнайы нұсқа
Ақша-кредит саясаты Қаржы тұрақтылығы Валюталық реттеу Қаржылық қадағалау Төлем жүйелері Ұлттық валюта Статистика
link
link
link link
Ұлттық Банк жайлы
Нормативтік құқықтық база
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау
Баспасөз орталығы
Ұлттық Банктің мемлекеттік қызметтері
Рұқсаттар және хабарламалар тізілімі
Қолданылған ықпал ету шаралары мен санкциялар
Ұлттық Банктің сатып алулары
Сұрақ-жауап
Мұрағат
Техникалық ресурстар
Жазылу

  

Қазақстан Республикасы ақша-кредит саясатының 2015 жылға арналған негізгі бағыттары

жарияланым күні: 27.02.2015

Қазақстан Республикасының

Ұлттық Банкі Басқармасының

2015 жылғы 25 ақпандағы

№ 30 қаулысымен

мақұлданды

 

 

Қазақстан Республикасы ақша-кредит саясатының

2015 жылға арналған негізгі бағыттары

 

Кіріспе

Әлемдік экономиканың жай-күйі және оның жұмыс істеу талаптары қазіргі уақытта тұрақсыз және түрлі бағыттағы болып бағаланады. Еуроаймақ жаңа экономикалық рецессия толқынының алдында тұр. Қытай, Ресей және нарықтары қалыптасу үстіндегі бірқатар елдер экономикасының өсу қарқынының баяулағанын көрсетіп отыр. Мұнайды экспорттаушы елдердің жағдайы мұнайдың әлемдік бағасының 2014 жылдың ортасынан бері байқалып отырған төмендеуімен қиындай түсуде. Сонымен қатар сақталып отырған геосаяси белгісіздік ғаламдық экономикадағы ахуалдың нашарлауына ықпал ететін тағы бір фактор болып табылады.

Осылайша, Қазақстан экономикасының 2015 жылы дамуына әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы құбылмалылықты және онымен байланысты капиталдың тұрақсыз ағындарын қоса алғанда, қолайсыз сыртқы факторлар әсер ететін болады.

Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясаты баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) қысқамерзімді теңгемен өтімділікті беру және алу бойынша ақша-кредит саясатының құралдар жүйесін кеңейтуді, сондай-ақ өзінің ішкі ақша нарығына қатысуын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Өтімділікті беру және алу ашық нарық операциялары (Ұлттық Банктің бастамасы бойынша) және тұрақты қол жеткізу операциялары (банктердің бастамасы бойынша) арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте кері РЕПО операциялары өтімділікті беру жөніндегі негізгі операциялар болады. Ұлттық Банк күш-жігерін нарықтық мөлшерлемелерді және олардың құбылмалылығын тиімді диапазонда ұстап тұру арқылы пайыздық саясаттың тиімділігін арттыруға салады.

Валюта саясаты Қазақстан экономикасының ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігінің арасында теңгерімді қамтамасыз ететін болады.

Ұлттық Банк сондай-ақ экономиканы дамытудың ықтимал сценарийлік нұсқаларының іске асырылуына қарай ақша-кредит саясатының баға тұрақтылығы жөніндегі негізгі мақсаты мен қаржы жүйесінің тұрақтылығына жәрдемдесу арасындағы теңгерімді қолдайтын болады.

Ақша-кредит саясатының шараларын іске асыру экономиканың орнықты ұзақмерзімді өсуі және инфляцияны нысаналы дәлізде ұстап тұру үшін жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған.

 

1-тарау. Қазақстан Республикасының 2014 жылы

макроэкономикалық дамуы және ақша-кредит саясаты

 

1-параграф. 2014 жылы макроэкономикалық даму

Қазақстанның экономикасы әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы белгісіз конъюнктура аясында тұрақты дамуымен сипатталды.

Дүниежүзілік банктің деректері бойынша, әлемдік экономика 2014 жылы 2,6%-ға өсті. АҚШ экономикасының өсуі 2,4%-ды құрады. Еуроаймақта 2013 жылғы 0,4%-дық құлдыраумен салыстырғанда 2014 жылы 0,8% болатын аздаған экономикалық өсу байқалды.

Экономикасының өсуі 7,4%-ды құраған Қытай экономикасын қоспағанда, нарықтары қалыптасу үстіндегі елдерде де экономикалық белсенділіктің баяулауы байқалды. Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің бірі Ресей Федерациясының экономикасында ішкі жалпы өнімнің (бұдан әрі – ІЖӨ) 2014 жылы өсу қарқының 0,6%-ға дейін баяулауы байқалады. Ресейдегі инфляция деңгейінің өсуі 11,4%-ды құрады.

ХФҚ деректері бойынша, әлемдік ІЖӨ-нің өсуі 2014 жылы бастапқы болжам 3,7% болған кезде 3,3%-ды құрады, ал 2015 жылы 3,5%-ға дейін көтеріледі.

Бұл аяда Қазақстандағы экономикалық белсенділік баяулады. 2014 жылы Ұлттық экономика министрлігінің алдын ала бағалауы бойынша Қазақстанның ІЖӨ 4,3%-ды құрады.

Бұл ретте, өнеркәсіптік өндірістің өсу қарқыны 2014 жылы 0,3%-ды құрады, бұл өңдеуші өнеркәсіптегі өнім өндірудің 1,0%-ға, оның ішінде тамақ өнімдері өндірісінің 2,9%-ға, жеңіл өнеркәсіп өндірісінің 3,7%-ға, мұнайды қайта өңдеу өндірісінің 2,5%-ға, минерал өнімі өндірісінің 3,5%-ға, қара металлургия өндірісінің 8,6%-ға ұлғаюы есебінен болды.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өндірісінің өсуі 100,8%-ды құрады.

Тауар өндірісінің өсуі 2014 жылы 1,0%-ды, қызмет көрсету – 6,0%-ды құрады. Қызмет көрсетудің өсуі сауда көлемінің 9,0%-ға, ақпарат пен байланыс көлемінің 8,5%-ға және көлік пен қоймаға орналастыру көлемінің 7,0%-ға айтарлықтай өсуі есебінен қамтамасыз етілді.

Негізгі капиталға инвестициялар кәсіпорындардың меншікті қаражатының 22%-ға өсуі есебінен 3,9%-ға өсті, олардың үлесіне инвестициялардың жалпы көлемінің 58%-ы және мемлекеттік бюджет қаражатының 20,1%-ы тиесілі.

Экономикадағы оң үрдістер елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және азаматтардың әл-ауқатын қаматасыз етуге мүмкіндік берді.

2014 жылы қаңтар-қарашада орташа айлық номиналдық жалақы 10,7%-ға өсіп, 117,5 мың теңгені құрады. Халықтың нақты кірістері 3,0%-ға, нақты жалақы 3,8%-ға өсті. Жұмыссыздық деңгейі 2014 жылы 5,0%-ды құрады.

Халықтың кірістері мен жалақысының үдемелі өсуі, сондай-ақ жұмыссыздықтың қолайлы деңгейі тұтынушылық белсенділіктің ұлғаюына себепші болды. Ішкі тұтынудың өсуі 2014 жылы экономика өсуінің негізгі факторларының бірі болды.

Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2014 жылы теңгенің бағамын түзету нәтижесінде импорттың 15,6%-ға төмендеуі және экспорттың 7,8%-ға төмендеуі есебінен 10,5%-ға қысқарып, 119,4 млрд. АҚШ долларын құрады.

2014 жылғы 9 айдың нәтижелері бойынша ағымдағы операциялардың оң сальдосы 5,2 млрд. АҚШ долларына жуық немесе 2013 жылғы 9 айдағы 1,0 млрд. АҚШ долларымен салыстырғанда ІЖӨ-нің 3,6% болды.

Ағымдағы операциялардың 2014 жылғы үш тоқсанда 2013 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда біршама жақсаруы сауда балансы профицитінің 30,0 млрд. АҚШ долларына дейін 3,7 млрд. АҚШ долларына ұлғаюы есебінен болды. Тауарлар экспорты 2014 жылғы үш тоқсанда 61,8 млрд. АҚШ долларын (2013 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға төмендеді), ал тауарлар импорты 31,8 млрд. АҚШ долларын (14,4%-ға қысқарды) құрады.

Қаржы шоты (Ұлттық Банктің резервтік активтерімен операцияларды қоспағанда) 2014 жылғы 9 айда 6,4 млрд. АҚШ долларында теріс сальдомен қалыптасты. Капиталдың таза ағынының немесе «қалған елдерден таза қарыз алудың» 2013 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4 млрд. АҚШ долларынан астам ұлғаюы 3-тоқсанның операцияларымен қамтамасыз етілді, ол кезде тікелей инвестициялар бойынша міндеттемелер өсуінің жалғасуы аясында қысқа мерзімді сыртқы активтердің айтарлықтай қысқаруы нәтижесінде қаржы шотының теріс сальдосы 5,2 млрд. АҚШ долларына жетті.

Халықаралық резервтер 7,3% ұлғайып, 102,4 млрд. АҚШ долларын, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтері 73,5 млрд. АҚШ долларын, Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері 28,9 млрд. АҚШ долларын құрады.

Brent сұрыпты мұнайдың әлемдік бағасының бір баррель үшін 112 АҚШ долларынан (2014 жылғы маусым) бір баррель үшін 56 АҚШ долларына дейін (2014 жылғы желтоқсан) 50%-ға, сондай-ақ Қазақстан экспортының негізгі тауарлары болып табылатын металдар бағасының төмендеуі жақын перспективада елдің төлем балансының жай-күйіне теріс әсер ететін болады.

Сыртқы нарықтардағы конъюнктураның өзгеруі де кредиттеуге және экономикадағы жинақ ақшаға әсер етті. Бұл ретте, іскерлік белсенділіктің бәсеңдеуіне ішкі және сол сияқты сыртқы себептерге байланысты болды. АҚШ-тағы сандық жұмсарту бағдарламасының аяқталуы, капиталдың дамушы елдердің нарықтарынан дамыған елдерге, ең алдымен АҚШ-қа әкетілуі аймақтық және отандық экономикаға ықпал етеді. Осы жағдайлар ескеріле отырып Қазақстанда девальвациялық күтулердің көтерілуі сақталады, бұл іскерлік белсенділікке әсер етеді.

Осы жағдайларда, банктердің экономиканы кредиттеуінің жалпы көлемі 2014 жылдың басынан бері 7,2%-ға ұлғая отырып, 2014 жылы 12,1 трлн. теңгеге жетті. Бұл ретте ұлттық валютамен кредиттеу 8,6 трлн. теңгеге дейін 7,9%-ға, шетел валютасымен кредиттеу 3,5 трлн. теңгеге дейін 5,5%-ға ұлғайды.

2014 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерінен экономикаға қолдау көрсетуге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл ретте, шағын және орта бизнес субъектілерін банктер арқылы кредиттеуге арналған 100 млрд. теңгені банктер толық игерді. Бұдан басқа, 250 млрд. теңге банктердің жұмыс істемейтін кредиттерімен жұмыс істеу үшін «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-тың жарғылық капиталын толықтыруға бағытталды. Өтеу мерзімі 90 күннен асқан кредиттер деңгейі 2014 жылы 33%-дан 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 23,5%-ға дейін төмендеді.

2014 жылы Ұлттық Банк тұтынушылық кредиттеудің артық өсуін шектеу шараларын қабылдады. Нәтижесінде, тұтынушылық кредиттеудің өсу қарқыны 2013 жылғы 46,4%-дан 2014 жылы 17,3%-ға дейін баяулады.

Резиденттердің депозиттері 2014 жылы 11,7 трлн. теңгеге дейін 15,9%-ға ұлғайды. Банктік емес заңды тұлғалардың депозиттері 7,3 трлн. теңгеге дейін 18,1%-ға, жеке тұлғалардікі – 4,4 трлн. теңгеге дейін 12,6%-ға өсті.

Ұлттық валютадағы депозиттер 2014 жылы 5,2 трлн. теңгеге дейін 17,7%-ға төмендеді, шетел валютасында – 6,5 трлн. теңгеге дейін 72,2%-ға ұлғайды. Тиісінше, шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 55,6%-ға жетті.

 

2-параграф. 2014 жылғы ақша-кредит саясаты

және инфляциялық үдерістер

 

2014 жылы Ұлттық Банктің негізгі мақсаты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляцияны 6,0-8,0% шекте ұстап тұру болды. 2014 жылдың қорытындылары бойынша инфляция 7,4% (2013 жылы – 4,8%) болды. бұл белгіленген нысаналы дәлізге сәйкес келеді.

2014 жылғы бірінші жартыжылдықта инфляцияның жеделдеуі 2014 жылғы ақпанда ұлттық валютаның айырбастау бағамын түзетуге және импортталатын тауарлардың қымбаттауына, сондай-ақ маусымдық факторларға байланысты болды. Алайда, теңгені түзетудің баға белгілеуге әсері ұзаққа бармады және шектеулі болды. 2014 жылғы ақпанда инфляция деңгейі 1,7%, 2014 жылғы наурызда – 1,0% болды. 2014 жылғы сәуірден бастап, айлық инфляция деңгейі төмендеді және өткен жылдардың үрдістеріне сәйкес келді. Инфляция деңгейінің төмендеуіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің баға мен тарифтердің негізсіз өсуін ұстап тұру жөніндегі шаралары ықпал етті.

2014 жылғы тамызда ішкі нарықта бензин және дизель отыны бағасының өсуі 2014 жылғы екінші жартыжылдықтағы инфляция деңгейінің аздап ұлғаюына әкелді.

2014 жылдың соңында мұнайдың әлемдік бағасының құлдырауынан 2014 жылғы желтоқсанда бензиннің және дизель отынының шекті бөлшек бағаларының төмендеуіне байланысты инфляция деңгейінің төмендеуі байқалды. Сонымен қатар инфляция қарқынының баяулауына қазақстандық өнім берушілердің өнеркәсіптік өнімі бағасының өсу қарқынының төмендеуі, cондай-ақ Ресей Федерациясынан импортталатын тауарлардың Ресей рублінің айырбастау бағамының әлсіреуіне байланысты арзандауы әсер етті.

2014 жылы Ұлттық Банк теңгемен өтімділікті беру операцияларын жүргізді. 2014 жылғы ақпанда Ұлттық Банк теңгенің айырбастау бағамына бір АҚШ доллары үшін 185 теңге деңгейінде ауытқуы ±3 теңге болатын дәліз белгілей отырып, түзету жүргізді. Теңгелік құралдардың тартымдылығын арттыру мақсатында 2014 жылғы ақпанда мерзімі 7 күндік тартылатын депозиттер бойынша мөлшерлемелер 0,5%-дан 2,75%-ға, 2014 жылғы 15 желтоқсаннан бастап – 3,05%-ға дейін көтерілді, 1 айлық мерзімді депозиттерді тарту операциялары тоқтатыла тұрды. Ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің деңгейі 2014 жылы өзгеріссіз қалды және жылдық көрсеткіш бойынша 5,5%-ды құрады.

Ақша нарығындағы ахуал 2014 жылдың жекелеген кезеңдерінде айтарлықтай ерекшеленді. Қаңтар-ақпанда Ұлттық Банк банктерге кері РЕПО операциялары арқылы теңгемен қысқамерзімді өтімділік берді. 2014 жылдың басында ақша нарығының мөлшерлемелері жоғары құбылмалығымен сипатталды, бұл девальвациялық күтулерге және теңге бағамына жүргізілген түзетулерге байланысты болды. 2014 жылғы сәуірден бастап ақша нарығындағы ахуал тұрақтандырылды және салық төлемдерінің жекелеген кезеңдерін қоспағанда, нарықтық мөлшерлемелер төменгі деңгейде болды.

2014 жылғы шілдеде Ұлттық Банк банктерге ұзақмерзімді валюталық-пайыздық своп операциялары арқылы теңгемен өтімділік бере бастады, бұл ақша нарығындағы ахуалға әсерін тигізді және нарықтық мөлшерлемелер құбылмалылығының төмендеуіне себепші болды. Ақша нарығының мөлшерлемелері төменде көрсетілген графикте берілген.

 

Ақша нарығының мөлшерлемелері

Дереккөзі: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

 

Валюта нарығындағы ахуал тұрақты болды және теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамының нығаю үрдісі байқалды. 2014 жылғы қыркүйекте Ұлттық Банк теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамының ауытқу дәлізін кеңейтті және 185 +3/-15 теңге болатын симметриялық емес дәлізді белгіледі.

Нарықтық мөлшерлемелер құбылмалылығының ұлғаюы және олардың банкаралық нарықта 2014 жылғы қазан-желтоқсанда күрт өсуі мұнай бағасының төмендеуімен және Ресей рублінің айырбастау бағамының күрт әлсіреуімен байланысты девальвациялық күтулерден туындады. Осы жағдайларда Ұлттық Банк кері РЕПО және валюталық своп операциялары арқылы теңгемен қысқамерзімді өтімділік берді.

2014 жылы жекелеген кезеңдерде артық қысқамерзімді өтімділік байқалды, оны Ұлттық Банк депозиттерді тарту және қысқамерзімді ноттарды шығару операцияларын жүргізу арқылы реттеді. Тартылған депозиттердің көлемі 2014 жылы 4608,7 млрд. теңгені (2013 жылы – 2916,6 млрд. теңгені) құрады. Ұлттық Банктің орналастырылған қысқамерзімді ноттарының көлемі 2014 жылы 81,4 млрд. теңгені құрады.

Ең төменгі резервтік талаптардың нормативтері 2014 жылы өзгерген жоқ: ішкі қысқамерзімді міндеттемелер бойынша – 2,5%, ішкі ұзақмерзімді міндеттемелер бойынша – 0%, сыртқы қысқамерзімді міндеттемелер бойынша – 6,0%, сыртқы ұзақмерзімді міндеттемелер бойынша – 2,5%. 2014 жылы ең төменгі резервтік талаптар нормативтерінің әсері банктердің сыртқы қарыз алуын шектеуге бағытталды.

2014 жылы резервтік активтердің құрылымы бірте-бірте өзгерді: банктердің теңгемен корреспонденттік шоттарының үлесі (2013 жылғы 30 желтоқсандағы 55,4%-дан 2014 жылғы 29 желтоқсанда 44,5%-ға дейін) төмендеді. Резервтік активтер көлемінің төмендеуіне (2014 жылғы 29 желтоқсандағы жағдай бойынша жыл басынан бастап 2,1%-ға төмендеу) қарамастан, 2014 жылы резервтік активтер қажетті резервтеу көлемінен тұтастай жүйе бойынша орташа алғанда 2,2 есе асты.

 

2-тарау. Экономика дамуының сценарийлік нұсқалары және

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы ақша-кредит саясаты

 

1-параграф. 2015 жылы экономика дамуының сценарийлік нұсқалары

 

Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясатының негізгі бағыттарын әзірлеу шеңберінде төменде келтірілген кестеде ұсынылған 2015 жылы ел экономикасы дамуының екі сценарийлік нұсқасын қалыптастырды.

 

Ақша-кредит саясатының 2015 жылға арналған негізгі көрсеткіштерінің болжамы

(кезең соңында)

Негізгі көрсеткіштер

2014 жыл

2015 жыл

Факті

Болжам

бірінші

сценарий

(мұнайдың бағасы $50)

екінші сценарий

(мұнайдың бағасы $60)

ІЖӨ, млрд. теңге (ҚР ҰЭМ болжамы)

40 258*

41 308

41 855

Нақты ІЖӨ өсуі, жылдық көрсеткіш бойынша % -бен

4,3*

1,5

2,0

Инфляция, жылдық көрсеткіш бойынша % -бен

7,4

6-8

6-8

Ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі, жылдық көрсеткіш бойынша % -бен

5,5

6-8

6-8

Ақша массасы, млрд. теңге

12 816

13 150

13 337

Резиденттердің депозиттері, млрд. теңге

11 694

12 003

12 174

Экономикаға кредиттер, млрд. теңге

12 106

12 423

12 588

Экономиканы монеталандыру деңгейі, %

31,8

31,8

31,9

* Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бағалау деректері бойынша

 

Мұнайдың әлемдік бағаларының орташа жылдық деңгейі сценарийлік нұсқаларға бөлудің негізгі критерийі деп белгіленді. Макроэкономикалық жағдайдың дамуының екі сценарий қаралды, олар Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің ІЖӨ болжамдарының негізінде Brent сұрыпты мұнайдың орташа жылдық бағаларының бір баррель үшін 50 және 60 АҚШ доллары деңгейін көздейді.

Төлем балансының сценарийлік болжамдарын әзірлеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуы бар инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын қоса алғанда, тауар өндірісінің нақты көлемдері жөніндегі ақпаратын, сондай-ақ Ұлттық Банкте тіркелген валюталық операциялардың мониторингі нәтижелері пайдаланылды.

Ұлттық Банктің бағалауы бойынша қаралатын кезең бойы кредиттеу көлемдерінің тұрақты өсуі күтілуде. Кредиттеу көздерінің бірі ретінде 2015-2017 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан ел экономикасын қолдауға бөлінетін қаражат болады. Сонымен қатар кредиттеудің көлеміне ортамерзімді және ұзақмерзімді кезеңдерде Ұлттық Банктің екінші деңгейдегі банктер активтерінің сапасын жақсарту жөніндегі шаралары да ықпал ететін болады.

Екінші деңгейдегі банктер активтерінің сапасын жақсарту және екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істемейтін қарыздарының көлемін азайту жөніндегі қызметі шеңберінде Ұлттық Банк проблемалық активтер сапасын жақсарту жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі әкімшілік кедергілерді төмендетуге, кепіл кредиторларының құқығын күшейтуге, жұмыс істемейтін активтерді беру кезінде операцияларды жүргізу кезінде бейтарап салық жағдайларын жасауға бағытталған банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтерінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеуде.

Ұлттық Банк «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ мен екінші деңгейдегі банктердің ынтымақтастығының тиімділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау жұмысын жалғастыратын болады. Жұмыс істемейтін қарыздардың (негізгі борыш және/немесе сыйақы бойынша төлем мерзімі өткен қарыздар) деңгейін екінші деңгейдегі банктердің несие портфелінің 10%-дық деңгейі бойынша нысаналы көрсеткішке қол жеткізу Ұлттық Банктің осы бағыт бойынша негізгі мақсаты болып табылады.

Ұлттық Банктің бағалауына сәйкес 2014 жылдың қорытындысы бойынша тауарлар экспорты және импорты бір мезгілде төмендеген кезде, сауда балансы профицитінің 2013 жылғы деңгейде сақталуы күтіледі. Ағымдағы шоттың басқа баптары бойынша қызметтер импортының және шетелдік инвесторларға кірістерді төлеудің төмендеуіне байланысты теріс сальдосының қысқаруы күтілуде. Осылайша, жыл аяғында басты факторлардың айтарлықтай нашарлауына қарамастан, 2014 жылдың қорытындысы бойынша тікелей және басқа да ұзақмерзімді инвестициялар бойынша жоғары таза әкелінуі сақталған кезде ағымдағы шот профицитінің сақталуы күтіледі.

2015 жылы Қазақстан экономикасы дамуының барлық сценарийлері іске асырылған жағдайда жылдық инфляцияны 6,0-8,0% дәлізінде ұстап тұру Ұлттық Банктің негізгі мақсаты болып табылады.

Мұнайдың әлемдік бағасының орташа жылдық деңгейі бір баррель үшін 50 АҚШ доллары болатын бірінші сценарий іске асырылған кезде нақты ІЖӨ-нің нақты өсу қарқыны 1,5% деңгейде бағаланады.

Осы сценарийдің 2015 жылы іске асырылуы тауарлар импорты мен резидент еместерге кірістерді төлеу көлемі төмендеген кезде таза экспорттың төмендеуін көздейді. Осылайша алда болатын кезеңде ағымдағы шоттың тапшылығы ІЖӨ-нің 4,0%-нан аспайтын болады.

Қаржы шотында өткен жылдары іске асырылған жобалар бойынша қаржыландыру шегін еңсеруге және шетелдік тікелей инвесторлар қатысатын жаңа жобаларды іске асырудың кейінірек мерзімге ықтимал ауыстырылуымен байланысты тікелей инвесторлар бойынша ағынның төмендеуі күтіледі.

Ақша ұсынысының серпіні де номиналды ІЖӨ-нің серпініне сәйкес келетін болады, бұл болжанатын кезеңде монеталандырудың 2014 жылғы деңгейде сақталуын қамтамасыз етеді.

Екінші сценарий іске асырылған жағдайда мұнайдың орташа жылдық бағасы 2015 жылы бірінші сценарийдегіден аздап жоғары болады, алайда 2014 жылдағы нақты деңгейден төмен болып қалыптасады және бір баррель үшін 60 АҚШ долларына жуық болады. Нәтижесінде 2015 жылы ІЖӨ-нің нақты өсу қарқыны 2,0%-ды құрайды.

2015 жылы сауда балансы профицитінің және резидент еместерге төленетін кіріс деңгейі төмендейді деп күтіледі. Нәтижесінде, 2015 жылы ағымды операциялар шотының тапшылығы ІЖӨ-нің 3,0%-нан аспайды.

Қаржы шотында халықаралық қаржы ұйымдарынан және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан трансферттерінен жаңа мемлекеттік қарыз алу есебінен өтелуі мүмкін жеке сектордың таза қарыз алуының қысқаруы мүмкін.

2015 жылы ақшаға деген сұраныс осы сценарий кезінде алдыңғы сценариймен салыстырғанда едәуір жоғары болады. Сондай-ақ, ақша ұсынысының серпіні ІЖӨ-нің номиналды өсу қарқынына сәйкес келетін болады, бұл болжамды кезеңде 2014 жылмен салыстырғанда монеталандырудың аздап өсуін қамтамасыз етеді.

Ұлттық Банк Қазақстан Республикасы экономикасы дамуының бірінші сценарийінің іске асырылуын неғұрлым ықтимал деп есептейді. Осы болжамдарға негізделе отырып, 2015 жылға арналған ақша-кредит саясатының шаралары әзірленді.

 

2-параграф. 2015 жылғы ақша-кредит саясатының құралдары

 

Ұлттық Банк 2015 жылы инфляция бойынша нысаналы бағдарға қол жеткізу үшін қысқамерзімді өтімділікті ашық нарық операциялары, тұрақты қолжетімділік арқылы, сондай-ақ ең төменгі резервтік талаптар тетігі арқылы реттейтін болады.

Банктер портфеліндегі өтімді бағалы қағаздардың көлемі шектелгенін ескере отырып, кепілді қамтамасыз ету тізбесін кеңейту жоспарланып отыр, ол банктердің қысқамерзімді теңге өтімділігіне деген қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, банктерге нарықтық емес активтерді (жоғары сападағы кредиттік портфель) кепілге қоя отырып өтімділік беру тетігін әзірлеу мүмкіндігі және депозитті аукциондарды өткізу мүмкіндігі зерделенеді.

Ұлттық Банктің ашық нарықтағы операциялар және тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша негізгі құралдары төменде көрсетілген кестеде берілген.

 

Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясатының құралдары

 

Мақсаты

Құрал түрі

Құрал

Кепілмен қамтамасыз ету

Мерзімі

Жүйелілігі

Өтімділік беру

Тұрақты қол жеткізу операциялары (бекітілген мөлшерлемелер)

Кері РЕПО (БҚ-ны кері сатумен сатып алу)

МБҚ, теңгедегі басқа БҚ

1 күн

Күн сайын

Ашық нарық операциялары (аукцион)

Валюталық СВОП

Шетел валютасы

1/7 күн

Қажеттігіне қарай

Кері РЕПО ( БҚ-ны кері сатумен сатып алу )

МБҚ, теңгедегі басқа өтімді БҚ

7 күн

Аптасына 2 рет

Өтімділікті алу

Ашық нарық операциялары (аукцион)

 

Тікелей РЕПО

МБҚ

7 күн

Аптасына 2 рет

ҚРҰБ ноттары

 

28/91/182 күн

Апта сайын

Тұрақты қол жеткізу операциялары (бекітілген)

Депозиттер

 

1/7 күн

Күн сайын

 

Өтімділікті беру бойынша ашық нарық операциялары шеңберінде Ұлттық Банк 7 күндік мерзімге кері РЕПО аукциондарын өткізеді. Бастапқы кезеңде бұл операциялар аптасына 2 рет өткізіледі.

Кепіл құралдары жеткіліксіз болған жағдайда, Ұлттық Банк қажеттілігіне қарай валюталық своптар арқылы өтімділік беретін болады.

Өтімділіктің артық болуы туындаған жағдайда аптасына 2 рет болатын 7 күндік мерзімдегі тікелей РЕПО аукциондары оларды алудың негізгі құралдары болады. Қысқамерзімді ноттарды апта сайынғы негізде 28, 91 және 182 күндік мерзіммен шығару жалғасады.

Ұлттық Банк тұрақты қолжеткізу операциялары ретінде күн сайынғы негізде 1 күндік мерзімімен кері РЕПО операциялары арқылы өтімділік береді. Ұлттық Банктің депозиттері тұрақты негізде 1 және 7 күндік мерзімдерге қол жетімді болады.

Ұлттық Банк 2015 жылы теңге құралдарының тартымдылығын арттыруға бағытталған пайыздық саясатты жүргізуін жалғастырады. Ұлттық Банктің пайыздық мөлшерлемелер жүйесінде ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі көбіне индикативті рөл атқарып, инфляция деңгейі мен инфляциялық күтулерді көрсететін болады.

Шетел валютасындағы банктер міндеттемелерінің өсуін бұдан әрі ынталандырмау мақсатында ең төменгі резервтік талаптар тетігін банк секторының өтімділігін басқару құралы ретінде жетілдіру шеңберінде Ұлттық Банк резиденттік және мерзімділік қағидатын сақтай отырып, теңгемен және шетел валютасымен міндеттемелерді бөлуді енгізу арқылы резервтік міндеттемелердің барынша нақты құрылымын ендіреді. Қосымша, банктердің өтімділікті басқару бойынша мүмкіндіктерін жақсарту мақсатында орташалау қағидатын сақтай отырып, ең төменгі резервтік талаптарды есептеу тәртібін өзгерту жоспарланып отыр.

Валюта саясаты Қазақстан экономикасының ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігінің арасында теңгерімділікті қамтамасыз етуге бағытталады.

Атап айтқанда, Ұлттық Банктің ішкі валюталық нарықтағы сауда-саттықтарға қатысуы валюта нарығындағы ахуалды тұрақсыздандыруы және қаржы жүйесінің тұрақтылығына теріс ықпал етуі мүмкін болатын айырбастау бағамының күрт және айтарлықтай құбылмалылығын реттеу қажеттілігімен байланысты болады.

Ұлттық Банк 2015 жылы өз іс-әрекеттерінің айқындылығын арттыру және жұртшылықты жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатының шаралары мен құралдары туралы хабардар ету жөніндегі жұмысын жалғастырады.

Жалпы алғанда, ақша-кредит саясатының жоғарыда көрсетілген шараларын іске асыру ұзақмерзімді тұрақты экономикалық өсім және инфляцияны нысаналы дәлізде ұстап тұру үшін жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған.

 


  
Жоғарыға
  
Яндекс.Метрика
Егер Сіз қатені байқап қалсаңыз - оны белгілеп, "Ctrl + Enter" басыңыз
© Қазақстан Ұлттық Банкі, 2017