link
ҚАЗ РУС ENG Арнайы нұсқа
Ақша-кредит саясаты Қаржы тұрақтылығы Валюталық реттеу Қаржылық қадағалау Төлем жүйелері Ұлттық валюта Статистика
link
link
link link
Ұлттық Банк жайлы
Нормативтік құқықтық база
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау
Баспасөз орталығы
Ұлттық Банктің мемлекеттік қызметтері
Рұқсаттар және хабарламалар тізілімі
Қолданылған ықпал ету шаралары мен санкциялар
Ұлттық Банктің сатып алулары
Мүлікті жария ету
Сұрақ-жауап
Мұрағат
Жазылу

  

Ақша-кредит саясатының 2014 жылға арналған негізгі бағыттары

жарияланым күні: 16.07.2014

Қазақстан Республикасының

Ұлттық Банкі Басқармасының

2014 жылғы 16 шілдедегі

№ 107 қаулысымен

мақұлданған

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстан РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

АҚША-КРЕДИТ САЯСАТЫНЫҢ 2014 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН

НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

 

Кіріспе

2013 жылы әлемдік экономиканың қалпына келу процесі баяу қарқынмен жүрді және тұрақсыздық байқалды. Бұл ретте әлемдік экономиканың өсуіне негізгі үлесті дамушы елдер және нарығы қалыптасу үстіндегі елдер қосты, себебі дәл осы елдер әлемдік деңгейдегі жиынтық сұраныстың негізгі катализаторы болып табылды. Соған қарамастан дамушы елдерде өсу қарқыны аздап баяулайды деп күтіледі. Бұл сценарий орнықты ішкі сұранысты, инвестициялық белсенділікті ынталандыру, еңбек өнімділігін арттыру және жұмыссыздықты төмендету жөнінде қосымша шаралар қабылдауды талап етуі мүмкін.

Дамыған елдердің көпшілігінде дағдарыс проблемасы экономиканы арзан ресурстармен «толтыру» бағдарламасы арқылы шешілуде. Бұл көлемді түрде ақша шығару бюджет қаражатының есебінен де, орталық банктердің қаражаты есебінен де жүргізілуде. Алайда, практика көрсетіп отырғандай, мұндай шаралар қысқамерзімді перспективада тиімді, макроэкономикалық ахуалдың жақсаруына төмен деңгейде әсер етіп, әдетте, қаржы секторларының проблемаларын шешеді.

Бұл проблемаларды шешу үшін инфляцияны оңтайлы деңгейде ұстап тұруға, өңірдегі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, фискалдық проблемаларды шешуге ықпал ететін іргелі шараларды қабылдау талап етіледі. Сонымен қатар бұл шаралар, оның ішінде сан тұрғысынан жұмсарту шараларын шарасыздықтан біртіндеп тоқтату іскерлік белсенділікті төмендетуге және экономиканың өсу қарқынының баяулауына әкеп соқпауы тиіс. Сонымен қатар әлемдік экономистер мен сарапшылар 2014-2015 жылдары дамыған елдердегі экономикалардың нығаюын болжайды.

Әлемдік экономиканың, әсіресе, АҚШ, Қытай, Ресей, Еуроаймақ сияқты елдердің даму перспективалары Қазақстандағы экономикалық процестердің дамуына әсер ететін болады. Энергия ресурстарының әлемдік нарықтарындағы ахуал және әлемдік қаржы нарықтарының тұрақсыз дамуы тұрақсыздықтың негізгі көздері болуы мүмкін. Тұтастай алғанда Қазақстан экономикасының қорғалғандығы қауіп туғызбайды: ішкі сұраныстың тұрақты болуы, жұмыссыздықтың төмендігі, орнықты бюджет, инфляция қарқынының қалыпты болуы, қаржы секторының тұрақты дамуы экономиканың үдемелі және орнықты дамуына ықпал ететін болады.

 

1-тарау. Қазақстан Республикасының 2013 жылғы макроэкономикалық дамуы және ақша-кредит саясаты

 

1.1. 2013 жылғы макроэкономикалық даму

- Жалпы макроэкономикалық үрдістер

2013 жылы Қазақстанда экономиканың өсу қарқынының жылдамдағаны байқалды. 2013 жылғы қаңтар-желтоқсанда (алдын ала деректер бойынша) ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі Қазақстанда 2012 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,0%-ды, нақты көрсеткіш бойынша 12,5%-ды құрады. Айтарлықтай жоғары өсу қарқыны байланыс (2012 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 2013 жылғы қаңтар-желтоқсанда 14,0%), сауда (12,7%), ауыл шаруашылығы (10,8%), көлік (7,5%) сияқты салаларда байқалды.

Экономиканың тұрақты өсуі 2013 жылы жиынтық сұраныстың орнықты өсуімен байланысты болды, ол банк секторын кредиттеудің кеңеюімен де, халықтың ақшалай кірісінің ұлғаюымен де нығайды. Мәселен, жан басына шаққандағы орташа ақшалай кіріс 2013 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2012 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда номиналдық көрсеткіш бойынша 9,5%-ға және нақты көрсеткіш бойынша 3,5%-ға өсті.

- 2013 жылғы төлем балансы

Ағымдағы операциялар шотының тапшылығы 2013 жылы 117,8 млн. АҚШ доллары деңгейінде (2012 жылы – профицит 1,1 млрд. АҚШ долл.) қалыптасты.

Сауда балансының профициті 11,7%-ға 33,7 млрд. АҚШ долларына дейін төмендеді. Ағымдағы шоттың басқа құрамдас бөліктері бойынша бастапқы кірістердің, халықаралық қызметтер мен қосалқы кірістердің теріс теңгерімсіздігі тиісінше 25,3 млрд. АҚШ долларын, 6,9 млрд. АҚШ долларын және 1,6 млрд. АҚШ долларын құрады.

Қаржы шоты (резервтік активтерді есептемегенде) 3,6 млрд. АҚШ доллары болатын тапшылықпен қалыптасты. Шетелдік тікелей инвестициялар бойынша міндеттемелердің активтерден үдемелі өсуінің нәтижесінде  7,8 млрд. АҚШ доллары болатын теріс баланс қалыптасты.

Портфельдік инвестициялар бойынша оң сальдо ҚР Ұлттық қорының шетелдік активтерінің 7,7 млрд. АҚШ долларына өсуінің есебінен 6,0 млрд. АҚШ долларына жетті.

- Салық-бюджет саясаты

2013 жылы мемлекеттік бюджеттің түсімі 6459,4 млрд. теңгені құрады. Мемлекеттік бюджет кірістерінің құрылымындағы негізгі баптар салық түсімдері (барлық түсім көлемінің 70%) және ресми трансферттер (20% астам) болып табылады. Ресми трансферттердің жоғары үлесі республикалық бюджетке Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдік берілген трансферттің түсуімен қамтамасыз етілді.

Мемлекеттік басқару органдарының түпкілікті тұтыну шығыстары 2013 жыл 7160,3 млрд. теңгені құрады. Мемлекеттік бюджеттің бүкіл шығысының 50%-ға жуығы білім беруге, әлеуметтік көмекке және денсаулық сақтауға жұмсалды.

Шығыстардың түсімдерден асып кетуі нәтижесінде 2013 жылы мемлекеттік бюджет 700,9 млрд. теңге дефицитпен қалыптасты.

- Банк секторының үрдісі

2013 жылы банк секторындағы ахуал тұрақты күйінде қалды. 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша банктердің активтері 2012 жылмен салыстырғанда 1,6 трлн. теңгеге немесе 11,4%-ға ұлғая отырып, 15,5 трлн. теңгені құрады.

2013 жылдың қорытындысы бойынша кредиттердің көлемі жылдың басынан бері 13,4%-ға ұлғая отырып, 11,3 трлн. теңгеге жетті. Бұл ретте ұлттық валютамен кредиттеу 7936,7 млрд. теңгеге дейін 12,7%-ға, ал шетел валютасымен кредиттеу 3354,9 млрд. теңгеге дейін 15,0%-ға ұлғайды.

Резиденттер депозиттерінің көлемі 2013 жылы 10,1 трлн. теңгеге дейін 12,1%-ға ұлғайды. Заңды тұлғалардың депозиттері 9,9%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері 15,8%-ға өсті. 2013 жылы шетел валютасындағы депозиттер 3772,0 млрд. теңгеге дейін 40,6%-ға, ұлттық валютадағы депозиттер 6313,8 млрд. теңгеге дейін 0,04%-ға ұлғайды. Халықтың салымдары 2013 жылы 15,7%-ға, оның ішінде ұлттық валютадағы салымдары 6,5%-ға ұлғайды.

- Инфляциялық үрдістер

2013 жылы инфляциялық үдерістердің бәсеңдеу үрдісі байқалды. 2013 жылы жылдық инфляция 4,8% болып қалыптасты (2013 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 2013 жылғы желтоқсанда).

2013 жылы бағалардың барынша өсуі ақылы қызмет көрсетулерге тиесілі болды (8,0%), азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағаларының өсу қарқыны қалыпты болды (3,3%-дан).

Қазақстанның нақты сектордағы және ауыл шаруашылығындағы өндірістің өсуімен қатар келе жатқан тұрақты макроэкономикалық даму экономикаға жалпы сұраныстың өсуінде және нарықтың тауарлармен және қызмет көрсетулермен қамтамасыз етілуінде көрінеді. Сонымен қатар, жекелеген тауарлар және қызмет көрсету нарықтарындағы монополияландырудың жоғары және бәсекелестіктің төмен болуы инфляциялық күтулердің сақталуына себепші болады.

Монетарлық факторлардың инфляцияға әсер етуі барынша төмен болып қалуда. 2013 жылы ақша агрегаттары қалыпты қарқынмен өсті. 2013 жылғы қаңтар-желтоқсанда ақша базасы 2,2%-ға тарылды, ақша массасының өсуі 10,2%-ды құрады, қолма-қол ақшаның көлемі 1,0%-ға қысқарды. Экономикадағы ақша ұсынысы, жалпы алғанда, экономиканың өсуіне сәйкес келетін деңгейде сақталып отыр.

- Валюта нарығының үрдісі

Әлемдік нарықтардағы мұнай бағасының тұрақты түрде жоғары болуына қарамастан, мұнайды экспорттаушы көптеген елдердің валюталары 2013 жылы әлсіреу үрдісін көрсетті. Мәселен, Ресей рублі АҚШ долларымен салыстырғанда 2013 жылы 7,7%-ға әлсіреді. Ресей рублінің АҚШ долларымен салыстырғандағы айырбастау бағамының құбылуы осы кезеңде орта мәннің +/-6%-ды құрады, құбылмалылық 9,0%-ды құрады.

Еуро АҚШ долларымен салыстырғанда 2013 жылы 4,3%-ға нығайды. Еуроның АҚШ долларымен салыстырғандағы айырбастау бағамының құбылу диапазоны құбылмалылық 8,5% болған кезде орта мәннің +/-4%-ды құрады.

Осылайша, әлемдік энергия ресурстары нарықтарындағы қолайлы баға конъюнктурасы, сондай-ақ сауда әріптестері елдердің валюта нарықтарындағы тұрақтылық аясында Қазақстанның ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақты болып отыр. Сонымен қатар, 2013 жылдың соңында бірқатар дамушы елдердің, оның ішінде Қазақстанның сауда әріптестері елдердің ұлттық валюталарының әлсіреуі аясында Қазақстанның валюта нарығындағы девальвациялық күтулердің өрістеуі байқалды. Теңгенің бағамы 2013 жылы бір АҚШ доллары үшін 150,23-154,52 теңге шегінде құбылды. 2013 жылы теңгенің айырбастау бағамы АҚШ долларына қарағанда номиналдық көрсетумен 2,2%-ға әлсіреді.

 

1.2. Қазақстан Республикасының 2013 жылғы ақша-кредит саясаты

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің негізгі мақсаты 2013 жылы елде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылды.

- Өтімділікті реттеу

Ақша нарығындағы қысқамерзімді өтімділікті реттеуді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі негізінен өтімділікті беру және сол сияқты алу бойынша операцияларды жүргізу арқылы жүргізді.

2013 жыл ішінде өтімділікті сіңіру (қысқамерзімді ноттарды эмиссиялау және депозиттерді тарту) бойынша операцияларға банктер тарапынан сұраныс біртіндеп қысқарды. Бұған банк секторындағы теңгенің еркін өтімділігі көлемінің төмендеуі себепші болды.

Қайта қаржыландыру қарыздары (өтімділікті ұсыну бойынша операциялар) 2013 жыл бойы шектеулі сұраныспен пайдаланылды.

2013 жылы банк секторындағы теңге өтімділігінің қысқамерзімді дефициті кезеңінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Қазақстан қор биржасы» АҚ-да автоматты РЕПО секторында кері РЕПО операциялары арқылы өтімділік ұсынды.

- Пайыздық саясат

Инфляцияның төменгі қарқыны 2013 жылы ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің жылдық  5,5% деңгейінде сақталуы үшін негіз болды.

Банктерден тартылатын депозиттер бойынша мөлшерлемелер 2013 жыл бойы өзгерген жоқ және жеті күндік  депозиттер бойынша 0,5% және бір айлық депозиттер бойынша 1,0% болды.

2013 жылғы бірінші жартыжылдықта қысқамерзімді ноттар бойынша тиімді кірістілік 2012 жылғы желтоқсандағы 1,61%-дан төмендеп, 1,05% деңгейінде іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Бұл ретте осы кезеңде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 3 айлық айналыс мерзімімен қысқамерзімді ноттарды шығарды (2013 жылғы сәуірде 1 аукцион болды, оған 9-айлық ноталар орналастырылды).  2013 жылғы 2-жартыжылдықта  қысқамерзімді ноттар бойынша тиімді кірістілік: 2013 жылғы мамырдағы 1,05%-дан  2013 жылғы қазандағы 2,17%-ға дейін ұлғайды. 2013 жылғы қараша-желтоқсанда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банктер тарапынан осы құралдарға сұраныстың болмауынан қысқамерзімді ноттар шығаруды жүзеге асырған жоқ.

Ең төменгі резервтік талаптардың нормативтері 2013 жылы өзгерген жоқ:  ішкі қысқамерзімді міндеттемелер бойынша – 2,5%, ішкі ұзақмерзімді міндеттемелер бойынша – 0%, сыртқы қысқамерзімді міндеттемелер бойынша – 6,0%, сыртқы ұзақмерзімді міндеттемелер бойынша – 2,5%.

2013 жылы резервтік активтердің құрылымы біртіндеп өзгерді: банктердің теңгемен корреспонденттік шоттарының үлесі төмендеді (2012 жылғы 31 желтоқсандағы  61,5%-дан 2013 жылғы 30 желтоқсанда 55,4%-ға дейін). Тиісінше өзінің кассасындағы ұлттық валютадағы қолма-қол ақшаның үлесі ұлғайды. Бұл ретте 2013 жылы резервтік активтер тұтастай алғанда жүйе бойынша орташа алғанда 2,7 есе резервке алудың қажетті көлемінен асып кетті.

Банкаралық нарықтағы нарықтық мөлшерлемелер 2013 жылы құбылмалы болды. Бұл ретте 2013 жылдың басында ақша нарығындағы пайыздық мөлшерлемелер ең аз деңгейде сақталды, ол көбіне нарыққа қатысушылар белсенділігінің төмен болуына және артық теңгелік өтімділікке  байланысты болды. 2013 жылғы екінші жартыжылдықта ақша нарығындағы еркін теңгелік өтімділіктің қысқаруы аясында ақша нарығына қатысушылардың белсенділігінің артуы байқалды, бұл жүргізілетін операциялар көлемінің ұлғаюын және пайыздық мөлшерлемелердің өсуін көрсетеді.

- Валюта саясаты, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтынвалюта активтері

2013 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқарылатын өзгермелі режим шеңберінде бағам саясатын жүзеге асыруды жалғастырды.

Бағамның айтарлықтай дүмпуіне жол бермеу және валюта нарығындағы тұрақтылыққа қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі биржалық және биржадан тыс нарықтарға жалпы нарықтың трендтердің сақталуы кезінде көрсетілген нарықтардағы ахуалға байланысты шетел валютасын сатып алушы ретінде, сол сияқты сатушы ретінде қатысты.

2013 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жалпы халықаралық резервтері 24,7 млрд. АҚШ долларына дейін 12,6%-ға азайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтері жылдың басынан бастап  22,2%-ға ұлғайып, 2013 жылдың соңында 70,8 млрд. АҚШ долларын құрады. Қазақстан Республикасы халықаралық резервтерінің көлемі 2013 жылы 10,8%-ға ұлғайды және 2013 жылдың соңында 95,5 млрд. АҚШ долларын құрады.

 

2-тарау. Қазақстан Республикасының экономикасы дамуының 2014-2016 жылдарға арналған сценарийлік нұсқалары

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясатының негізгі бағыттарын әзірлеу шеңберінде экономиканың дамуының 2014-2016 жылдарға арналған екі сценарийлік нұсқасын қарады, олар Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған болжамын қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Үкіметімен келісілген болатын. Мұнайдың әлемдік бағасының орташа жылдық деңгейі сценарийлік нұсқаларға бөлудің негізгі өлшемі болып айқындалды.

Қазақстан Республикасы ақша-кредит саясатының негізгі көрсеткіштерінің болжамдары төлем балансының болжамдарымен келісілген, оларды әзірлеу кезінде мұнай өндіру мен экспорты бойынша Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің болжамдық деректері пайдаланылды, ал Теңіз кен орнын болашақта кеңейту жобасы бойынша түрлі дерек көздеріндегі ақпарат пайдаланылды.

2014 жылғы макроэкономикалық көрсеткіштерді болжау кезінде мұнай бағасының бір баррель үшін 95 АҚШ доллары болатындығын көздейтін дамудың басты сценарийі негізге алынды, бұл ретте сауда балансы сальдосының нашарлауына байланысты ағымдағы шот тапшылығы аздап кеңейеді деп болжанады.

2014 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының сыртқы активтерін өсірудің жоғары қарқыны жағдайында тікелей және басқа инвестицияялар бойынша таза қарыз алудың төмендеуі байқалады.

2014 жылы инфляция аясының ағымдағы деңгейде сақталуы күтіледі. Шикізат пен азық-түліктің әлемдік нарықтарындағы тұрақсыздық, баға белгілеу тетігінің тиімсіздігі, іскерлік белсенділіктің тұрақты өсуі, ішкі бәсекелестіктің жеткіліксіз даму деңгейі және тауарлар мен қызмет көрсетудің жекелеген нарықтарын монополизациялаудың жоғары дәрежесі, аймақтарда сауда инфрақұрылымының нашар дамуы сияқты факторлар инфляцияның негізгі тәуекелдері болып қала береді.

Бұл ретте монетарлық факторлардың Қазақстан Республикасындағы инфляциялық процестердің қалыптасуына ықпалы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тарапынан ақша ұсынысын барабар деңгейде қолдау жолымен шектелетін болады.

2014-2015 жылдары экономиканы қолдау үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан бөлінетін қаражат көлемінің ұлғаятындығын, сондай-ақ экономикада девальвациялық күтулердің болатындығын ескерсек, ақша ұсынысының серпінін бағалау айтарлықтай күрделі. Ақша агрегаттарын дамыту белгілі бір дәрежеде бөлінетін қаражатты игеру кестесі мен бағытына байланысты болады, бұл өтімділікті басқаруда тұрақты мониторингті және жедел шаралар қабылдауды қажет етеді.

2014 жылы Қазақстан Республикасының экономикасын дамытудың барлық сценарийлерін іске асыру кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің негізгі мақсаты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады, бұл жылдық инфляцияны 6,0-8,0% дәлізде ұстап тұруды болжамдайды.

Кейінгі жылдары инфляция бойынша мақсатты бағдар ішкі және әлемдік экономикалардағы қалыптасқан жағдайға байланысты қайта  қаралатын және айқындалатын болады. Инфляцияны  төмендету Қазақстан Республикасы Үкіметінің және  Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің  бірлескен күш-жігерімен бірте-бірте және кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын  болады. Бұл шаралар теңдестірілген сипатта болады. Инфляцияны қысқамерзімде күрт шектеу жөнінде қатаң шаралар қабылдау экономикаға теріс әсер етіп, оның  тұрақты және үдемелі өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.

Орта мерзімді болашақта инфляцияны төмендету ұзақмерзімді  болашақта Қазақстанда инфляциялық  таргеттеу  режиміне  өту  үшін қажетті  базаны құруға мүмкіндік береді. Өтпелі кезеңнің ұзақтығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және  Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің  тауарлар мен қызмет көрсетулердің бәсекелес нарығын дамыту, долларландыру деңгейін төмендету, елдің  қаржы секторын, оның ішінде қор нарығын дамыту,  банк секторының орнықтылығын арттыру, ақша-кредит саясатының жаңа трансмиссиялық тетігін  ендіру бойынша  шараларының  тиімділігі мен  табыстылығына байланысты  болады. 

Бірінші сценарий әлемдік экономиканың баяу, бірақ жүйелі түрде дамуын болжайды. Бұл сценарий шеңберінде 2015-2016 жылдары мұнайдың әлемдік  бағасы бір баррель үшін 90 АҚШ долларын құрайды.

Осы сценарийге сәйкес қызметтер балансының атарлықтай тапшылығы және шетелдік инвесторларға кірістерді төлеу сақталған кезде сауда балансының  оң сальдосының 2014 жылғы деңгеймен салыстырғанда төмендеуі күтіліп отыр. Нәтижесінде болжанатын кезеңде ағымдағы шот теріс болады.

Портфельдік инвестициялар бойынша, бұрын жасалған кредиттік шарттар бойынша инвестициялардың ауқымды көлемдері сақталған жағдайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының сыртқы активтерінің өсу қарқынының төмендеуі күтіледі.

Ақша ұсынысының серпіні ІЖӨ-нің номиналдық өсу қарқынына сәйкес келеді. Монеталандыру деңгейі бүкіл болжанып отырған кезең бойы ағымдағы деңгейде қала отырып,  тұрақты болады деп болжанып отыр.

Екінші сценарий орта мерзімді перспективада әлемдік тауар және қаржы нарықтарындағы ахуал нашарлаған жағдайда пессимистік болжамдарды көрсетеді. 2015-2016 жылдары осы сценарий кезінде мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшін 80 доллар деңгейінде болжанады.

Осы сценарий іске асырылған кезде Қазақстан экономикасының нақты өсу қарқынының  2015 жылы баяулауы, 2016 жылы экономиканың нақты өсу қарқынының кейбір жылдамдауы күтіледі.

 Осы сценарийдің шеңберінде іскерлік белсенділіктің төмендеуі, жиынтық сұраныстың азаюы, төлем балансы көрсеткіштерінің нашарлауы және ақша ұсынысының төмендеуі күтіледі.

Ағымдағы шоттың айтарлықтай нашарлауы республикалық бюджетке кепілдік берілген және мақсатты трансферттердің бекітілген көлемдері сақталған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсімдердің азаюына байланысты портфельдік инвестициялар бойынша таза кредиттеудің (әкетудің) төмендеуімен теңестірілетін болады.

Экономиканың ақша қаражатына сұранысының төмендеуі 2014 жылы  ақша ұсынысының өсу қарқынының баяулауымен, кейіннен кеңеюімен, бірақ  шектеулі қарқынмен қатар жүреді. Монеталандыру деңгейі аздап төмендейді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық сценарий ретінде қабылданған Қазақстан Республикасының экономикасы дамуының бірінші сценарийінің іске асырылуы анағұрлым ықтимал деп санайды. Осы болжамдарды ескере  отырып, 2014 жылға арналған ақша-кредит саясатының шаралары әзірленді.

 

3-тарау. 2014 жылға арналған ақша-кредит саясаты

2014 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі   негізгі мақсаты бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылатын ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастыратын болады.

Белгіленген мақсатты бағдарға қол жеткізу бойынша ақша-кредит саясатының тиімділігі қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралармен айқындалатын болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік тәуекелдерді анықтау және бағалау, сондай-ақ төрелік және алыпсатарлық операцияларды жүргізуге арналған мүмкіндіктерді төмендету мақсатында банк секторындағы ахуалды тұрақты негізде талдайтын болады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арасындағы балансты қамтамасыз етуге бағытталған айырбастау бағамы саясатын жүргізуді жалғастырады.

2014 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша-кредит саясатының жаңа трансмиссиялық тетігін одан әрі ендіру бойынша шараларды іске асыруды жалғастырады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша-кредит саясатын жүргізген кезде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ақша нарығында теңгелік өтімділіктің реттеуін жүзеге асыратын болады. Негізгі күш қолданылатын құралдардың тиімділігін арттыруға бағытталатын болады. Осы жұмыс шеңберінде пайыздық арнаны жетілдіру және валюта арнасының рөлін біртіндеп төмендету бойынша шаралар қабылданады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша-кредит саясатының жаңа трансмиссиялық тетігін іске асыру жөніндегі жұмысты бірнеше кезеңмен жүргізеді. Дайындық кезеңінде 2012-2013 жылдары ең төменгі резервтік талаптар тетігіне өзгерістер енгізілді, «Қазақстан қор биржасы» АҚ-та пилоттық режимде РЕПО операциялары іске қосылды.

2014 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша-кредит саясатының жаңа трансмиссиялық тетігін іске асырудың келесі кезеңін бастайды. Осы кезеңде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің пайыздық мөлшерлемелері дәлізін айқындау, бағалы қағаздарды кері сату талабымен сатып алу бойынша аукционды бастау, өтімділікті беру бойынша жаңа құралдарды (тұрақты тетіктер) ендіру, ең төменгі резервтік талаптар тетігін және бағам саясатын одан әрі жетілдіру бойынша шаралар қабылдау көзделеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің пайыздық саясаты

Инфляциялық таргеттеу режиміне кезең-кезеңімен көшу процесінің шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі негізгі (базалық) мөлшерлемені және оған байланыстырылған шекті мөлшері тұрақты тетік операциялары бойынша мөлшерлемелерге сәйкес келетін (төменгі шегі – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің депозиттері, жоғарғы шегі – тұрақты қол жетімді қарыздар) дәліз мөлшерлемелерін енгізу бойынша жұмыс жүргізеді.

Негізгі (базалық) мөлшерлеменің операциялық бағдары ретінде қысқамерзімді құралдар нарығында қалыптастырылатын пайыздық мөлшерлеме болады, бұл Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің инфляцияға қарсы саясатының ұтымды құралы болады (таргеттелетін мөлшерлеме).

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы мөлшерлемені таргеттеуді:

-  байланыстырылған операциялық дәліздің мөлшерлемелерімен қоса негізгі (базалық) мөлшерлемені белгілеу және жариялау;

- ашық нарықта операциялық дәліз мөлшерлемелерінің шегінде операциялар жүргізу арқылы жүзеге асырады.

 Осы операциялар бойынша пайыздық мөлшерлемелер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің операциялық пайыздық дәлізін қалыптастыратын болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ашық нарықтың операцияларын таргеттелетін мөлшерлеме берілетін өзгермелі операциялық дәліздің ішінде сақталатындай және негізгі (базалық) мөлшерлеменің өзгеруін көрсететіндей жүзеге асырады. Нарықтық мөлшерлемелер осы дәлізден жоғары/төмен қалыптасқан жағдайда,   Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өтімділікті беру/алу операцияларын жүргізеді.

Қысқамерзімді өтімділікті реттеу

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банк секторындағы қысқамерзімді өтімділікті реттеуді қолда бар тетіктер және жаңа құралдар арқылы жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақша нарығына қатысу үлесі теңгелік өтімділіктің жағдайына байланысты айқындалатын болады.

2014 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша нарығындағы теңгелік өтімділіктің өткір тапшылығы жағдайында «Қазақстан Қор Биржасы» АҚ-та РЕПО операцияларын жүргізуді жалғастырады.

Негізгі мақсаты банк жүйесіне қысқамерзімді өтімділікті беру болып табылатын бағалы қағаздарды кері сату талабымен сатып алу бойынша аукциондар (кредиттік аукциондар) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі таргеттелетін мөлшерлемеге әсер ететін негізгі операциялар болып табылады.

Қазіргі кезде осы операцияларды жүргізу үшін қажетті база (нормативтік-құқықтық және техникалық) әзірленді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі кредиттік аукционды ендіруді пайыздық саясаттың негізгі өлшемдерін айқындағаннан кейін жүзеге асырады. Осыған орай, осы операциялар бойынша мөлшерлемелер, оларды жүргізудің мерзімдері мен кезеңділігі туралы шешім қабылданады.

Егер бағалы қағаздарды кері сату талабымен сатып алу бойынша аукциондар жүргізу өтімділікті берудің тиімді тетігі болса, онда оларды өткізу жүйелігі мен жиілігі арта түсуі, мерзімдер диапазоны кеңеюі мүмкін және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі автоматты РЕПО секторында операцияларды одан әрі жүргізуден біртіндеп бас тартуы мүмкін.

Банк секторына теңгемен қолдау көрсету валюталық-пайыздық своп операциялары арқылы да жүзеге асырылатын болады. 

Жекелеген банктердің өтімділікке байланысты құрылымдық проблемалары қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жүйелік тәуекелдерді төмендетудің құралдары болып табылатын тұрақты тетіктерді (банктердің сұру салулары бойынша жүзеге асырылатын операциялар) қолдану жолымен шешілетін болады. Тұрақты тетік операциялары кеңейтілген кепілдік қамтамасыз етуі бар айыппұл мөлшерлемелері бойынша жүргізілетін болады, онда оларға деген өтініштер саны бойынша шектеулер көзделеді (шектеулі уақыт кезеңінде 3 реттен көп емес).

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі теңгелік өтімділікті беру операцияларын жүргізген кезде кепілдік қамтамасыз етуді кеңейту мүмкіндігін зерделейді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алдындағы банктер міндеттемелерінің жиынтық көлеміне шектеуді енгізудің мүмкіндігі мен орындылығы зерделенеді. Осы шектеу Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне рұқсат етілетін кепілдер тізбесін, оны ақша-кредит саясатының басымдықтарына қарай кеңейтіп немесе тарылтып икемдеуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағамдық саясаты

2013 жылғы екінші және үшінші тоқсандарда төлем балансы жай-күйінің күрт және айтарлықтай нашарлауы теңгенің айырбас бағамына біршама девальвациялық қысым жасады.

2013 жылдың қорытындылары бойынша ағымдағы операциялар шотының тапшылығы 117,8 млн. АҚШ долларын немесе ІЖӨ-нің (-)0,1%-н құрады. Тауарлар экспорты 2013 жылы тауарлар импортының 49,7 млрд. АҚШ долларына дейін өсуі аясында 83,4 млрд. АҚШ долларына дейін қысқарды. Нәтижесінде сауда балансының профициті 33,7 млрд. АҚШ долларына дейін қысқарды.

Төлем балансының нашарлауы және девальвациялық күтулердің күшеюі аясында экономиканы долларландыру өсе бастады. 2013 жылы шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 29,8%-дан 37,4%-ға дейін өсті.

Теңгенің айырбастау бағамына Ұлттық Банк тарапынан жасалған едәуір басымдықпен қолдау көрсетілді. 2013 жылы Ұлттық Банктің алтынвалюта активтерінің көлемі 24,7 млрд. АҚШ долларына дейін 12,6%-ға азайды. Бұл ретте 2013 жылғы маусым-шілдеде ҚҰБ-ның АВР 10,2%-ға төмендеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2014 жылғы 11 ақпанда теңгенің айырбастау бағамын бұрынғы деңгейде ұстап тұрудан бас тарту туралы шешім қабылдады.

Теңге бағамы ауытқуының дәлізі бір АҚШ доллары үшін 185 теңге плюс/минус 3 теңге деңгейінде белгіленді және айырбастау бағамының күрт өзгеруін және қысқамерзімді құбылмалығын басу жөніндегі саясат жалғастырылды. Теңгенің айырбастау бағамының ұзақмерзімді тренді ішкі және сыртқы негізін қалаушы макроэкономикалық факторлардың негізінде айқындалатын болады. Айырбастау бағамы әлсіреу жағына сияқты нығаю жағына да өзгеруі мүмкін, ол әлемдік экономикадағы жағдайға байланысты айқындалатын болады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2014 жылы ішкі валюта нарығында операцияларды жүргізу тетігін өзгерту мәселесін зерделейтін болады.

Ең төменгі резервтік талаптар тетігін одан әрі жетілдіру

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2014 жылы ең төменгі резервтік талаптар тетігін қолдану мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені зерделеуді, сондай-ақ оны жетілдіру бойынша іс-шаралар қабылдауды жалғастырады.

Басқа елдердің орталық банктерінің тәжірибесі көптеген елдерде қолма-қол ақша кассасы резервтік активтерге кірмейтінін не оның көлемі ең төменгі резервтік талаптарды орындаған кезде шектелетінін көрсетеді.

Қазақстанда ең төменгі резервтік талаптарды орындаған кезде кассаны пайдалануды шектеу немесе қоспау, жалпы алғанда, ақша-кредит саясатының жаңа трансмиссиялық тетігінің тиімділігін арттыруға ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банктер ең төменгі резервтік талаптарды орындаған кезде теңгемен қолма-қол ақша кассасын пайдалануды шектеу мүмкіндігін қарастыруда.


  
Жоғарыға
  
Яндекс.Метрика
Егер Сіз қатені байқап қалсаңыз - оны белгілеп, "Ctrl + Enter" басыңыз
© Қазақстан Ұлттық Банкі, 2016